Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сөйлеу әдебі – мәдениеттің өлшемі

Сөйлеу әдебі – мәдениеттің өлшемі

        Сөйлеу– қоғамдық сипаты мол қасиет. Тілдік қатынас арқылы мәдениеті көрінеді десек, артық айтқандық емес. Сөйлеу мәдениеті дегенге тек сыпайы сөйлеу деген ұғым қалыптаспауы керек. Адамның қалай сөйлегеніне қарап, оның рухани және парасат өрісін, ішкі мәдениетінің дәрежесін анықтауға болады. Қазіргі таңда ең басты мәселелердің бірегейі – қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін көтеру, барлық қаракөз бауырларымыздың өз ана тілінде сөйлеуіне қол жеткізу. Сол себепті негізгі міндет – балабақша, үй, мектеп, жоғары оқу орындарында ұл- қыздарды тілдік қоры бай қазақ тілінде сөйлеу мәдениетіне үйрету.
         Кей жағдайда үйде де, көшеде де, қоғамдық орындарда да бірқатар жастардың бір-бірімен қарым-қатынас жасағанында, әңгімелескенінде қалай болса солай сөйлейтіні, қазақ тілінің қадір-қасиетін түсінбейтіні байқалады. Жастардың қысқаша «базар жоқ», «лапша ілді», «құлақтан тепті», «картопты жарды» және тағы басқа сөз тіркестерін айтып жатқанын жиі естиміз. Солай сөйлеуді сәнге айналдырып, оны зор мақтаныш көретіні де рас. Оны жиі қолданудың басты себептерінің бірі – интернеттегі кейбір сананы улайтын сайттар, теледидардағы түкке тұрғысыз түрлі бағдарламалар, әлеуметтік желілердегі жеңіл әңгімелер. Алайда барлығын кінәламаймыз, бірақ «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» демекші, сол бір жағымсыз сөз тіркестерін жою көп күресті қажет етеді.
         Тіл ерекшелігі, сөйлей білу ежелден бері жеке адамның, қоғамның ой-санасын дамытып, жетілдіруде аса маңызды рөл атқарады. Сөз – ойлы да мәнерлі болуы тиіс. Әйтпесе, ол көздеген мақсатына жете алмайды. Халқымыз мәнді сөйлейтіндерді «сөзі мірдің оғындай екен» деп дәріптейді. Қашанда тіршілігіне салмақпен байсалды қарайтын адам сөйлеу мәдениетіне ерекше мән береді.  Ал, Ж.Баласағұн «ақыл-ойдың көркі – тіл, тілдің көркі – сөз» деген. Ендеше, түкке тұрғысыз сөздерді түбімен жоймасақ та, аз да болса дұрыс сөйлеп үйренейік. Кей жағдайда былапыт, кесапат сөздер бұршақша жауады. Өз тіліміз – сарқылмас, таптырмас байлығымыз емес пе? Кез келген жағдайда көпсөзділік ойдың жинақы еместігін білдіреді. Егер тыңдаушыға қандай да бір ойды жеткізгіңіз келсе, сөйлесер алдында араларыңызда не туралы сөз болатыны жайлы нақты мақсат қойып, қашанда нақты, тура, қысқа сөйлеуге тырысқан абзал. Кез келген адаммен тіл табысу өзімізге байланысты. Бір ауыз сөз айту арқылы өз беделің мен дәрежеңнен айрылуың мүмкін. Нақтырақ айтқанда, сөйлескен адамыңызды мұқият тыңдауға үйреніңіз. Сонда ғана сөз саптауымыз арқылы барлық болмысымызды толығымен көрсете аламыз.
         Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, сөйлеу – адам санасының басты белгісі. Қисынсыз сөздермен тілімізді шұбарлағанша, ата-бабаларымыз қалдырған асыл сөздерімізді қолдана білейік.
Күнзипа Зденова
26 тамыз 2019 ж. 16 568 0