Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қай заманда жүрміз?

Қай заманда жүрміз?

Бүгінде кез келген әлеуметтік желі бетін аша қалсақ, беті-аузын бояп, шаштарын өсіріп алған бойжеткендерді жиі көреміз. Ал сол бойжеткеннің жеке парақшасына кіре қалсақ, қателескенімізді тағы түсінетініміз бар. Яғни, жаңадан бері бойжеткен деп отырған адамымыз ер жігіт болып шыққанына таңырқай қаламыз. Иә, қазіргі қоғамда ер мен әйел адамды ажырата алмайтын болып кеткеніміз жасырын емес.
Қыз баладан артық болмаса, кем түспейтін ер жігіттер психологиясында бір кемшілік болатыны белгілі. Мұндай адамда көбіне бала кездегі қандай да бір оқиға баланың болашағының осындай боларына әсер етеді немесе шетелге еліктеуден пайда болады. Қазір смартфон барлық дерлік адамның қолында бар. Адам ол құрылғыдан нені іздесе де, оп-оңай тауып ала алады. Ал осындай қыздарымыз ер бала ұқсап, ал жігіттеріміз қызға ұқсап сызылып жүрген заманда келешек ұрпақ қандай тәрбие алар дейсіз?! Кішкентай көгілдір жәшік ішінен түрлі адамдардың бейнесін көрген бала, оны жақсы жағынан қабылдап сол бейнеге еліктейтіні анық. Олардың сәнденіп, қыз балаша киінгендеріне қызығып, дұрыс нәрсе екен деген ойға келеді.
Қазір тик-ток қосымшасы арқылы танылып, табыс тауып жүрген жандар жетерлік. Тіпті ол қосымшада жас шамасына қарамай кез келген адам отыра береді. Міне, осы атаулы қосымша ішіне кіре қалсаңыз, беттерін тонналап бояп алған қыз балаша жүретін еркектерді көзіміз шалады. Тіпті олардың кейбірі пышақ астына түсуге дейін барып, жынысын ауыстырып жатады. Иә, қазір дамыған заман. Адамзат баласы қалаған дүниесін қолдан да жасап жатқанын көріп жүрміз. Дегенмен заман дамыды екен деп, мұндай азғындық жолына түсудің керегі жоқ секілді. Өз жаратылысына қарсы шығып, азғындыққа жол беріп жатқан жандар саны уақыт санап артып келеді. Осындай теріс жолда жүрген адамдар бүгінгі жасөспірімдерге түзу жолды көрсетіп жүр деу толықтай қате. Психологиясы толықтай дамып үлгермеген бүгінгі жасөспірім ертеңгі күні қыз бала еркекке, ер балалар қызға айналамын демесіне кім кепіл?! Қазақ халқы тектілік пен қан тазалығына аса мән берген ұлт. Сондай-ақ ұлтымыз баланың келешегіне жауапкершілікпен қарап, түзу жол көрсету арқылы тәрбие берген. Ал бүгінгі қоғам ертедегі тәрбиеге қарап тұр ма? Әрине жоқ. Қазір кім қалай жүріп-тұрғысы келсе, өзі біледі деген қағидамен жүретін болғанбыз. Әркім өз өмірін өзі сүруші, әрине. Дегенмен, бала тәрбиесіне немқұрайлы қарамағынымыз жөн.
Мұндай дүниелер бойынша Таиланд мемлекеті әлемде көш бастап тұр екен. Өз жаратылысын ұнатпайтын адамдар бұл елге көптеп келеді. Себебі Таиланд елінде ота жасау өзге мемлекеттерге қарағанда әлдеқайда арзан болып табылады. Мұнда шамамен жылына 500-ге жуық адам пышақ астына түсіп жатады. Сонымен бірге алғаш рет мұндай ота 1931 жылы Эйнару Вегенер есімді даниялық суретшіге жасалған екен. Ол жігіттің әйел кейпіндегі есімі Лили Эльба болған. Ол уақыттары бұл операция эксперимент есебінде жүргізілген. Суретшіге ота 4 рет жасалған. Дәл сол жылы маусым айында оған соңғы ота жасалып, Вегенер 3 айдан соң көз жұмады.
Осы тұста асыл дініміз не деріне көз тастағанымыз жөн болар.Шариғатта ер кісінің әйелге, әйелдің ер кісіге ұқсауына қатаң тыйым салынған. Абдулла ибн Аббас (р.а.): «Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әйелге ұқсағысы келген еркектерге және еркектерге ұқсағысы келген әйелдерге лағынет айтты», – деген.
Әр ата-ана өз баласының жақсы тәрбие алып, түзу жолмен жүргенін қалайды. Бірақ азаннан кешке дейін бала қолындағы ұялы телефоннан нені қарап жүргенін қадағалауды да естен шығармағаныңыз дұрыс. Бүгінде тек қызға айналып жатқан ер балалар ғана емес, бойжеткендеріміз де ер балаша жүретін болған. Бір сөзбен айтқанда, қандай да бір тұлғаның қыз не ер бала екендігін ажырата алмайтын болғанбыз. Сол үшін «тәрбие тал бесіктен» демекші, бала тәрбиесіне келгенде жауапкершілік танытып, жіті қадағалауда ұстағанымыз абзал.
А. НҰРЛАНОВА

Фото: ernur.kz
14 қаңтар 2023 ж. 237 0