БАЛА НЕГЕ ӨТІРІК АЙТАДЫ?

Белгілі бала психологиясын зерттеуші-ғалым Пол Коулмен үлкендер аптасына 30 рет өтірік айтатынын және сол адамдардың баласы да өтірікке ұмтылып отыратынын тұжырымдады. Психолог П.Экман өтіріктің түрлерін анықтаған. Баланың өтірік айтып, дағдылануына жазадан қорқу, өтірік айту арқылы өзіне қажетті нәрсені алу, өтірік айту арқылы ортаның назарын өзіне аудару, керексіз жағдайлардан өзін аулақ ұстау, өз өмірін қорғау, өзінің дұрыс айтқанын дәлелдеу және өзінің белсенділігін, өзін өзгелерден үстем қылып көрсету жағдайлары себеп болады екен. Көрсетілген факторлар сайып келгенде бала психологиясында жиі көрінетін мінез-құлықтармен біте қайнасып жатады. Сондықтан отбасында алдап-арбау, берген уәдені уақытылы орындамау сынды әдеттерден аулақ болған дұрыс. Кейбір ата-ана баланың өтірік айтқанын сезген бойы оны бірден жазалауға бейім болып тұрады. Олай етудің пайдасы шамалы. Қатты жазалап немесе дауыс көтеріп айқайлаудың кесірінен керісінше, баланы ерегістіріп алуы әбден мүмкін. Себебі олар тез ашуланғыш, тек өз дегендерін ғана іске асырғанды іштей қалап тұрады. Ешқашан «жақсы көремін», «жақсы көрмеймін» деген сөздерді әдейі қолдануға болмайды.
«Бар әрі, мен сені осындай қылығың үшін жақсы көрмеймін!» деген сөздерді естіген бала келесі жолы өзін сіздің алдыңызда жақсы көрсету үшін одан ары өтірікті әсірелеп айтатын болады. Психолог мамандар баланың өтірік айтқанын білген жағдайда сабырлылық танытып, дауыс көтермей, жай сөйлеп, баламен оңашада және ересектерше әңгімелесуге кеңес береді. Негізі баланың өтірік айтуға бейімділік қасиетін түбегейлі жойып, санасынан бөлу әсте мүмкін емес. Тек жай ғана балаға жақсы және жаман қасиеттердің айырмашылығын ұғындырып, егжей-тегжейлі түсіндіру қажет. Мұндай жағдайда ата-ананың өз өмірінен келтірген мысалдары маңызды. Сондықтан, біреу хабарласқанда телефоннан балаға «мамам үйде жоқ» деп айта салшы” демес бұрын, соңы қалай болатынын ойлаңыз. Баланың суайттық қасиеті осындай ұсақ-түйек өтіріктерді естіп, санаға сіңіруінен баста-лады. Дүниені енді ғана танып-біліп, айналасындағы оқиғаларды білуге ынталы баланы өтірік айтпауға, адалдыққа үйрету үшін мынадай негізгі шарттарға көңіл бөлген жөн: - Айтқан сөзінде тұру керек.
Қандай да бір жағдайда уәдеңізді орындай алмасаңыз, балаңызға не себепті орындай алмағаныңызды түсіндіріп, кешірім сұраңыз. - Егер балаңызға өзіңіз өтірік айтып қойған болсаңыз, мойындап, не себепті өтірік айтқаныңызды түсіндіріңіз. - Бала шындығын айтқанда қолпаштап отырыңыз, әсіресе айтуына қиын болған сәттерде. - Балаңызға көп талап қоймаңыз және одан қабілетінен тыс көп нәрселерді күтпеңіз. Есіңізде сақтаңыз: талап көп және қатаң болған сайын, бала жазаланудан қашу үшін өтірікті қорғану әдісі ретінде көп қолданады. - Өтірік айтса да балаңызды жақсы көретініңізді, оның жаман бала еместігін үнемі жиі айтып отырыңыз. Тұтас жанұяда «еркек – бас, әйел – мойын» деген ұғым бар. Шариғат заңы бойынша еркек шаңырақтың керегесін қайыстырмайтын отбасының жауапты тірегі болса, ал әйел сол үйдің берекесін сақтаушысы болып табылады. Жабир ибн Сумайраһ пайғамбар «ешбір әке ұрпақтарына көркем тәрбиеден артық сыйлық бере алмайды» дегенді айтып кеткен.