Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Баланың тілі неге кеш шығады?

Баланың тілі неге кеш шығады?

Өмірге келген нәресте әр қылығымен тәтті. Баланың енді ғана тілі шығып былдырлап сөйлей бастауы да ең керемет кезеңнің бірі. Содан да болар, халқымыз «Бала тілі бал» деген. Оған түрлі сөздер үйретіп, қайталатып соны қызықтап жүретініміз жасырын емес. Алайда соңғы кездері баланың тілі кеш шығуы жиілеп барады. Бұған денсаулық сақтау саласының мамандары да алаңдаушылық білдіріп отыр. Әлбетте, баланың сөйлеу қабілетіне кері әсер етіп, оны бұзатын себептер көп. Бала құрсақта жатқанда анасының жиі ауруы, ұзақ уақыт емізік емген бала таңдайының дұрыс қалыптаспауы, қорқып секем алудан тұтығу пайда болуы секілді себептер тізіледі.
Кезінде саяхатшы А.Янушкевич «Қазақтың 3-4 жасар баласының тілі жатық, ал 5-6 жастағы балалар шешен әрі тауып сөйлейді, ойын ұтымды жеткізе біледі» деген екен. Тарихқа зер салатын болсақ, жастарға үлкен сенім артқан Мағжан Жұмабаев атамыздың тілі ерте шығып, төрт жасында хат таныған. Баланың тілі ерте шығу үшін ата-бабамыз түрлі ырымдар да жасаған. Ал қазір 3-4 жасар балғындардың көпшілігінің тілі анық емес. Мұны күнделікті ортада да аңғарып жүрміз. Мәселен, қала тұрғыны Ақмарал Төребай өзінің 4 жастағы немересінің әлі күнге дейін кейбір сөздерді айта алмайтындығына және тілінің анық емес екендігіне алаңдайды.
– Тұңғыш немерем Дияс әлі күнге дейін анық сөйлей алмайды. Бастапқыда мән берген жоқпыз. Еркеліктен болар дедік. Қазақпыз ғой түрлі себептер ойлап туып, әр нәрсені сылтау етіп жүрдік. Бірақ өзінен кейінгі өмірге келген балалар екі жасынан бастап анық сөйлеп тұрғанда кәдімгідей алаңдай бастадым. Қазір мамандар жұмыс жасап жатыр, –  дейді ол.
Жасыратыны жоқ, бүгінгі балалардың көпшілігі көзін ашар-ашпастан интернет деген әлемге енеді. Бала өмірге келген сәттен бастап әрбір іс әрекетін қызыға қарап отырамыз. Олар теледидардан жарнама көрсетілген кезде көз алмай тыныш отыра кетеді. Мұндағы тез жылжитын кадр, түрлі-түсті көріністер баланың назарын аудармай қоймайды. Соған мәз болып, теледидар алдына таңып қоямыз. Мұның бәрі оның болашақ сөйлеу тілінің дамуына кері әсерін тигізерін біле бермейміз. Аудандық түзету кәбинетінің логапед маманы баланың көзін қызықтыратын дүниелерге шектеу қою керек екендігін ескертеді.
– Бала әлі сөйлемейді деп келетін ата-аналар қаншама? Негізінде бала 1 жаста 10 сөзден артық сөз айтуы керек. Бірақ өкінішке орай қазіргі балалар дамуы жағынан кешеуілдеп келеді. Оған себеп  жеткілікті. Ең алдымен әйел адам жүкті кезінде қаны аздық ауруымен ауырса, бала туу барысында кіндікке оратылып қалса, сондай-ақ бір жасқа дейін тұмау сынды инфекциялы аурумен ауратын болса, сөйлеуі кешеуілдеуі бек мүмкін. Бала психикасының дамуында сөйлеу тілінің орны ерекше, ол зейін, ойлау, еске сақтау сияқты психикалық процестермен етене байланысты. Егер сөйлеу тілінің кешеуілдеуі байқалса, баланың ақыл ойының дамуы жасына сай болмайды. Сондықтан, баланың дамуына барлық психикалық үрдістердің жасына сай дамуы бала тілінің шығуына өте маңызды, – дейді Нұргүл Еңсепова.
Қазіргі балалардың тілі неге кеш шығады деп ойланып көрдіңіз бе? Біздің бүлдіршіндер бөтелкелі, емізікті өмір салтын ұзақ ұстанғандықтан кеш сөйлейтін болды. Аузында екі тісі пайда болғаннан сәби қою, құнарлы тағамды қосымша жеуі керек. Қазір көп ата-ана баласының тағамын блендерден өткізіп бергенді ұнатады да, балалар 3-5 жасқа дейін ұсақталған, үгітілген ас ішеді. «Бұрын балалардың тілі ерте шығушы еді» деп айтып жатады. Бұл сөздің жаны бар. Өйткені ол кезде құрт жеді, сүйек мүжіді. Қазіргі балаларымыз жеп жүрген тамақтардың дені жұмсақ. Қатты тамақты тістеп, мүжіп жемеген соң тістің түбі мен қызылеті бекімейді. Оның үстіне кей ата-ана тамақты шайнап беретіні бар. Ауыз қуысы, бетінің бұлшық еті қозғалып, артикуляция болуы керек. Және осындай проблема бар отбасыларға логопед маман үйде тек бір тілде сөйлеуге кеңес береді. Қос тіл қатар қолданылатын отбасылардың балаларына көп жағдайда логопедтің көмегі керек болады. Отбасындағы психологиялық жағдай да ескерілуі керек, үлкендердің балаға және өзара қарым-қатынастары аса маңызды. Үстемдік көрсетілетін, түрлі қорқыныштары бар балаларда тұтығу, кекештену пайда болады.
–Баланың тілі тез шығуы үшін үлкендер әр қимылын, ойын дауыстап айтып түсіндіріп отыру керек. Біздің балаларға үлкендердің әңгімелесуі, тілдесуі жетіспейді. Бала керек нәрсесін қолмен көрсетсе немесе ымдаса ата-анасы бірден оны қолына ұстатады. Енді түк қиналмастан қажеті өтеліп жатса бала сөйлеп қиналып қайтсін? Сол үшін "не керек, су ма шәй ма? Жоқ шырын ба? Жейсің бе, жемейсің бе" деген сұрақтар қою арқылы сөзге тарту керек. Бұл баланың сөздік қорын молайтудың бір жолы. Саусақты қимылдату мидағы сөйлеу функциясына жауапты тітіркендіреді, – дейді Шағала балабақшасының психологы Гүлбану Ташауова.
         Бұрындары да ел ішінде осындай мәселе кездесті ғой. Мұны дана қазақ қалай шешті екен? Ырымға сенсең қырын кетпейсің деп жатамыз. Қазақ халқы баланың тілі шықпай кешеуілдеген жағдайда нағашы жұрты қой сойып Құран оқытып, сол қойдың тоқ ішегімен баланы қылғындыратын болған. Осындай жоралғы жасалғанан кейін барып баланың тілі шығады екен. Бұл жоралғыны  әлі күнге дейін жасап жүргендер бар.
Түйін. Сөйлеу тілінің дамуындағы әртүрлі ақауларды ерте жастан диагностикалық мекемеге көрсетудің маңызы зор. Баланы уақытында маманға көрсетсе, сөйлеу тіліндегі ақаулығының алдын алуға болады. Яғни балаңыз жасына сәйкес сөйлемей жатса, ең алдымен өзіңіздің жергілікті педиатырыңызға алып барыңыз. Ол сізді қажетті маманға жібереді. Екіншіден, невропатологқа көрсетіңіз. Дәрігер сөйлеудің кешеуілдеу себебін анықтап, себебін тапса, қажетті және қолайлы ем тағайындайды. Сонымен қатар логопед-дефектолог маманға баруды да кейінге қалдырмаңыз. Уақытылы қабылданған шаралар мен жүйелі сабақтар балаға құрдастарын қуып жетіп, болашақта жақсы сөйлеуіне көмектеседі.
Назерке МАРАТҚЫЗЫ.
19 қазан 2021 ж. 2 904 0