Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АЛЛЕРГИЯ ДЕГЕН НЕ?

АЛЛЕРГИЯ ДЕГЕН НЕ?

Аллергиялық ауруларды ХХ-ХХІ ғасырдың ауруы деп атайды. Өйткені аллергия бұрын сирек кездессе, жыл өткен сайын аллергиялық аурулардың саны артуда. Қазір қарап отырсақ, әрбір үшінші адамда аллергиялық аурудың белгісі бар. Ал әлемде әрбір бесінші бала аллергиядан зардап шегеді екен. Осы тұрғыда дәрігер мамандардың ақыл-кеңесіне назар аударған едік.Аллергия сөзі гректің alloz және ergia – дегең сөздерінен шыққан, ол «бөгде затқа реакция» дегенді білдіреді. Аллергия – жас талғамайтын ауру. Бұл – кез келген адамда, кез келген жаста дамиды. Тіптен емізулі сәбилерде де кездеседі. Ал үлкендерде аллергиялық реакциялардың ең кең тараған түрлері шөпке және ағаштарға, жәндіктерге, үй шаңына, жануарлардың, құстардың жүндеріне, қауырсындарына және т.б. болып жатады. – Аллергия – организмге түскен бөгде затқа иммундық жүйенің жоғары сезімталдығы. Қандағы эозинофил, иммуноглобулин Е(igE) жоғарылауымен жүретін қайталамалы ауру. Бүгінде пайда болу себебі генетикалық бейімділік, иммундық жүйе жауабының дұрыс болмауынан басқа нақты анықталмаған. Маусымдық аллергияны «поллиноз» деп айтады. Одан бөлек, аллергеннің организмге ену жолына байланысты контактный, тағамдық, дәрілік аллергия түрлері де бар. Парентеральды жолмен дәріге аллергия берсе, жедел түрде анафилактикалық шок дамиды. Квинке ісігі бар жедел көмек қажет ететін ауру түрі. Терілік реакциялар да жиі кездеседі, қышыну, бөртпе түрінде. Ең алғашқы көмек – аллерген енуін тоқтату, әрі қарай симптоматикалық және антигистаминді препараттар мен иммунотерапия қажет, – дейді Байтұрсынов ауылдық емханасының жалпы тәжірибелі дәрігері Жадыра Махашева. Мамандардың айтуынша, аллергиялық ауру белгілерінің көбісі күн жылынғанда қозады. Мұның бірденбір себебі, шаң көтерілгенде және шөптердің, гүлдердің тозаңдануында немесе күз айларында түрлі шөптер қурағанда аллергендердің өршу процесі үдейді. Сонымен қатар үй жағдайында тұрмыста түрлі химиялық заттарды – кір жуғыш ұнтақ, түрлі иіс сабындар, ыдыс жууға арналған тазартқыш ұнтақтар мен гельдерді қолданғанда аллергия пайда болады. Мұрын және көз айналасындағы тіндер ісініп, тыныс алу қиындап, тері қышиды, шырыштардың бөлінуі көбейеді. Аллергиялық реакцияға тән белгілер: жас ағу, көздің қызаруы, мұрынның бітелуі немесе су ағу, терінің қышуы, шаршағыштық, бастың ауруы, түшкіру. Аллергиялық реакциялардың көріністері әрі қарай күшейіп, терінің қабыршақтануына, бөртуіне, қызаруына және сулануына алып келуі мүмкін. Осы тұрғыда қала тұрғыны Гүлжамал Омарқызы: –Есімде, мектепте оқып жүргенде бір сыныптасымның терісіне есекжем шыққан. Халық емдерінен хабары бар әжесі: «алақаныңа жем салып, қолыңнан есекке жем беруің керек, сонда есекжем жазылып кетеді» деген екен. Мұны естіп біз күлгенбіз. Бірақ шынында да ол әжесінің айтқанын орындап, терісіндегі есекжем ауруынан құтылған. Ол кезде медицина мамандары аз болғандықтан, амалсыз наным-сенімге сенген болар. Ал бүгінде медициналық мекемелер де, мамандар да, арнайы емдеу құралдары мен дәрі де жетерлік. Осындай мүмкіндіктер тұрғанда, нанымсенімге емес, дәрігерге жүгінген жөн деп ойлаймын. – Аллергия – ағзаның иммундық жүйесінің кейбір сыртқы тітіркендіргіштерге аса сезімталдығы. Мысалы, жан-жануарлардың жүніне, өсімдіктердің тозаңына, түрлі азықтүлікке, химиялық заттарға, шаңға, дәріге, жәндіктердің уына, косметикаға және басқа да заттарға аллергия болуы мүмкін. Аллергия маусымдық немесе созылмалы болады, ол аллергияны қандай заттың тудырып тұрғандығына байланысты,– дейді дәрігер. Аллергияның пайда болу себебі Кейбіреулердің иммундық жүйесі аллергендерге аса қатты реакция беріп, түрлі химиялық заттар түзеді. Аллергияның клиникалық белгілері: мұрынның сілемейлі қабатының қабынуы; көздердің қызаруы, сулануы, қышуы; есекжем, қышыма; буындардың ауыруы, ісінуі; іш өту, жүрек айну, құсу; жоғарғы тыныс алу жолдарының қабынуы, демікпе; бастың ауыруы; құлақтың тұнуы, есту қабілетінің төмендеуі. Аллергиялық реакция бірнеше минуттар бірнеше күнге дейін созылуы мүмкін. Ауру асқынған кезде жоғарыдағы белгілердің барлығы бірдей қозатындықтан, науқастың жүйке жүйесіне де орасан салмақ түседі. Қалай емдеуге болады? Біріншіден, адамға аллергия беретін заттар мен факторларды жою керек. Екіншіден, аллергия тудыратын заттарды анықтап, оны аллергендермен емдейді. Мұны арнайы «аллергеннің иммунотерапеясы» деп атайды. Бұл емді адам аллергиямен ауырмай тұрғанда, қалыпты жағдайда қабылдайды. Негізі ауру асқынған кезде аллергияны емдейтін көп дәрілер бар. Ең жиі қолданатын дәрілер – «антигистаминдік топ» деп аталады. Түйін. Кез келген адам өзінде немесе туыстарында аллергиялық аурудың белгілерін байқаса, міндетті түрде және уақытты оздырмай ертерек маманға тексерілуі керек. Дәрігер ауру тудырушы аллергендерді, дерттің себебін анықтап, сырқат түріне қарай ем жүргізеді. Бұл дертке шалдыққандар қатарынан болсаңыз, жеңіл қарамай, емделуді бастаңыз. «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деп бекер айтылмаса керек.

К.МАХСҰТ
01 сәуір 2023 ж. 849 0