Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Инстаграм. Неге құмармыз?

Инстаграм. Неге құмармыз?

Телефон – байланыстың қазіргі қоғамда таптырмас құралы. Ұялы байланыс арқылы сіз қоңырау шалып тілдесіп қана қоймай, әлеуметтік желіде де хат алмасып, хабар алысып отырасыз. Не десек те, қазіргі кезде виртуалды әлемде өмір сүріп жатқан жастар жетерлік. Инстаграм желісінің қолданыс аясы кеңейген сайын, ол тек хабар алмасатын желі ғана емес, пайда табудың да көзіне айналды. Тіпті адамдар өздеріне пиар жасау үшін инстаграм арқылы небір сұмдық әрекеттерге барып жатыр. Мұны құп көрмесек те, қараймыз, ұнатпасақ та, пікір қалдырамыз. Инстаграмның жанарды жаулаған жылтырағы мен қып-қызыл айласы туралы сауалнама жүргізген едік. Қатысушылардың 90 пайызы инстаграмды қолданатын болса, 70 пайызы жаңалықтар мен бар қажетті осыдан табатынын, қалған 30 пайызы тәп-тәуір табыс тауып отырғанын айтты.
         Гүлнар Қойшыбаева: – Қазір бәріміз инстаграмсыз өмір сүре алмайтындаймыз. Бар жаңалығымызды сонда бөлісеміз. Керек затымызды қараймыз, кім не істеп, не ішіп-жеп отырғанын да инстаграм арқылы көріп, сол адамның жанында отырғандай сезімде қалатынымыз жасырын емес. Жалпы, инстаграм мүмкіндігі мол, аясы кең желі. Мұнда бәрін табуға болады.  Кейде қарап отырсам, бізді жалқаулыққа үйретіп жатқан сияқты. Қазір көбі желідегі дүкендерден керегін тауып, тапсырыс беретін болған. Өзім инстаграмды жиі қолданбасам да, кейбір отбасылық жаңалықтарымды жүктеп, танымал адамдардың парақшаларын қарап, таныстарымның жаңалығымен бөлісіп отырамын. Бұл заман талабынан қалмай, ілгері басудың бір жолы деп ойлаймын.
Ерлан Бержанұлы: – Мен инстаграм желісін мүлдем қолданбаймын. Тіпті көбі «мен инстаграмда жоқпын» десем, таңғалады. Кейбір достарым оның мол мүмкіндігін айтып, жүктеп алуға кеңес беріп жатады. Әрине мен де инстаграм желісі алғаш елге ене бастаған шақта парақша ашып, қолданып көрдім. Бірақ маған мүлдем ұнаған жоқ. Қазір де отбасым сондағы жаңалықты айтып, сөз етіп отырғанда, кейде  керек емес пе деп қаламын. Бұл желіге сүзгі жоқ. Жақсыны салып, жаманды алып тастап отыратын болса, тәрбие құралына айналар еді. Бірақ ондай болмаған соң, өкінішке орай, жастарды желіктіріп жатыр. Қазір бәрі оңай олжаға кенелгісі келеді. Достарының санын көбейтіп алса, біраз жерде оған жол ашық. Сондықтан жастар өздеріне назар аударту үшін қара пиар жолды таңдап, желіге небір сұмдық видеолар жүктеп, танылып жатыр. Танымал адамдар да бүгінгідей ахуалда жарнама жасап, әлеуметтік желіні ақша табудың көзіне айналдырған. Сондықтан мұндайға арбалып, бас қатырғым келмегендіктен біржола бас тартып, өзімді шектеп қойдым.
         Айкерім Ақылбекқызы: – Мен инстаграмды ойлап тапқан адамға әркез алғыс айтып отырамын. Себебі аталған желі менің өмірімнің айнымас бөлшегі. Менің өмірім желімен байланысты. Таң атқаннан кеш батқанға дейін өмірімде кездескен қызықтарды, не істеп, не қойғанымды желіге жүктеп отырамын. Сол арқылы достарым көбейіп жатыр. Тіпті осы арқылы тәп-тәуір пайда тауып отырмын. Олар маған ыстық ықыластарын білдіріп, пікірлер қалдырады. Мен инстаграмды жаман деп айта алмаймын. Дұрыс қолдана білген адамға пайдалы. Одан бәрін табуға болады. Біз дамыған қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан мұндай жаңаруды да қабылдай білуіміз қажет.
         Индира Мұқан: – Инстаграмды қолдану арқылы мен өзімнің кәсібімді дамытып отырмын. Өткен жылы балалар киімін сататын дүкен ашқан едім. Бастапқыда саудам жүрмеді. Содан соң құрбымның ақылымен инстаграмнан парақша аштым. Түрлі ойындар, конкурстар ұйымдастырып, парақшадағы достарымды көбейтіп алдым. Сонан соң желі арқылы тапсырыс беретіндер саны артты. Қазір де желі арқылы еліміздің түкпір-түкпіріндегі тұтынушыдан түскен тапсырыстарды жеткізіп беріп, өз кәсібімді кеңейтіп отырмын. Мен инстаграмды тек кәсіпкерлік мақсатта ғана қолданамын. Өзімнің жеке парақшам жоқ. Артық ештеңе қарамаймын. Тек өзіме керек заттарды қарап, тапсырыс беріп алдырамын.
         Не десек те, бүгінгі ұрпақ өз өмірін әлеуметтік желімен байланыстырып, телефонға телміріп өмір сүруде. Баяғыда әжем: «Бір көзді дәу әлемді жаулайды. Жаугершілікпен емес, адамның санасын улап, меңіреу етеді. Адамдар мылқауша өмір сүреді түбі»,– деп айтып отыратын. Шынымен де солай болып жатқан сияқты.
Бұрынғыдай көрші көршінің есігін ашпайды. Ағайынның жаңалығын желіден біліп, құттықтап, пікір қалдырумен шектеліп жатырмыз. Бұл – бүгінгі қоғамның шындығы. Негізі, виртуалды әлемде емес, шынайы өмірде дос болып араласқанға не жетсін?!
Меніңше, жүзбе-жүз сөйлесіп, тілдескен адам баласы үшін өте тиімді деген ой әркез санамда тұрады. Қазір көгілдір қорапшаға үңілген қаншама жанның уақыты зая кетіп жатыр. Ақпарат санасын әбден улап тастағаны соншалық, өзгенің қаңсығын таңсық көретіндердің де қатары көбейген. Бұл бізге тән қылық болмаса керек. Жантайып жатып газет-журнал оқитын аға буынның қатары азайғаны өз алдына, біз үшін рухани құндылықтардың орталығы болған кітапханалар кісі қарасына зар болған күйі көрме кейпінде тұр. Бізге мұндай жасандылық не үшін керек сонда?! «Кітап мен үшін тақтан да қымбат» деген әлемдік тұжырымдаманың астарына үңілер болсақ, кітап оқуды қойған адам ойлауды да қоятыны дәлелдеуді қажет етпейтін тұжырым. Сол ойсыз қоғамның қалыптасып келе жатқандығының кесірінен еліміздегі жастардың желідегі желпілдек тірлігі бұдан былай да жалғаса бермек. Ал оның артында арзан атақ пен мардымсыз мансап, бейнетсіз тірлік һәм жасандылық жатқаны айдан анық. Қорыта айтсақ, бізге желіге байланған жеңіл тірлік емес, ойға қонымды болымды тірлік керек. Себебі сиқырлы заманның кілті – білім мен ғылымда.
Назерке Бақыран 
05 желтоқсан 2020 ж. 714 0