Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Астарлап сөйлеу дегенді қалай түсінесіз?

Астарлап сөйлеу дегенді қалай түсінесіз?

Қазақ халқының сөйлеу мәнерінің де өзіндік ерекшелігі бар екендігі анық. Ертеден бала тәрбиесінде оның анық, әрі таза сөйлеуін қадағалаған. Сонымен бірге ерте кезден ата-апаларымыз жыр-дастандарды жетік меңгеріп, әр сөзді астарлап келтіретін болған. Иә, ана тіліміздің сөздік қоры өте бай екендігіне ешкім күмән келтірмес.
Астарлап сөйлеу де халқымыздың сөйлеу мәнері болып табылады. Ол ой жасыру емес, арнайы түсінетін кісілерге айтқалы тұрған сөзді тұспалдап жеткізу. Яғни қандай да бір дүниені немесе ойды адамның түсінігіне сай ыңғайлап, мәдениеттілік таныту арқылы айту. "Барып едім, жоқ екен, айтып едім, келем деді, Келмегені келгені ғой, келмесе егер келер еді". Бұл жұмбақ емес. Мұны айтқан жеті-сегіз жасар жеткіншек екен. Сөздің мәнін ашып түсіндірер болсақ, болған оқиға желісіне көшелік. Тойға келген жігіт өзінің ұнататын қызын шақыру үшін қызға әлгі жеткіншекті жұмсайды. Бала қыз үйіне барса, оның анасы жоқ екен. Анасының келісімінсіз ешқайда бармайтын бойжеткен: "Анам келеді, рұқсат берсе, барамын, ал бермесе бармаймын" – деп сәлемдеме айтып жібереді. Бала тойға оралса, басталып кеткен екен. Әлгі жігітті іздесе, бір топ баланың арасында тұр екен. Сонымен қыздың келе алмайтындығын қасындағы жолдастары түсінбес үшін әлгі жоғарыда айтқан астарлы сөзді айтқан. Ал бұл сөзді сол жерде тек жігіт ғана ұғынған. Міне, қазақтың сөз байлығы мен оны жеткізу жолының өзі бір өнер екендігі көрініп-ақ тұр емес пе?!
Осы тұста тағы бір мысал келтірсек дейміз. Бірде сабан айдап жүрген ер жігіттің қасынан екі аттылы – біреуі жас қыз, екіншісі мосқал тартқан адам өтіп барады екен. Оларға көзі түскен әлгі жігіт: "Пай-пай, мына қыздың астындағы жорғасын-ай, қасына кеткен жолдасын-ай!" – деп таңданыс білдіреді. Жорғалы қыз сәл кідіріп: "жігіт-ау, әй, жігіт! Аңдысын-ау, аңдысын, аңдап сөйле сонғысын, бұл жігіттің шешесі менің шешемнің қайын енесі, сонда мен бұл жігіттің несі?" – деп жауап береді. Мұны естіген жігіт ұялғаннан жерге кіріп кете жаздайды. "Аңдамай сөйлеген – ауырмай өледі" деген мақал осындай тәжірибеден алынған болса керек-ті.
Бүгінгі қоғамда астарлап сөйлеу мәнері бар ма? Әлде жастар тілі деген ұғым дамып келе жатқандай ма? Өкінішке орай, бүгінгі кей жастар астарлап сөйлеу түгілі, ана тілінде толық сөйлей алмай жатады. Тіпті сөз арасына орысша сөйлеп тұрады. Мұны құлақ та, көз де шалып жүргені жасырын емес. Түрлі әлеуметтік желіде тараған қысқарған сөздерді айтып әлек. Сондай-ақ қоғамдық орындарда да ойына келген сөзді айтып, дөрекі қылық танытатындары тағы бар. Қазақтың белгілі шығармалары жөнінде сұрасаң, «қай әлемнен келдің» дегендей өзіңе таңырқай қарайды. Сөз – қару, сөз – демеу, сөз – бағыт-бағдар, сөз – іс-қимыл болған заманда өмір сүру өте күрделі һәм қиын. Төл тіліміз өз еркіндігін алып, өз тізгінін қолына алды дегенмен, әлі де зәруліктер жеткілікті секілді. Сол үшін тіліміз бен мәдениетімізді жетік меңгерген бүгінгі бозбала астарлап сөйлеу мәдениетінің де мәнін ұғар еді.
Әрине, мұның барлығы сайып келгенде, баланың тәрбиесіне жауапкершілікпен қараудан басталатыны анық дүние. Әр отбасында үлкендеріміз бала ес біле бастаған тұста ана тілімізді үйретіп, шығармаларымыздан хабардар етіп отырса, тілімізде ешқандай қиындық болмас еді. Сол үшін келешек бүгінгі жас жеткіншек қолында екендігін ескеріп, еліміздің болашағын ойлағанымыз дұрыс болар еді. Себебі ел болашағы осы ана тілімізге де байланысты екендігін қалыс қалдырмағанымыз жөн.
А.НҰРЛАНОВА
13 желтоқсан 2022 ж. 1 224 0