Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бала неге өтірік айтады?

Бала неге өтірік айтады?

Кейде кішкентайларымыз сүйкімді күлкісімен үлкендердің өзін алдап тұратыны анық. Тіпті сізді сөзбен де алдап жіберуі мүмкін. Ал ендігі кезекте 3-4 жастағы балалардың өтірік айтуы дұрыс емес екендігін білеміз. Әлі жақсы мен жаманның аражігін айыра алмайтын бала өтірік айтуды әдетке айналдырып алуы да мүмкін. Бүгінгі мақаламызға бүлдіршіндердің балалық әрекеті арқау болып отыр. Ендеше бала неге жалған сөйлейді немесе оны кімнен үйренеді деген сауалдың жауабын іздеп көрелік.
Үйдің үлкендері әрдайым балаға өтірік айтудың жаман екендігін айтып отырары сөзсіз. Сонымен бірге балабақшада да бүлдіршін бойына тек жақсы қасиеттерді сіңіруге жұмыс істейді. Ал баланы өтірік айтуға үйрететін өзіміз екендігін өзіміз де аңғара бермейміз. Күйбең тіршіліктің қамымен жүрген кей ата-ана баласының тәрбиесіне аса назар аудара бермейтіні анық. Тек кешкі уақытта шаңырақ басында отбасы мүшелерінің басы қосылған кезде бала тыныш болсын деп, ұялы телефон беріп қоятынымыз жасырын емес. Сонда баланың бір күні қалай өтіп, не істегенін сұрауды назардан тыс калдырып жатамыз. Тіпті кейде бұзықтық жасаған болса, жазалап жіберуіміз де мүмкін. Осы тұста бала психологиясына зер салдық па?!
Үйдегі қандай да бір дүниені бала сындырып алды делік. Ата-анасы мұны кім істегендігін сұраса, бала «мен емес» деп жауап қатады. Әрине, осы кезде бала ата-анасынан қорыққаннан өтірік айтады. Егер мойындар болса оны алда үлкен жаза күтерін сезіп тұр. Егер баланы ұрып-соқпай «мұның дұрыс емес» немесе «мұндай нәрсені тек бұзық балалар істейді, сен бұзық бала емессің» деп, жай ғана түсіндірер болса, бала бұзықтықтың да, жалған сөйлеудің де алдын алар еді.
Бірде бір отбасы киноға бара жатады. Әкесі 4-5 жастағы баласының қолғабының сыңарын таба алмағаны үшін жазалайды. Дегенмен ол қолғапты бүлдіршін шын мәнінде алмаған еді. Әкесіне жылап түсіндірсе де, сенбей қояды. Ақыры жазаланған бала киноға бармай, үйде әжесінің жанында қалады. Біршама уақыттан соң кинодан үйге оралған әкесі баласының қолғабын тауып алады. Бірақ баласының алдына барып кешірім сұраудан бас тартады. Осы кезде бала ойында «шындықты айтсам да, өтірік айтсам да мені жазалайды» деген ой қалады. Мұндай қате ойды ұғынған бала келесі жолы өтірік айтуға мәжбүр болады.
Психологтардың айтуынша, бала өздерін алдағанды тез ұғына алады екен. Сонымен бірге баланың өтірік айтуына оның жазадан қорқуы, өтірік айту арқылы өзіне керек нәрсені алу, жалған сөйлеу арқылы өзіне ортаны назар аударту, өз өмірін қорғау мен өзін өзгелерден үстем етіп көрсету себеп болады екен. Бұл қасиеттер бала бойындағы мінез-құлқымен қалыптасып кетеді. Сол үшін отбасында баланы алдап-арбау немесе берген уәдені орындамау деген сынды дүниелер орын алмағаны абзал. Сонымен бірге мамандардың пайымдауынша, баланың өтірік айтуын байқаған ата-ана оған бас салып жанжал шығарудың керегі жоқ. Керісінше, онымен дауыс көтермей, оңаша сөйлесіп, сондай-ақ жалған сөйлеудің жаман қасиет екендігін түсіндірген жөн.
Қоршаған ортаны енді танып, психологиясы әлі дамып үлгермеген баланы, осындай ұсақ дүниелер арқылы теріс қасиеттерге үйрететінімізді есте сақтайық. Сол үшін балаға өтірік айтудың соңы өзіне зиянын тигізетінін түсіндіре білуіміз қажет. Бала тәрбиесіне бей-жай қарамай, оның әр айтқан сөздеріне аса мән беріп, қойған сауалына шындықпен жауап бергеніміз дұрыс.
А.НҰРЛАНОВА
05 ақпан 2023 ж. 423 0