Ұсақ бұзақылық үшін жаза күшеймек
Кез-келген мемлекеттің тұрақты өмір сүруінің маңызды және міндетті элементтерінің бірі – қоғамдық тәртіп. Азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында қоғамдық тәртіпті бұзумен күресудің әкімшілік – құқықтық шараларының жүйесі бар. Қоғамдық тәртіпке ең көп таралған қол сұғушылықтардың қатарына ұсақ бұзақылық жатады.
Ұсақ бұзақылық - бұл қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларға қорлап тиiсу, тұрғын үй-жайларды қорлау және айналасындағыларға сыйламаушылықты бiлдiретiн, қоғамдық тәртiптi және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай әрекеттер.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 434-бабында ұсақ бұзақылық үшін бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салу не он тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алу жазасы көзделген. Ал, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер он бес тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алуға әкеп соғады.
Арал аудандық сотымен өткен жылы ұсақ бұзақылық әрекеттері үшін 80 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған, оның 13-не әкімшілік қамаққа алу жазасы қолданылса, 67 азамат жалпы сомасы 750 468 теңгені құрайтын айыппұлға жазаланған.
«Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне экологиялық құқық бұзушылықтар және вандализм көріністері үшін әкімшілік жауаптылықты күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 3 қаңтардағы Заңымен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 434-бабына өзгерістер енгізу көзделген (Заң 05.01.2023 ж Егемен Қазақстан газетінде жарияланған).
Онда, ұсақ бұзақылық үшін жаза күшейтіліп - жиырма АЕК мөлшерiнде айыппұл салу (69 000 теңге) не бестен он бес тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алу жазасы қарастырылған. Әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер – он бестен отыз тәулікке дейінгі мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алып келеді. Өзгерістер алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізілмек.
Арал аудандық сотының баспасөз қызметі