Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бала – көңілдің гүлі, көздің нұры

Бала – көңілдің гүлі, көздің нұры

Бүлдіршін – тазалық пен пәктіктің, шынайылық пен туралықтың айнасы. Жалғандық пен жасандылықты сүймейді, олардың жаны әділ, әрі шыншыл келеді. Дана халқымыз: «Ел есіңде бір жыл қалғың келсе – ас бер, он жыл қалғың келсе – ағаш отырғыз, ал мәңгі қалғың келсе – бала тәрбиеле» дейді. Баланың ой-санасын қалыптастыруға және ана тілін оқытып, Отан сүйгіштікке тәрбиелеуде балабақша тәрбиешілерінің сіңірер еңбегі орасан. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов: «Ел боламын десең, бесігіңді түзе»-демекші, отбасы – бала тәрбиесінің алғашқы ұясы. Сонымен қатар, бала тәрбиесі тек отбасында ғана емес, балабақша да әр бүлдіршінге аса назар аударады.
Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арналған жаңажылдық үндеуінде 2022 жылды балалар жылы деп жариялады. «Мен Мемлекет басшысы ретінде өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беремін. Жастарға зор үміт артамын. Жастарымыз атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың, реформалардың игілігін міндетті түрде көреді. Олардың арасында көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр азаматтар аз емес. Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек», – деді Президент.
Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев бүлдіршіндерге ерекше көңіл бөлу керек екенін айтып өтті. «Балалар – мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі. Сондықтан да алдағы жылды Балалар жылы деп жариялау керек деп есептеймін. Әңгіме жалаң ұран мен мерекелік шаралар туралы емес. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз»,-деді Мемлекет басшысы.
Байқағанымыздай, бұл жыл мереке ғана емес, мемлекет балалардың керегін өтеу мақсатында бюджеттен қаражат бөліп, оларды білім алып, денсаулық саласында да қысылмауына, жат әдеттерге ұрынбауын мойнына алып отыр. Сондай-ақ қиындыққа толы қысқа ғұмырда әке мен ана арасындағы келеңсіздік кесірінен бейкүнә сәбилеріміз  жазықсыз жапа шегуде. Балалар үйін толтырып, шет елдерде қалғандары да бар. Осы мәселені де басты назарда ұстап, қамтып өткеніміз абзал.
Бүгінгі бүлдіршін – ертеңгі жас ұрпақ. Ел болашағы – келешек сол жастардың қолында. Яғни, бүкіл білімнің бастауы – балабақша. Тәуелсіз елімізде балабақшалар саны күн санап артып келеді. Сондай-ақ балабақшаларға қойылатын талап та жоғары болмақ. Технология мен ғылым қарыштап дамыған заманда, балабақша тәрбиешілеріне де біршама жоғары талаптар қойылған. Онда жоғары білікті педагог мамандары болуы шарт. Сонымен бірге мектепке дейінгі тәрбие тек балаларға бас көз болып, мемлекеттен жалақы алады деген пікірден аулақ болайық. Балабақша бүлдіршінге білмегенін үйретіп, тазалық пен тәртіпке бой түзететін білікті мамандар ордасы деп қарағанымыз дұрыс.

С. САНСЫЗБАЕВА,
"Ақбота" бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі 


01 ақпан 2022 ж. 1 196 0