Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Баланы бұзатын 3 тыйым

Баланы бұзатын 3 тыйым

Балаларға пайдасы тиетін тыйымдар болады, баланы бұзатын ата-ана тыйымы да бар. Балаға жағымсыз әсерін беретін үш тыйымды ұсынамыз.
1.Өздігінше киінуге тыйым салу Ата-аналардың көпшілігі бала өзі қалағандай киінуіне тыйым салады. Ата-анаға баланың киімін дайындап беріп, соны киюін талап ету оңай. Соның ішінде, жасөспірім баланы ата-анасы қалағандай киінуге көндіру қиын. Кейде кешкілік анасы мен баласы оның таңертең не киетінін келісіп алады да, таңертең ұйқыдан тұрғасын бала оны киюден бас тартуы мүмкін.
Сол үшін екеуінің арасында келіспеушілік басталады. Анасы оның сөз бергенін айтып, енді орындамағанына ашуланады. Бұл жағдай барлығына жағымсыз әсерін тигізеді. Қатынас бұзылады және балаға да зиян. Әр күні анасы баланың киімін дайындап, осыны киесің деп айтқанның кесірінен баланы біреудің ойына тәуелді етеді. Себебі анасы баладан не кигенін қалайтынын сұраған жоқ. Соның салдарынан бала, біріншіден, тәуелді болады. Екіншіден, баланың қиялына тыйым саласыз.
Қандай да бір уақытында, мысалы 3 жасында балаға пішініне қарамастан алқызыл киімнің бәрі әдемі болып көрінеді. Ал 13 жасында қара түсті киімнің бәрі керемет үйлеседі деп ойлайды.
Содан соң 17 жасында қайтадан басқа түстер пайда бола бастайды. Бұл кезеңнен барлық адам өтеді, сондықтан балаңыз да одан өту қажеттігін түсінуі тиіс. Балада ненің әдемі, ненің әдемі емес екені туралы ішкі сезімі болады. Сондықтан оған өздігінше болуына мүмкіндік беріңіз. Қазіргі танымал дизайнерлер бір кездері ешкімге ұнамайтын киім киді немесе сурет салды. Балаңыздың кім болатынын білмейсіз. Оған өзін қалағандай көрсетуіне мүмкіндік беріңіз. Мәселе киімде емес екенін түсініңіз. Кей адамдарда киім өте әдемі көрінеді немесе тіптен жараспайды.
Бұл жерде адамның сол киімде өзін сенімді сезінуіне мән беру керек. Егер балаға қаламаған киімін кигізіп қойсаңыз, ол өзінің ішкі сенімділік сезімін қалыптастыра алмайды. Сондықтан қаншалықты қымбат классикалық киім болса да, балаға біреудің костюмін кигізіп қойғандай көрінеді.
2. Өз ойын айтуға тыйым салу Ата-аналар жіберетін келесі қателік – ол баласына өз ойын айтуға мүмкіндік бермеу. Әрине, оларға өздерінің және баланың ойы бір жерден шыққаны ыңғайлы. Бала өз ойын айтып үйрену арқылы сыни ойлауы дамиды. Әлемдегі үлкен жаңалықты ашқан адамдар басқаларға сенбей, өз ойын қорықпай айтып, соны тексеріп көргендер екенін ескеріңіз.
Иә, кейде бала ыңғайсыз уақытта не біртүрлі әңгіме айтып мазаңызды алуы мүмкін. Бірақ соған шыдап үйренуіңіз керек және баланы тыңдауды әдетке айналдырыңыз. Қандай жағдай болса да баладан «сен қалай ойлайсың?» деп сұрау керек. Ол ойын сараптауын үйрету керек. Қазір интернеттің дамуымен жалған ақпарат та көп кездеседі. Адамдар соның барлығына оны тексерместен, сене береді. Сондықтан бала кезінен бастап, өз ойына анализ жасауға мүмкіндік беру қажет.
Балаға өз ойын ашуланбай, байсалдылықпен, асықпай және орнымен айтуды үйрету де маңызды. Егер балаға өз ойын айтуға тыйым сала берсе, ол онымен күресіп, қырсығып, керек емес жерде сөйлеп қалатын адам болып өсуі мүмкін. Ал кейде біреулер жауабын біле тұра, идеясы бола тұра, оны айтуға бытылы жетпейтін болады.
3. Болмысына тыйым салу Күнделікті өмірде ата-анасы оны қатты жақсы көре тұра, өздері байқамай баланы өзгерткісі келетін сөздер айтады. Мысалы, даусы қатты шығатын балаға әрдайым жайлап сөйле, өте жылдам әрекет жасайтын балаға ақырын қозғал (ойлан) немесе жай жүретін балаға жылдам қозғал деп айта береді. Бұл ең қарпайым мысалдар. Әр бала дүниеге өзіндік ерекшелігімен келеді. Сол ерекшелігі оған болашақта қажет болады.
Ал оны ата-анасы өзгертемін деп, баланың өзіне деген сенімділігін жоғалтып жібереді. Әлемге тек жылдам немесе тек жай адамдар керек емес. Мысалы, жылдам қозғалатын немесе жылдам ойланатын адамдар өзгерістерді тез байқайды, олардан менеджер не жақсы кәсіпкер шығады. Ал жай адамдар өте мұқият зейін қойып жасайтын жұмыстарды жақсы орындайды және мұндай типтегі адамдарға бір-бірінің жұмысын өз деңгейінде орындап шығу қиынға соғады.
Бала өзінің кім болатынын, мықты жағын білмей өседі. Ал оның үстіне ата-анасы артықшылығын баса берсе, ол күмәндана бастайды. Ал күмәнданған адам өмірде өз жолын табуы қиын. Сондықтан баланың өмірге келген өз болмысын солай қабылдап үйреніңіз. Егер балаңыз жылдам болса, сіз де тезірек қимылдап, онымен бір толқында болыңыз.
Дереккөз: massaget.kz
zhambylnews.kz


04 сәуір 2019 ж. 2 854 0