Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бесік жырының бүгінгі таңда рөлі қандай ?

Бесік жырының бүгінгі таңда рөлі қандай ?

"Ана баласын құшағына ала отырып тек баласын ғана емес, бүкіл бір ұлтты тәрбиелейді" деген сөз халық арасында текке айтылмаса керек-ті. Ел арасында бесік жыры баланың бойында ұлттық сананы, тәрбиені сіңіртудің түпкі тамыры, кәусар бұлағы деп есептелінеді.
     Бесік жыры - тарихымыз бен ұлттық дүниетанымымыздың, нәрестенің жастайынан құлағына құйып өскен тағылымының бірден-бір айнасы іспетті. Ал қазіргі күнгі бала тәрбиесіндегі "әлдидің" рөлі қандай?
       Қазіргі кезде сырлы сөз, сазды әуенмен тебірене отырып бесік тербететін аналар сирек кездеседі. Бесік жырының тәрбиенің, баланы дамытудың аса маңызды құралы екендігі ескерілмей барады... Тіпті, медицина саласында да жаңа туған нәресте үшін "музыкалық терапия " әдісін қолданудың тиімділігі айтылады. Белгілі бір үндесімдегі әнді тыңдаған балалар сергек, әрі тыныш ұйқтайды дейді. Ал, бала үшін анасының кіршіксіз махаббатынан туған, мейірлене отырып шырқаған әлдиінен артық терапия бола ма?
    Бесік жырының үлгілері заман өзгерген сайын бірге түрленіп келе жатыр. Халық ауыз әдебиетіндегі үлгілерден бөлек, жаңа заманнның бесік жыры мынадай екен:
             "Әлди-әлди ақ бөпем,
              Коляскаңа жат бөпем,
              Сен бизнесмен боласың,
              Котэдж үйде тұрасың,  
              Айналайын қарағым,
              Өскенде бізді бағасың!"
Тағы бір нұсқасы:
               "Әлди-әлди ақ бөпем,
                Сұрап алдым Алладан
                Тапқан жоқпын даладан
                Өзіңде ғой бар арман
               Болдың бізге сен жалған"  
                    (Айгүл Сағымбайқызы)
    Өнер саласындағы бірқатар әншілеріміздің осы тақырыпта орындап жүрген әндері де бар. Майра Мұхамедқызы, Мейрамбек Беспаев, Жазира Байырбекова сынды т.б әншілердің бесік жырын сахнадан естіртуі қуантарлық жайт!
      Сәбидің тәрбиесі мен мінез-құлқын қалыптастырудағы орны ерекше, ата-бабамыздан қалған әдеби мұрамыздың маңыздылығы туралы болашақ аналарға насихат жүргізіп, саналарында қалыптастыруымыз қажет.  "Ел болам десең, бесігіңді түзе!" деген Мұхтар Әуезовтің нақыл сөзіне ой жүгіртсек, халықтың өркендеуі сонау бесік тәрбиесімен байланысты екендігі айтылады. Қазақтың батыры Бауыржан Момышұлы "Ұшқан ұя" кітабында:  "Бесікте жатқанда құлағына анасының әлдиі сіңбеген баланың көкірегі кейін керең болып қалмаса деп қорқамын. Қызтумас апамның сүйегі әлдеқашан қурап кетті, ал әлди ән айтқан үні әлі құлағымда тұр" -деп жазады.
    Сәбидің құлағына бесік жыры сіңген сайын оның бойындағы ата-бабасының генетикалық жадысы қайта жаңғырады. "Тәрбие - тал бесіктен!" Баласына деген махаббатын, ізгі тілегін жырға өрген аналарымыздың қатары көбейсе екен!
Жансая Жақсылықова
М. Мәметова атындағы Қызылорда
 педагогикалық жоғары колледжінің
 3-курс студенті
29 қаңтар 2020 ж. 1 810 0