Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлеуметтік желі жақынды алыстатты...

Әлеуметтік желі жақынды алыстатты...

Бүгінгі күні шарықтау шегіне жетіп, күн санап дамып келе жатқан жайттардың бірі – әлеуметтік желі болып отыр. Кей кезде адамға берілген 24 сағаттың жартысынан көбін желі әлегімен құртатынымыз анық. Өзіміз көріп, біліп жүргендей, еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін қолынан ұялы телефон түспейді. Алғашқыда бұл бейнеге ренішпен қарасақ, қазір бойымыз да, ойымыз да үйренген секілді. Тіпті “ұялы телефоным жоқ” деген адам көрсек, біртүрлі көзқараспен қарайтын уақытқа да жеттік.
Иә, бейне бір өмірдің мәніне айналдырғандаймыз. Бүлдіршіндердің де бақытты балалық шағы осы желіге байланып қалғандай. Көше бойында ойынның қызығына кіріп, бір-бірін бауыр көріп, дос етіп жүрген баланы бүгінде көзіміз шалмайды. Кез келген үйге кіре қалсақ, смартфон артынан шетелдік мультфильм қарап, қызығына батып жатқан бала көреміз. Бұл бала психологиясы мен ойлау жүйесіне қалай әсер етеді?! Иә, психикасы толық дамып үлгермеген жас жеткіншектің де әлеуметтік желі шырмауында қалуы қиын жағдай. Ондағы түрлі бейнеклиптерге еліктеп, тіпті есірткі мен денсаулығына зиянды заттар тұтынып кетіп жататындар да бар. Сондай-ақ  мектеп оқушылары алтын ұя мектептен білім алар шағында, әлеуметтік желіден көріп алған түрлі билерін билеп әлек. Келешек маман тәрбиелеп, елімізге қызмет етер азамат шығарамыз деген студент те бүгінгінің дертіне шалдыққандай. Таңның атысынан кештің батысына дейінгі уақытты құр өткізіп, өзімізге берілген қымбат сағаттың қадірін білмей жүрміз. Сондай-ақ әлеуметтік желі адамдарды жақындарымен, дос-жарандарымен тікелей байланыс жасауына кедергі келтірді. Тіпті қанша уақыттан бері көріспей сағынып жолыққан жақынымыздың өзі смартфонға байланып қалған. «Сағынып келген досым айфонына шұқшиды, мен де өз интернетіме үңілдім...» демекші, қай отырысқа барсақ та барлығы көгілдір экранға телміріп отырады. Бұрынғыдай бетпе-бет  отырып, шынайы эмоциямен әңгіме айтылмайды. Керісінше қазір оның орнын телефон ішіндегі түрлі смайликтер басқандай...
"Таяқтың екі ұшы» болады" демекші, әлеуметтік желіні барлық жағынан даттап, кінә таға беруіміз де жөн болмас. Себебі осы арқылы кей адамдар адамзатқа берер пайдасы мол дүниелер салып, қалың көпшіліктің ризашылығын алып жатыр. Бір сөзбен айтар болсақ, әлеуметтік желіні кім қай жағынан қолданатыны өз қолында. Бірі алтын уақытын сарп етіп, іске аспайтын дүниелер қараса, енді бірі өзі мен халыққа тигізер оң әсері бар дүниелермен айналысады. Иә, кей адамдар өз бетінше бизнес ашып, шағын кәсібін әрі қарай дамытып жүрсе, енді бірі қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, сауап жинап жүр. Сонымен қатар жаңа дос тауып, түрлі оқиғалар бойынша пікір алмасуға жәрдемдеседі. Қазіргі технология дамыған уақытта түрлі ақпараттармен таныс болып, қоғамда орын алған соңғы жайттарды да біле аламыз. Тағы қоса кетсек, білімді арттыратын көптеген деректі фильмдермен қатар, онлайн форматтағы кітап, сондай-ақ мерзімді басылымдардың жеке сайттарына кіріп мақалалармен таныс боламыз. Бүгінгі уақытта әр мекеме өзінің арнайы сайттарын ашып, әлеуметтік желілерден жеке парақшаларын ашып, қалың оқырманмен кері байланыс орнатып отыр. Әрине осы арқылы өз жұмыстарына сілтеме жасап, қызметтерін насихаттауға тигізер көмегі жетерлік.
Барлығымыз білетіндей, әлеуметтік желіні бүгінде барлық дерлік адам қолданады. Алайда оны шектен тыс пайдаланып, тәуелділікке түсіп, айналамыздағы жақындарымыздан алыстап, денсаулығымызды құртып алмайық. Виртуалды қоғам құрып, жақынымызды жат етіп алмағанымыз жөн болар. Салауатты өмір салты мен жүзбе-жүз қарым-қатынасқа көптеп көңіл бөлгеніміз дұрыс.
А. НҰРЛАНОВА
24 мамыр 2022 ж. 459 0