Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АДАМДАР НЕГЕ ӨТІРІК АЙТАДЫ? МАМАНДАР ПІКІРІ

АДАМДАР НЕГЕ ӨТІРІК АЙТАДЫ? МАМАНДАР ПІКІРІ

Патологиялық суайттардың шындықты айтқысы келмейтін алты себебі бар екен. Психологтар өтірікші адамдар туралы не дейді? Былай қарасақ, адамдар әрқашан шынын айтуға тырысады. Кейбіреулер басқаларға қарағанда көбірек өтірік айтады.Бірақ үнемі өтірік айтатындар бар. Патологиялық суайт клиникалық диагноз емес, дегенмен психопатия мен маниакалды эпизод болуы мүмкін.
Суайттардың басым көпшілігі – өзгеше ойлайтын немесе өзі тап болған жағдайға байланысты өтірік айтатын психикасы сау адамдар, - деп түсіндіреді психиатр, клиникалық психология докторы Дэвид Лэй. Бірақ адамның өтірік айтуына не себеп, не басына күн туды? 
1. ӨТІРІК АЙТУДЫҢ ҮЛКЕН МӘНІ БАР ДЕП ОЙЛАЙДЫ Тіпті ұсақ-түйекке бола өтірік айтудың не қажеті бар? Шын мәнінде, ұсақ-түйек нәрсе өтірікшілерге өте маңызды. Олардың дүниеге деген түсінігі мен құндылықтар жүйесі басқаша болады. Көпшілікке маңызы жоқ нәрсенің оларға мәні зор.  
2. ШЫНЫН АЙТСА, ТІЗГІНІМНЕН АЙЫРЫЛАМЫН ДЕП ОЙЛАЙДЫ Өтірік айтуға құмар адам басқаларға ықпал ету үшін өтірік айтады. Айтқан өтірігі шындықтан гөрі сенімдірек көрінеді және жағдайды толық бақылауға мүмкіндік береді деп ойлайды.
3. БІЗДІҢ КӨҢІЛІМІЗДІ ҚАЛДЫРҒЫСЫ КЕЛМЕЙДІ Айналасындағы адамдардың көңілінен шықпай қаламын ба деп сескенеді. Суайттар өзін бағалап, ұнатып, өзіне тәнті болғанын қалайды. Шындық көбінесе ащы келеді, шындықты білсе, достары одан теріс айналып, туған-туысы көңілі қалып, ал бастығы үлкен жобаны сеніп тапсырмайды деп жасқанады.
4. БІР ӨТІРІК АЙТҚАННАН КЕЙІН, ӨЗІН ТЕЖЕЙ АЛМАЙДЫ Өтірік – шырмауық тәрізді, біріне-бірі оратылып кете береді. Неғұрлым өтірікті көп айтқан сайын, шынын айту соғұрлым қиын. Сөйтіп оның өмірі картадан құрастырған үйшік сияқты – бір картасын суырып алсаң, көз алдыңда бәрі құлайды. Сол себепті суайт адам өткенде айтқан өтірігін бекіту үшін, үсті-үстіне жалған айтуға мәжбүр. Суайттар бір кездегі өтірігін мойындаса, бұрынғы айтқандары да өтірік болып шығатынын жақсы біледі. Сөйтіп масқара болмау үшін, қажет емес жерде де алдап-сулап, қисыннан келтіруін тоқтатпайды.
5. КЕЙДЕ ӨТІРІК АЙТЫП ТҰРҒАНЫН ӨЗІ ДЕ БАЙҚАМАЙДЫ Қатты күйзеліске түскен адам ұсақ-түйекті ойламайды, өйткені, ең алдымен өзін құтқаруды, тығырыққа тірелгенде өзін жақсы етіп көрсетудің амалын іздейді. Сүттен ақ, судан таза болуға бар жанын саламын деп, не айтып, не қойғанына есеп бермейді. Солайша өзі айтқан өтірік сөздеріне өзі де имандай сенеді. Іс жүзінде болмаған нәрсеге сенеді, өткені солай істеген оған – ыңғайлы. Ал қауіп-қатер  басылып, тынышталған соң, күйзеліс күйінде не айтқанын есіне де алмайды.
6. ӨТІРІКТЕРІНІҢ ШЫН БОЛҒАНЫН ҚАЛАЙДЫ  Кейде өтірікшілер өз қалағанын шындыққа балайды. Сәл де болса өтірік кейіпке кірсе, кейін арманыма қол жеткізем деп қиялдайды. Адамдарды алдап-арбап, жалған сөзіне сендіріп, өз қиялындағы гүлденген бизнесі, шетелдегі жылжымайтын мүлкі, бай-бақуатты туған-туысы, миллионер әкесі туралы көпіріп айта берсе, расында да байып кетемін деп, өз өтірігіне өзі сене бастайды.  
Өтірікшімен қарай араласу керек? Өтірік айтудың себебі қандай болса да, өтірікші адам әрдайым өзін ыңғайсыз сезінеді. Және бұл жерде басқа адамдардың оған деген көзқарасы өте маңызды. Егер өтірікшіге: «Ойдан шығарғаныңды тоқтат!», «Тағы да мені алдап тұрсың!» немесе «Сенің суайт екеніңді бәрі біледі!» десе, өтірікші адам өзін жанұшыра қорғауға көшеді.
Олар, ең бастысы, басқалардың көз алдында суайт болып көрінуден қатты қорқады. Және өзіне сенуге болатынын дәлелдеу үшін барын салып, одан зорғысын айтып, өтірікті судай сапрырады. Суайт адаммен араласқанда шындықты білгіңіз келсе, шабуыл жасамаңыз, ұялтпаңыз, бетіне баспаңыз – айыптаудан аулақ болыңыз.
Алдымен оның неліктен өтірікке барып тұрғанын анықтауға тырысыңыз. «Бұл жағдай сені неге алаңдатады?»  немесе «Бұған менің сенгенімді неге қалайсың?», «Неге бұл жағдайға осы тұрғыдан қарағанымды қалайсың?» - деп сұраңыз. 
Осылай шиеленісті азайтып, қарым-қатынасты шынайы ете аласыз. Эмпатия — өтірікке құмар адамға шындықтың соншалықты қорқынышты нәрсе емес екенін және егер ол басқаларды алдап жүргені анықталса, ақырзаман орнамайтынын, дүние күйреп кетпейтінін, ештеңе опырылып қалмайтынын көрсетудің ең жақсы тәсілі.
ktk.kz
30 наурыз 2023 ж. 536 0