Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ел болам десең, бесігіңді түзе...

Ел болам десең, бесігіңді түзе...

Әр адам шыр етіп дүние есігін ашқан сәттен бастап оның ең алғашқы ақ отауы “бесік” болып табылады. Ертеңгі күні ер жеткен уақытында, балғын балалық шағымның куәсі деп еске алатын асыл мұраның бірі. Сонымен бірге сәби өмірге келгеннен кейін ең алғашқы әуезді әуені «бесік жыры» екенін барлығымыз білеміз. Бесік жырының бала тәрбиесіне де тигізер пайдасы мол. Ертеде әжелеріміз «бесік жыры» баланың көкірек көзін ашып, жан-дүниесін тербейді, сезімін сергітіп, көңіл-күйін де көтереді» дейтін.
Сонымен қатар қазақ халқында бесік туралы біршама ырымдар айтылады. Бос бесікті тербетуге болмайды. Үйге келген адам бос бесікті тербету арқылы өзінің ұрпақсыз қалғанын үндемей-ақ білдірген. Бесікті сатуға, кез келген адамға беруге, аяқ астына тастауға болмайды. Қазақ халқында бесік ұрпақ жалғастыратын қасиетті бұйым болып саналады. Баласы көп үйдің бесігін жақсы ырымға жорып, тек жақын туыстары қалап алып, жаңа түскен келіннің отауының төріне қойған. Бесікті ашық қалдырмайды, орап қояды. Бос бесіктің өзін анда-санда отпен аластап, жын-шайтаннан қорғаған. Байқағанымыздай, халқымыз бесіктің қаншалықты құнды дүние екенін білдірген.
Бауыржан Момышұлы атамыз: «Мен үш нәрседен қорқамын. Өзінің сәбиіне бесік жырын айта алмаған анадан, өзінің немересіне ертегі айта алмаған ата мен әжеден, екі қазақтың бір-бірімен орысша сөйлесіп тұрғанынан қорқамын»,-демекші, қазіргі таңда бесік жырын білетін әжелеріміз бен аналарымыз бар ма екен? Заман өзгерді, технология дамыды деп жастарымыз қазақ дәстүрлерін ұмыта бастағандай. Тіпті, қоқыс жәшігінде жатқан бесіктерді де көріп, естіп жүргеніміз тағы бар. Жазушы Мұхтар Әуезов: «Ел болам десең, бесігіңді түзе»дегендей, отбасындағы сәби тәрбиесі де осы тал бесіктен басталатыны көрініп-ақ тұр емес пе?! Әр сәбидің дүниеге келуі отбасындағы шексіз қуаныш. Нәрестенің кіндігі түскен соң бесікке салған. Ең алдымен бесік баланың тазалығы мен дене-бітімінің түзу болуына орасан пайдасын тигізген. Сонымен қатар бесікте жатқан нәрестенің қан айналым жүйесі жақсы дамиды. Кейін бала атпен шапқанда немесе жеңіл көлікке мінгенде жүрегі айнымайтын болады. Сәбидің бел омыртқасы түзу, еңсесі тік болады.
Халқымызда «Есік көргенді алма, бесік көргенді ал» деген мақал бойдақ жігіттерге қаратылып айтылады. Бесік көрген деп тәрбиелі, намысшыл, ибалы қыз баласын меңзейді. Ертеде қазақтар табалдырықты, шаңырақты, бесікті қасиет тұтқан. Осы үш затты қатты тозып, тым ескірген кезде де аяқтың астына тастамай, өртеп жіберетін болған әрі күлін де аяқасты қылмай, көміп тастаған. Қазір сәбиін бесікке бөлейтін ақ жаулықты ана аз. Тіпті, «бесік зиян» дейтіндері де жоқ емес. Ескіден қалған көне сөз демей, дәстүрімізді нық ұстанғанымыз дұрыс. Келешек жас ұрпаққа да бесік тәрбиесін қалдырмай, бойына қазақи құндылықтарды сіңдіргеніміз абзал.
Айсауле Нұрланова
13 қараша 2021 ж. 2 142 0