Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәрбиеге ерекше мән берейік

Тәрбиеге ерекше мән берейік

Дана халқымыз: «Ел есіңде бір жыл қалғың келсе – ас бер, он жыл қалғың келсе – ағаш отырғыз, ал мәңгі қалғың келсе – бала тәрбиеле» дейді. Иә, бұл сөз қалың көпшілік арасында бекер айтылған сөз емес. Себебі қазақ халқы ерте кезден отбасындағы бала тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қараған. Қара шаңырақ басында балаға салт-дәстүрлеріміз бен жөн-жоралғыларымызды да үйретуді қалыс қалдырмаған. Оны жалқаулықтан аулақ болып, еңбексүйгіштікке баулыған. Ешкімнің ала жібін аттатпай, әділ шешім қабылдата білген.
Бүгінгі технология шарықтап дамыған заманда адам баласының мінез-құлқы мен іс-әрекеті біршама өзгерген. Таңдауы да, талғамы да бөлек «заманауи» отбасылардың бала тәрбиесіне көзқарасы қандай? Балаға жоқшылықты көрсетпей, таң атқаннан кеш батқанға дейін қаражат табу мақсатында жұмыстан қолы босамайтын ата-ана балаға қандай тәрбие беріп жатыр? Міне, осы сынды бүгінгі қоғам мәселесіне айналған сауалдар көпті толғандырары сөзсіз.
Иә, қазіргі күні жастар өз бетімен тәрбие алатын болған. Нақтырақ айтар болсақ, ұялы телефон мен көгілдір жәшік іші арқылы өмір сүруге дағдыланған. Бұл көрініске ата-ана да үйренген. Кеш бата жұмыстан шаршап келген ата-ана бала тыныш болсын деп ұялы телефонды қолына ұстата салады. Кей ата-аналар баламен сырласып, оның телефон артында не істеп, не қойып жүргенімен де жұмысы болмайды. Міне, осындай әлсіз әрекеттер келешек бала психологиясын бұзып, қараусыз қалуға дейін апарары сөзсіз. Тіпті жасөспірімдер бұзақылық әрекеттерге барып, өз-өзіне қол жұмсап жатады. Қазақтың көрнекті жазушысы Жүсіпбек Аймауытов: «Адам мінезінің, ақыл-қайратының әртүрлі болуы тәрбиенің түрлі-түрлі болуынан. Адам баласының ұрлық істеу, өтірік айту, кісі тонау, өлтіру сықылды бұзақылықтарды жасауы, тәрбиенің жетіспегендігінен» демекші, бала тәрбиесіне келгенде осал болмағанымыз жөн.
«Жеті жасқа дейін балаңды хандай күт, жеті жастан кейін құлыңдай жұмса, он бес жастан асқанда досыңдай сырлас»-деген көп сөзінің жаны бар. Бала үшін он бес жас – жан-жағында болып жатқан жаңа дүниелерге талғаусыз еліктеп, өзінің ғана айтқаны болғанын қалайтын өтпелі кезең. Бұл уақытта балаға психологиялық тұрғыда ата-ана жағынан қолдау қажет болады. Баламен достай сырласып, оның айналасынан көріп-біліп жүрген әрбір әрекетінің кемшіліктері мен артықшылықтарын тізгіндеп, қателіктері болса, түсініп қарап, оң мен солды ажыратуға үйреткен жөн. Ұрып-соғып түсіндіремін деп ойлау арқылы баланың психологиясын бұзып, қайғылы жағдайға әкелуіміз әбден мүмкін. Сол үшін бала тәрбиесінде баланы достай етіп, кез келген жағдай туралы ойын емін-еркін білдіруге үйреткеніміз жөн. Балаға тәрбие беретін қолындағы смартфон емес, оның ата-анасы екенін ұмытпайық.
Қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы Мағжан Жұмабаев атамыз: «Жас бала – жас шыбық. Жас күнінде қалай иіп тастасаң, солай өседі» дейді. Міне, ата-бабаларымыз сәбиді бесік жырымен әлдилеп, өткен тарихымызды және осы бейбіт күнге қалай жеткенімізге дейін бала санасына қалыптастырып отырған. Бүгінгі бүлдіршін – ертеңгі ел болашағы екендігін естен шығармайық. Балаға қандай тәрбие берсек, келешек еліміз де солай қарай дамиды емес пе?! Заман мен технология дамыды екен деп, бала тәрбиесін шетке ысырғанымыз жөн болмас. Әрбір бүлдіршін – болашақ елімізді қалыптастырушы күш екенін басты назарда ұстайық.
А.НҰРЛАНОВА
31 мамыр 2022 ж. 560 0