Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұсақ бұзақылық жасағандарға жаза қатаңдатылды

Ұсақ бұзақылық жасағандарға жаза қатаңдатылды

Қоғамдық тәртіпке ең көп таралған қол сұғушылықтардың қатарына ұсақ бұзақылық жатады. Бұрын жеңіл жазамен құтылып кететін болғандықтан көпшілік оның шын мәнінде қылмыстық жауапкершілігі бар іс екендігіне қарап жатпай бірнеше мәрте баратын. Заңда көзделген ереже бойынша айыбын өтеген соң қайта еркінсіп шыға келеді.
Осыдан болар, «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне экологиялық құқық бұзушылықтар және вандализм көріністері үшін әкімшілік жауаптылықты күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 3 қаңтардағы Заңымен ӘҚБтК-нің 434-бабына өзгерістер еніп, үстіміздегі жылдың 7 наурызынан бастап қолданысқа енгізілді.
Бұған дейін ұсақ бұзақылық, яғни қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларға зәбірлеп тиiсу, ғимараттарды, өзге де құрылыс нысандары, тұрғын үй-жайларды, көліктегі және өзге де қоғамдық орындардағы ортақ пайдаланылатын орындарды, мүлікті қорлау, айналасындағыларды сыйламаушылықты бiлдiретiн, қоғамдық тәртiптi және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай әрекеттер –  бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не он тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алуға әкеп соғатын. Ал бүгінде жаңа заңға сәйкес жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға, не бестен он бес тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алуға алып келеді.
Арал аудандық сотының мәліметіне сүйенсек, өзгеріс қолданысқа енгеннен кейін Арал аудандық сотында ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігінде көзделген құқық бұзушылық жасаған азамат Ж-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық  туралы іс қаралды. Сот талқылауы барысында, құқық бұзушының темір жол вокзалы перронында, яғни қоғамдық орында алкогольді масаң күйінде былапыт сөздер айтып, айналасындағыларға сыйламаушылық білдіріп, ұсақ бұзақылық жасағаны өзінің кінәсін мойындаған жауабымен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, медициналық куәландыру қорытындысымен және өзге де іс құжаттарыменанықталып, бекітілген. Сот қаулысымен құқық бұзушыға ӘҚБтК-нің 829-11 бабының 2-бөлігі  басшылыққа алынып, 48 300 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Жаза басқанның жазасы ауыр екендігін естен шығармайық. Қоғамдық орындарда тәртіп сақтап, мемлекет пен жеке тұлғалар мүлкіне зиян тигізбей, жек тұлғалардың ар-намысына тіл тигізбеу қажеттігін, осындай қылмыс орын алса заңның күшті ықпалы барын естен шығармаған абзал.
Н. Марат
09 сәуір 2023 ж. 414 0