Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » TikTok-пен танысыңыз: заманауи қайыршы дегеніміз кім?

TikTok-пен танысыңыз: заманауи қайыршы дегеніміз кім?

Бүгінгі технология шарықтап дамыған заманда ұялы телефоны жоқ жан жоқ шығар, сірә. Тіпті өмірді осы интернетсіз елестете алмайтын уақытқа жеткендейміз. Көшеге шыға қалсақ ересек адам былай тұрсын, кішкентай бүлдіршіндерге дейін смартфон ішіне телміріп отырады.
Әлемнің әр аймағында түрлі әлеуметтік желілер қолданылады. Мәселен, Солтүстік Америкада Nexopia, MySpace, Twitter, Facebook және Linkedln кеңінен қолданылса, Еуропада Bebo, Skyrock және Facebook сынды түрлі желілер тараған. Ал Оңтүстік және Орталық Америкада Public Broadcasting Service, Orkut және Facebook желілері танымалдылыққа ие.
Жер шарына танылған әлеуметтік желілерде жас ерекшелігі мен кәсіби шектеулер қойылмайды. Онда неше жастағы адам қай желіге тіркелсе де өз еркі. Сондай-ақ ақпарат алуға да қиындық тудырмайды. Үйде отырып-ақ еліміздегі соңғы жаңалықтарды біле аламыз. Сонымен бірге өзімізге керекті дүниелер жайында түрлі ақпараттан хабардар боламыз. Бірақ бос уақытымызды ұрлап, лақап атпен көптеген жалған ақпараттар таратылуы қиындық тудырып отыр. Әрине психологиясы толықтай дамып үлгермеген бала үшін бұл өте қауіпті зат.
Біздің елде де Instagram, Facebook, WhatsApp және Tik-Tok секілді әлеуметтік желілер жоғары дамыған. Аталған желілер арқылы түрлі бизнес өкілдері өз кәсібін өрбітіп отыр. Мәселен, туған күнге торт, шар қажет болса, кәсіпкердің жекесіне шығып тапсырыс бере аласыз. Бір сөзбен айтқанда, ішетін тамақтан бастап, киетін киімге дейін жеткізіп береді. Иә, әлеуметтік желіні кім қалай қолданатыны өз еркінде. Бірі өзіне пайда іздеп, еңбек етіп жүрсе, енді бірі алтын уақытын бос өткізу үшін қолданады.
Бүгінгі қоғамның әлегіне айналған  «Tik-Tok» әлеуметтік желісі аса танымалдылыққа ие. Осы тұста «Бұл қандай желі?», «Онда не бар?» деген сауалдар ойға оралары анық. Ендеше аталған желінің тарихына тоқталып өтелік. Tik-Tok – әлем бойынша ең танымал әлеуметтік желінің бірі. Ол Қытайда «Douyin» деген атпен танымал екен. 15-60 секундқа дейінгі аралықты қамтитын түрлі видеолар жасап, өзгелермен бөлісуге болады. Бұл желіге 2016 жылдың өзінде 100 миллион қолданушы тіркелген. Кейін Қытай мен Үндістан арасындағы Кашмирдегі территория таласына байланысты аталған желі белгілі бір себептермен жабылып қалады. Бірақ 2018 жылы жаз мезгілінде қайта іске қосылады. Тик-ток арқылы музыкалық бейнероликтер тамашалап, хабарлама алмасуға болады. Сондай-ақ видеоға лайк басып, пікір жазуға да мүмкіндік берілген. Оқырман саны белгілі бір мөлшерден асқан жағдайда тікелей эфирге шыға аласыз. Тікелей эфирді тик-ток терминінде «стрим» деп атайды. Яғни, дәл қазіргі уақытта не істеп отырғаныңызды желі қолданушылары бақылай алады. Міне, қазіргі кезде осы стрим арқылы оңай табыс тауып отырған адамдар жетерлік. Эфирде отырып ерсі қылықтар істеп, аузына келген былапыт сөздерді айтып, қалың көпшілікке мазақ болып отырады. Сондай-ақ эфирге Kaspi Gold нөмірін жазып ақша сұрайды. Мәселен, «төменде көрсетілген нөмірге ақша салсаңдар, айтқандарыңды істеймін» немесе «достарыңа хабарласып туған күнімен құттықтаймын және пранк істеймін» деп оңай олжаға ұмтылады. Әрине мұны “заманауи қайыршы” демей кім дер едік?! Оны көрген жасөспірімдер қатарлас достарын өзара мазақ ету мақсатында ақша салып, күлкіге қарық болып жатады. Сіздің ойыңызша бұл балаға қандай тәрбие беріп отыр?
«Атың шықпаса жер өрте» демекші, ұяттан асатын бейнероликтер де жетіп артылады. Иә, лайк пен қаралым жинау үшін біраз тер төгіп, түрлі би қимылдарын жасауға дейін барып жатады. Арзан танымалдылыққа ие болып, ардан аттап жатқан қаракөз қыздарымыз да жетерлік. Әрине бұл қазақы менталитетке жат нәрсе. Тіпті тренд қуып, танымал боламыз деп басын қатерге тігіп жататындар да бар. Мұндай әрекеттер соңы қайғылы оқиғаға әкеп соқтырып жатады. Жақын арада Каспий теңізіне барып, видео түсіреміз деген екі жасөспірім жігіт суға кетіп, мәңгілік мекенге аттанды. Міне, бұл дүниелер жастар психологиясын бұзып, болашағын құртары анық.
Түйін.Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін атышулы тик-токтың қолданушыларына айналған. Сол үшін қазірден бастап үйдегі баланың телефон артында не үйреніп, не қойып жатқанын бақылағанымыз жөн. Тик-токтың да уақыт өте жетер, шегі болар. Ал әзірге жастардың ісіне көнгеннен басқа амал жоқ. Қай істі болмасын өзімізден бастауымыз керек екенін естен шығармағанымыз да дұрыс. Дәл қазір сіздің балаңыз смартфон ішінде не істеп, не көріп жүр? Бұл жайында ойландыңыз ба?

Айсауле НҰРЛАНОВА
11 маусым 2022 ж. 781 0