Интернет – бір күндік, кітап – мәңгілік

Қалың жұрттың айтуынша: «Интернет түбінде кітаптың орнын басады. Алдағы уақытта кітапты ешкім де оқымайтын болады» дейді. Сонда кітапты келесі ғасыр ұрпақтары мұражайдан ғана көретін заманға жете ме? Иә, бүгіннің өзінде кітап оқитын адам заманнан қалыс қалып бара жатқан жоқ. Жұрт білетін ақпаратты ол да біледі.
Барлығын теріске шығарып, әлеуметтік желіге мүлдем қарсы болғымыз келмейді. Себебі интернеттің де адамзатқа берер пайдасы бар. Әрине керек жағына пайдалана білген адамға. Мәселен, қазіргі газет-журналдардың немесе кітаптардың да электрондық түрін таба аламыз. Бірақ оны оқып отыратын адамдар қаншалықты бар? Интернетке кіріп, арнайы газет пен кітап оқитын адамдар тек саусақпен санарлық десек қате болмас. Кітапты қолға алып отырып, шығарманы көз алдымызға суретпен келтіріп оқығанға не жетсін?!
Бұрын жастар әдеби жыр-дастандар мен мерзімді басылым беттерін оқып, білуге деген талпыныстарын арттыратын. Ал қазір әлеуметтік желінің шырмауында қалған жасөспірімдеріміздің психологиясы да біршама өзгерген. Қандай да бір келеңсіз жағдайға тез ашуланып, айтылған сөзді ой елегінен өткізбей тура қабылдайды. Қаралым көп жинаймыз деп, көпқабатты үйлердің төбесіне шығып аяқ-асты мерт болып кетіп жатқандарды да естіп жүрміз. Міне, осы сынды теріс әрекеттер бір-бірін ұрып-соғуға, өз-өзіне қол жұмсауға итерері сөзсіз. Сондай-ақ дайын ақпаратқа үйреніп, оның рас-өтірігіне көз жеткізбей асыға таратып жатады. Бірақ жастарымыз өздері кітап оқып ізденсе, шынайы ақпаратты білуге талпынса, жаңашыл дүниелер ойлап табар еді. Еліміздің болашағына да үлкен пайдасын тигізіп, дамыған елдер тізімінен алдыңғы қатарға шығарар ма еді?! Иә, бұл теріс әрекеттің барлығына интернет пен қоғамды кінәлағанымыз жөн болмас. Барлығы да тәрбиеде жатыр. Балаға кітап оқытып, рухани дүниесін байытар болсақ, интернетке өзі де қызықпас еді.
Еуропа елдерінде интернет саласы өте жоғары дамыған, бірақ олар біз секілді кітап пен интернетті салыстырып отырмайды екен. Онда қоғамдық орындар мен саябақтарда әдеби кітаптар оқып отырған жастарды көреміз. Біз үшін кітап – рухани азық болып табылады. Экономикамыз шарықтап, дамыған әлем елдері алдына шықтық дегенімізбен, рухани дүниеміз тар болса «Алдаркөсеге алданған байдың» түріне енеміз.
Иә, интернет – бүкіл ақпараттан хабардар етіп, бетін ғана көрсетеді. Ал кітап болса – таза білім, әрі оның тереңіне де бойлай аласың. Сол үшін келешек өскелең ұрпақ өз қажеттілігін ғаламтордан іздемеуі қажет. Бүгінгі жастар өзіне қажетті рухани азықты кітаптан алар болса, нұр үстіне нұр болар еді.
Айсәуле НҰРЛАНОВА