Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Болашақ еліміздің тұтқасын кімдер ұстамақ?

Болашақ еліміздің тұтқасын кімдер ұстамақ?

Ертеде халқымыз бала тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қарап, оның болашағын ойлаған. Қазақтың түрлі салт-дәстүрлерін бала бойына дарытып, ұрпақ тарихын жетік меңгертуінен де тыс қалдырмаған. Сонымен бірге балаға жеті атасын білуін қадағалап, ырым-тыйымдарымызды үлгі ете білген. Ал қазір ше? Бүгінгі бала тәрбиесіне келгенде жауапкершілікті сезініп жүрміз бе? Еліміздің ертеңін кімдерге сеніп тапсыра аламыз?
Мектеп қабырғасына енді аяқ басқалы отырған баласын шектен тыс еркелетіп, қалаған дүниесіне оп-оңай қол жеткізуге үйретіп жүргеніміз жасырын емес. Негізі балаға кішкентайынан қаражаттың қандай еңбекпен келетінін де үйреткеніміз жөн. Бала оның қандай маңдай термен келгенін ұғына білгені дұрыс. Сонымен бірге қазір бастауыш сынып оқушыларының қолында брендтегі ұялы телефондар жүретінін көріп жүрміз. Бүгінгі балаларға көрсетілген жаға ұстатарлық түрлі зорлық-зомбылық оқиғалары туралы, тіпті оның із-түссіз жоғалып кетіп жатқандарын көгілдір экраннан көріп жүрміз. Осы кезде баланың қалтасында ұялы телефон жүргені дұрыс-ақ. Дегенмен бала оның ішінен түрлі атыс-шабыс ойындарын ойнау арқылы психологиясы бұзылмасына кім кепіл?!
Осы тұста Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» атты туындысы ойға еріксіз оралады. Атаулы шығармада Найман-ана туралы әңгіме өрбиді. Бір сөзбен айтқанда, туындыда ана мен бала тағдыры баяндалады. Шығарма барысында Жуандар жас сарбазды жорықта жүрген сәтінде қолға түсіріп, оның шашын түк қалдырмай тықырлатып алып тастайды. Мұнан кейін жас сарбаздың басына түйенің терісін кигізіп қояды. Суы кеуіп, күн қақтағанда әлгінің жаны қысылып, жан дауысы шығады. Яғни, басына кигізген тері өскен шашты кері қайтарып, миына жібереді екен. Сол кезде барып адам мәңгүрт болады. Ал анасы баласын елге қайта алып келу үшін айтқан әңгімесін ұлы естімейді екен. Еркелеткен ана сөзіне баласы тіпті сыр білдірмейді. Соңында баланың сол мәңгүрттігі өз анасын өлтіруге жеткізеді. Яғни, оның санасы жануардікіне айналады. Ойлана алмайды, бірақ орындайды екен.
Міне, бүгінгі балаладарды мәңгүрт ету аталған шығармадағы оқиғадай қиынға соқпайды. Қалта телефонның құлына айналған балалар өздерін мәңгүрт етуде. Сол үшін баланың жат қылықтарға тәнті болып, рухани қуатының азаюы да осында жатыр. Біз мұны білеміз және көріп те жүрміз. Алайда «қазіргі заманның талабы» деп өз-өзімізді өтірік жұбатамыз. Ондағы түрлі ойындардың құрбаны болып жүрген мектеп оқушысы не бүлдірсе де, мұғалімді кінәлі етіп шығарамыз. Ал асқақ арманмен мектеп ұясынан ұшқан жас түлектердің той-тойлап, көше кезулеріне де мұғалімді жауапты етіп қоятынымыз тағы бар. Түнімен жорықта жүретін оқушы мен ерте жүктілікке тап болған оқушы қыздың жағдайына мұғалімді жауапты етеміз. Әрине, мектеп қабырғасында оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында түрлі семинар-тренингтер мен түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Дегенмен әр ата-ана өз баласына жауап бере білуі тиіс. Оны тәрбиелейтін де, болашақ тұлға етіп қалыптастыратын да өз ата-анасы екендігін ұмытпағанымыз жөн. Ал ұстаз баланың білім алып, ел болашағын ойлайтын азамат етіп шығаруға тер төгеді.
«Тәрбие тал бесіктен» демекші, балаға тәрбиені ең алдымен шаңырақ басында беру қажет. Оны асыра еркелетіп, бар айтқанын орындап отырғанымыз дұрыс емес. Иә, баланың қатарластарынан қалмай, бірге жүргенін әр ата-ана қалайды. Бірақ ертеңгі болашақ білімді жастардікі екендігін есте сақтап, баланы арзан дүниенің орнына, асыл қазыналарымызға баулығанымыз жөн. Ал қажетті дүниелері еткен еңбегі мен жасаған жақсылықтары арқылы-ақ келетіндігін үлгі етейік. Ертеде балаларды бұзықтықтан тыю үшін «тәйт» дейтін. Ендеше бүгінгі балаларды да «тәйт» деп тыйып, шамадан тыс еркелеуіне жол бермегеніміз абзал.
А.НҰРЛАНОВА
31 қаңтар 2023 ж. 257 0