Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Біз бір-бірімізге жанашыр болып жүрміз бе?

Біз бір-бірімізге жанашыр болып жүрміз бе?

«Ұят болады» мен «обал болады» деген қазақи тәрбиенің негізі, балаға ала жіпті аттамау мен адамгершілік қасиетті сақтауға тәрбиелейтіні белгілі. Иә, бұл сөздер арқылы бала бойына тек жақсы қасиеттерді сіңірері анық. Күнделікті технологияны дамытуға тырысқан заманда бүгінгі кей адамдар бойынан адами қасиеттер алыстап бара жатқан секілді. Көшеде біреу ауырып құлап жатса да, көрмегендей өтіп кете беретін заманға жеткеніміз қандай өкінішті?!
Қазір еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін қолында бір смартфоны болады. Сонымен бірге ақпарат ағымы жылдам дамып жатқан заманда бүгін болған оқиғадан дәл сол сәтте-ақ хабардар бола аласыз. Яғни, түрлі әлеуметтік желі беттерінде елімізде, тіпті әлем бойынша орын алып жатқан түрлі оқиғаларды қарай береміз. Сол секілді мәселен өзіңіз тұратын аумақта болып жатқан оқиғаларды да арнайы парақшалар арқылы оп-оңай тауып, біле аласыз. Ондағы бір-біріне қатыгездік танытып, аяушылық білдірмеген адамдарды көргенде не ойларыңызды да білмей қаласыз.
Бүгінде замандастарымыздың арасында мейірімсіз, бір-бірін аямай тұратын жандардың көбейіп кеткені жасырын емес. Әрине, мұның барлығы сайып келгенде, баланың қолындағы ұялы телефонынан басталатыны сөзсіз. Ақыл-ойы әлі де қалыптасып үлгермеген жеткіншек бүгінде смартфоннан атыс-шабыс пен соғыс қарап отырады. Таңның атысынан, кештің батысына дейін күйбең тіршілік қамымен жүрген кей ата-ана бұл жағдайға қарауға шамасы болмай жатады. Психолог мамандарының айтуынша, мұндай қатыгез ойындарға шектеу қойылмаса, бала есейе келе ашушаң, смартфондағы соғыс секілді барлығын қырып жіберердей болып тұрады.
Ашуға берілген баланың, ақыл-ойы да толық дамымай, аталған ойын түрлері бала психологиясына кері әсерін тигізбей қоймасы анық. Әрине, психологиясы дұрыс дамымаған бала ашуға беріліп, қоғамда құқықбұзушылық әрекеттерін тудырып жатады. Сонымен бірге өткен жылдың қаңтар мен мамыр айлары аралығында еліміз бойынша 574 кәмелетке толмаған жасөспірім құқықбұзушылық жасаған екен. Бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 8 пайызға артық болып шығыпты. Бір өкініштісі, жасөспірім жігіттердің бірін-бірі соққыға жығып, аяусыз ұрып жатқандарын естігенде өзімізге «заман не болып барады?» деген сауалды бірінші қоямыз. Бүгінгі балалар бірін-бірі аямайтын болғаны да жасырын дүние емес. Ондай жағдайларды естіп те, көріп те жүрміз.
Иә, ересектердің өзі қазір бірін-біріне жанашырлық таныта алмайды. Ашуға беріліп, өзге адамға зиянын тигізіп жататын оқиғалар да аз емес. Әлеуметтік желі беттерін ақтара берсек, орын алған түрлі қайғылы жағдайларды көре аламыз. Онда адам жанын қиған қылмыскерлер мен шаранасын шырылдатып қоқысқа тастайтын көкек аналар саны көп. Жоқ, адам баласы туылғаннан қатыгез болып туылмайды ғой. Оның отбасындағы тәрбиесі болады, кейін жүретін ортасының атмосферасы болады. «Жігітті жолдасынан таны» демекші, оның араласатын ортасы да дұрыс болуы тиіс. Сол үшін әр ата-ана өзінің баласының кімдермен, қайда барып жүргенінен хабардар болуы керек деп ойлаймын.
Тәуелсіз ел болып, ашық аспан астында бірлікпен өмір сүріп жатқан қоғамда адамдар арасындағы келеңсіз жағдайлардың алдын алу қажет. Әрине, мұны алдымен әр адам өзінен бастаған жөн. Ертеде ата-бабаларымыз бірін-бірі сатпаған. Адалдық пен ардан аттамаған. Сондықтан да заман қаншалықты дамыса да адамдықтан аттамағанымыз абзал. Көпке топырақ шашпаймыз, әрине. Адамгершілікті бірінші орынға қойып, өз ұлтына қолдау білдіріп жүрген азаматтарымыз да жетерлік.

А.НҰРЛАНОВА
10 қаңтар 2023 ж. 1 005 0