Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Парасат майданы

Парасат майданы

«Тәннің ауруы астан дейді. Ал кермек ойдан жаның ауырады» деп басталатын қазақ жазушысы Төлен Әбдіктің «Парасат майданы» туындысын оқымаған жан кемде-кем болар. Атаулы философиялық-полемикалық шығармада автордың қоғам келешегі үшін қам жегенін, болашаққа жаны ашып, жол сілтемек болғанын аңғарамыз. Өмірдегі жақсылық пен жамандық, мейірімділік пен зұлымдық атауларын қатар қойып, қайсысының жеңіске жететіндігін қалың оқырманға баяндайды.
Шығарманың басты кейіпкері – жүйкесі тозып, өмірден әбден қажыған, айналасынан мән-мағына іздеп ақ парақтай саналары сарсаңға түскен, үмітсіздік ауруына шалдыққан адам. Туындыда психикасы бұзылған адамның ауруханада жүріп жазған күнделік дәптерінен сыр шертіледі. Бейтаныс құрбысымен хат жазысып жүрген науқастың ішкі ой-пікірі мен ондағы оқиғалар рет-ретімен баяндалады.
«Менiң ойымша, адам өмiрi – жақсылық пен жамандықтың мәңгiлiк қақтығысы деген қалыптасқан тұжырым әлi де ойлануды қажет етедi. Себебi жаңағы жамандық пен жақсылықты жеке-жеке бұғалықтап, екi жаққа бөлiп қоя алмайсың. Көшеден кез келген бiр адамды ұстап алып, оның жақсы-жаманын айыру мүмкiн емес. Өйткенi ол бiреуге жақсы болса, бiреуге – жаман; жауларына – жексұрын, жарына – аяулы, достарына – сүйкiмдi т.с.с. Адамның жақсы көру, жек көру сезiмдерi де әлгi екi ұғымға тiкелей қатысты емес. Яғни адам үнемiжақсыны жақсы көрiп, жаманды жек көре бермейдi. Жақсы мен жаманның достығы немесе жақсының екiншi жақсыны жек көруi өмiрде аз ба? Сондықтан өмiр –iзгiлiк пен зұлымдықтың, жақсылық пен жамандықтың қақтығысы ғана емес, iзгiлiк пен iзгiлiктiңде, жамандық пен жамандықтың да қақтығысы. Жақсы мен жақсы да бiр-бiрiмен айтысады, бiрiн бiрi құрта алады. Ендеше жақсы-жаман деген ұғымдар – шартты ұғымдар. Оны тек жағдайға қарап қана жобалауға болады. Бiрақ бұл да мәселенiң бiр-ақ жағы» деп жазылады науқасқа алғаш келіп түскен хатта. Өзіңіз ойлаңызшы, расымен де өмірде жақсылық пен жамандық бар ма? Әрине адам баласының жақсы не жаман болып көрінуі оның мінезіне байланысты. Ертеде үлкендерден «мінезі кедір-бұдыр екен» дегенді жиі еститінбіз. Адамның кемшілігін астарлы сөзбен жеткізетін дана халықпыз ғой, шіркін. Сол үшін әр адам өз мінез-құлқына бақылау жасап, келеңсіздіктерге тосқауыл жасаса, жаман атты болмасы анық.
Біздің ойымызша жаман адам ол – орынсыз мақтанатын, тәкаппар, өтірік сөйлейтін адам. Осы сәтте шығармадағы өтірік сөйлеу мәселесіне назар аударып көрелік.
«Енді өтірік пен жалған туралы. Өтірікті жек көреміз. Ал сол өтірік адамдармен айтысатын болса: "Ау, ағайын! дер еді.  – Бәріңнің күн көріп отырғандарың менің арқам емес пе? Ыңғай шындықты айтамын десеңдер, баяғыда тоз-тоз болып құрып кететін едіңдер. Менің арқамда қанша рет жан сақтадыңдар, әлі де қанша жан сақтап жүрсіңдер. Өтірік айтпай бір күн өмір сүре алмас едіңдер". Өтірік осылай десе, ешқайсымыз да аузымызды аша алмас едік. Өйткені өтіріктің айтып отырғаны– шындық» делінген. Иә, осы бір айтылған кесапат пікірде шындық жоқ емес. Дүниедегі ең жағымсыз нәрсе – жалғандық емес, шындық араласқан жартылай жалғандық. «Бір жолға ғана жалған сөйлеймін» деп оны әдетке айналдырып алған адамдар жетерлік. Тіпті сөз арасына өтірік қоспаса сөйлей алмайтын пенделер де бар. Менің ойымша, бұл адамның теріс пиғылы емес, мінез-құлқына қалыптасып кеткен қасиеті секілді. Бірақ жалған сөйлеп емес, шындықпен өмір сүргеніміз дұрыс болар. Себебі өмірдегі ең жаман, әрі жағымсыз қасиет ол – адамның өтірік сөйлеуі. Егер адам баласы тек ақиқатпен өмір сүрер болса, шығармадағы өтірік бізге кекірейіп, жоғарыдан қарай алмас еді.
«Болмыс ұшы-қиыры жоқ базар секiлдi. Әркiм сол базардан өзiне керегiн ғана алады. Қалыптасқан көзқарас бойынша, керек емес заттың керегi жоқ. Бiрақ сiз керек емес затты да бiр алып көрiңiзшi. Барлық қызық содан басталады. Бұл – қалыптасқан дағдыны бұзу, жаңалыққа құштарлық. Тiршiлiк жаңашыл танымның арқасында ғана дамитынына дауыңыз жоқ шығар» делінген туындыда. Иә, адам өмірде өзіне не керек соны алуға талпынады және алады. Егер бойына тек жақсы қасиеттерді жинаймын десе, қалағаны болады. Жоқ, жаман қасиеттерді қажет етер болса, оны да алады. Міне, өмірімізді жақсылыққа немесе жамандыққа қарай итеретін өзіміз.
Ой тізбектері осылайша жалғасып кете береді. Жақсылық пен жамандық – егіз ұғым дегенді де құлақ шалып жатады. Алайда оған көбіне өзіміз жол бермейміз. Себебі жақсымен жанымыз нұрланса, жаманмен еңсеміз түседі. Адамның аузынан шыққан бір ауыз сөзінің өзі оны биікке көтереді немесе құздан құлатады. Ең бастысы – келешек ұрпаққа өнеге бола білу. Жастардың да алдыңғы буынға еліктейтіні белгілі. Сол үшін тәуелсіз еліміздің тұғырын биік ұстайтын, ертеңгі ел болашағын қалыптастырушы жас буынды жақсылық жолына тәрбиелеу – біздің міндет. Жақсылыққа жақын болсақ, өмірдің де нұрлы күндері көп боларын есте сақтайық.

А.НҰРЛАНОВА
05 шілде 2022 ж. 1 607 0