Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жарапазан айту салт па, сән бе?

Жарапазан айту салт па, сән бе?

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Жарапазан рамазан деген сөзден шыққан, ораза уақытында балалар, бозбалалар түнде үйдің тұсында тұрып жарапазан өлеңін айтады. Ораза ұстаған адамдар сауап болады деп, жарапазан айтқандарға құрт, май, ірімшік, бір шаршы шүберек, тағы басқа сол сияқты нәрселер береді. Жарапазанды кәсіп етіп, ораза уақытында ел аралап, күндіз жүріп айтатын үлкен адамдар болады. Жарапазанды екеу болып жүріп айтады. Бірі жарапазан айтқанда, екіншісі қостаушы болады» деген екен.Рамазан айы басталғалы үй-үйді аралап, жарапазан айтып жүрген балаларды көріп жүрміз. Бұл негізінен халқымызда ислам дінімізбен бірге пайда болған тұрмыстық салт-дәстүр болып табылады. Негізі балалар мұны сәресі басталған уақытта айтады. Яғни, ораза ұстаған жандарды сәресіне ояту мақсатында жарапазан айту арқылы ұйқысынан тұрғызу. Дегенмен қазіргі уақытта сәресі кезінде бөтен үйге барып, жарапазан айтуды жөн көрмейді. Бәлкім, ол кісі үйінде болмайды деп ойлайтын болар. Ал кей жерлерде жарапазанды оразаның алғашқы үш күні, ортаңғы үш күні және соңғы үш күнінде ауызашар уақыты кірген сәттен бастап айтады. Жарапазанның негізгі мақсаты барша халықты жақсылыққа шақырып, қасиетті айдың мәнін түсіндіру. Сонымен бірге ораза ұстаған адамға ізгі тілек білдіріп, жақсылық ойлайды. Ал ораза ұстағандар сауап іс жасап, жарапазан айтушыларға құрт, ірімшік секілді дәмді өнімдер ұсынады. Зейнеп Ахметова апамыздың «Бабалар аманаты» атты туындысындағы «Жарапазын» бөліміне назар аударып өтсек. «Жарапазан – ораза кезінде кешкі ауызашардан таңғы сәресіге дейінгі аралықта ораза ұстаған адамдарды құрметтеп, ниеттерінің қабыл болуына тілек айтатын және оразаның қадірқасиетін ұлықтап насихаттайтын өлең. Жарапазанды үйдің сыртынан, есік алдында тұрып айтады. Оны көбінесе жастар мен балалар топталып жүріп орындаған. Алайда бұл бала-шағаның әншейін ермегі емес. Жасөспірімдерді қасына ертіп, мәнді-мағыналы жарапазан өлеңіне дағдыландырып, жөн-жоба үйрететін сақа жігіттер болған. Мұның сыртында екі-үштен бірігіп жүретін өнерлі жарапазаншылардың жөні өз алдына бір бөлек. Олар тақырыпты кеңінен, тереңінен толғап, Рамазан айының мәнмағынасын, бес уақ намаздың қасиетін, имандылық негіздерін ұқтырып, сөз мәйегін келістіре төгілтіп, жыр деңгейіне жеткізіп, өнер сатысына көтере білген. Солардың қарым-қабілетінің нәтижесінде жарапазан қазақ ауыз әдебиетінің тұрмыссалт жырларын толықтыра түскен деуге болады. Ертеде өнер сүйетін, сөз қадірін білетін кейбір дәулетті адамдар жарапазан жырларын бағалап, оны орындаған атақты жарапазаншыларға ат мінгізіп, шапан жапқан екен» – деп жазылған туындыда. Жалпы жарапазанды көбіне ер балалар мен жастар айтады. Ал қыз-келіншектер жарапазан айтып қыдырмайды. Бүгінгі күні мұндай тұрмыстық салтдәстүріміздің мәні қандай? Балалар қай уақытта және қалай жарапазан айтып жүр? Осы мақаламызға арқау болған осы бір сұрақтарға жауап іздеп көрелік. – Бірде түскі ас уақытында мектеп оқушыларының үйге келіп, үй иесін шақырып тұрғанын аңғардым. Жандарына барып едім, жарапазан айтуға рұқсат сұрады. Уақытқа бір қарадым да, балалардың көңілін қалдырмау үшін келісе кеттім. Әп-әдемі тілектерімен жарапазанды өлеңдетіп айтып тұрған баланың сөз соңында «500 теңге беруің керек» деген сөз сәйкестігін байқап қалдым. Не істейді екен деген оймен, оларға жеміс-жидектер мен тәттілер беруді ұсынғаным сол еді, «жоқ, бізге 500 теңге керек» деген сөзіне таңқалдым. Сол сәтте балаларға жарапазанның негізгі мәнін түсіндіріп, қолдарына сұрағанын бергенім бар. Расында, ыңғайсыз дүние. Жоқ, қаражатын бере берерсің. Бірақ мектептен қайтып келе жатқан баланың үйіңе қаражат сұрап келіп тұрғаны сәл ерсі көрінеді екен. Ол балалардың мұндай әрекет жасап жүргенін ата-анасы білмейтіні анық. Ал кей балаларға тәттілер ұсынсаң, қуана қабыл алады. Ондай балаларға өзің де риза болып қаласың,– дейді қала тұрғыны Д.Шөменова. Иә, балалар бұл дәстүрді табыс көзіне айналдырсын мейлі. Бірақ оның тарихын, мән-мағынасын түсініп айтса жақсы. Үйдегі үлкендер де кішкентай бүлдіршіндерге жарапазанның мағынасын айтып, бұл дәстүрдің басты мақсатын ұғындыра білсе дұрыс болар еді. Сол үшін тұрмыстық салт-дәстүрлерімізге жеңіл-желпі қарамай, балаларға оның жауапкершілігін де айта жүргеніміз жөн. Жарапазанның алдымен сәнін емес, мәнін келтірейік!

А.НҰРЛАНОВА
01 сәуір 2023 ж. 423 0