Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бүгінгі қазақ қызы, сіз қандайсыз?

Бүгінгі қазақ қызы, сіз қандайсыз?

«Қыз тәрбиелегенің – ұлтты тәрбиелегенің» демекші, қазақ халқы қай уақытта болмасын отбасындағы қыз тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қараған. Қызға қырық үйден тыйым салып, оның жүріс-тұрысы мен киген киіміне тұтас бір ауыл болып ерекше назар аударады. Себебі бүгінгі бойжеткен – ертеңгі ана. Бүгінгі қыз бала тәрбиесі қоғамдағы өзекті мәселелердің біріне айналып отырғаны белгілі. Бұрынғыға қарағанда қазір қаракөз қыздарымыздың киген киімі мен өздерін ұстау әдебінде де біршама кемшілік бар секілді. Ендігі кезекте қазіргі қыз тәрбиесінде ұлттық тәрбиемізден алшақтап қалған жоқпыз ба? Қаракөз қыздарымыздың бүгінгі келбеті қандай? Міне, осы сынды маңызы бар сауалдар көп көңілін толғандырары анық.
Ерте кезден ата-бабаларымыз «қыз – қонақ» деп төрден орын беріп, қыздың адал, сыпайы және нәзік болып бойжеткенін қалаған. Халық қаһарманы Бауыржан атамыздың келіні Зейнеп Ахметова апамыз бұл жөнінде: «Қазақ қыз балаға тәтті жегізіп, асылды кигізіп, шамасы келген жорғаны мінгізіп өсірген. Қыз баланы есік жаққа отырғызбай, төрдің оң жағына отырғызды. Оң жақтағы қыз деп айтатыны сол. Өйткені ол қыз – барған жерінде бүкіл ата-анасының, ауылының, руының бет-беделін көтеретін адам» деген.
Расымен де, қызды алтынмен аптап, күміспен қаптамаса да мұқтаждық көрсетпей, барынша еркін ұстаған. Бұл жердегі еркіндік дегеніміз есерлік емес, әрине. Тек адамның тұлға болып қалыптасуына керекті мүмкіндіктің бірі. Дегенмен бүгінгі ақпарат ағымы дамыған заманда ғаламтор арқылы көріп алған бейненің барлығын талғаусыз қабылдап жатқандаймыз. Ой-санасы енді дамып келе жатқан жасөспірімдер үшін бұл жайт қауіпті екендігін біле тұра, бей-жай қарап жүрміз. Бір сөзбен айтқанда, тәрбиені ата-анасынан емес, көгілдір жәшік ішінен алып жатқан бойжеткендер қатары көбеюде. Жасыратыны жоқ, қазіргі қаракөз қыздарымыздың көбі бір-бірімен орысша сөйлесіп әлек. Өзінің ана тілінде сөйлеуге талпынбайтыны өз алдына, кейбірі тіптен оны намыс көреді.
         Күнделікті айналамызда болып жатқан көріністерге назар аударайықшы.  Мектеп қабырғасында білім алып жүрген оқушы қыздарымыз жарассын-жараспасын қысқа киімдер киіп, қымбат әшекейлер мен бет-ауыздарын бояп жүргенін көреміз. Міне, осы көрініс қыз баласының инабаттылығы мен сыпайылығынан, жастық жарасымдылығынан айырары хақ. «Жастықтың өзі жастығымен әдемі» демекші, әрбір қыз баласы табиғатынан сұлу, қырдың қызыл гүліндей әсем емес пе?! Кей кісілер мұның барлығына кінәлі заманның өзгеруі мен батыстан деп жатады. Жоқ, бар кінәні батыс пен уақытқа артпай, қаракөз қыздарымыздың арларын аяққа таптамай, ел тағдырын тамырсыздық індетінен қалқалағанымыз жөн болар.
         Тарих беттеріне үңілер болсақ, ерлік, даналық және отансүйгіштік қазақтың ер азаматтарына ғана емес, қыздарына да тән екенін байқаймыз.Тұмар патшайымнан бастап, Бопай ханшайымға дейінгі замандағы батыр аналарымыз ертеңгі ел болашағы үшін күресті. Мұнан кейінгі екінші дүниежүзілік соғыстың оты тұтанған сәтте Мәншүк пен Әлия сынды қаншама жауынгер бойжеткен қыздарымыз басын қатерге тігіп, қан майданға аттанды. Міне, осы секілді қазақтың батыр қыздарымен мақтанар тұстарымыз жетерлік. Тіпті қазақ қыздары батыр ғана емес, сондай-ақ дүйім дүниеге танылған әнші, күйші, бишілері де болған. Иә, байырғы қазақ қызы, қазір де сол қазақ қызы емес пе?!
         Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов: «Ертең ұлттың ұрпағын тәрбиелейтін, қыздар сендерсіңдер. Біздің ұлттық ұлылығымызды жойып, «Халық» деген қасиетті аттан айырып, әлде бір ұсақ ұлыс-аймаққа айналдырып жіберу де қыздардың қолында» деген екен. Мінекей, қоғам үшін қыз бала тәрбиесінің маңызы айрықша. «Тәрбие тал бесіктен» дегендей, ертеңгі бойжеткен қыздарымызға тәрбиені отбасындағы әжесі мен анасы жауапкершілікпен қарауы қажет. Келешек ұрпақ тәрбиесі қаракөз қыздарымыздың қолында екендігін естен шығармайық.
А. НҰРЛАНОВА
04 маусым 2022 ж. 1 828 0