Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сотты құрметтеу-Азаматтардың парызы

Сотты құрметтеу-Азаматтардың парызы

Қазақстан Республикасының Конституциясының 75-бабының 1-бөлігінде сот төрелігін тек сот қана жүзеге асыратыны көрсетілген. Сот ғимаратының табалдырығын аттағаннан бастап бұл жауапкершілікті әрбір жан сезінуі керек. Сотқа өз сөзінің тікелеу әсер ететінін біле тұра шақыртуға себепсіз келмегендер сотты құрметтемей тұрғанын жете түсіну керек. Шақырту қағаздары дер кезінде жеткізіліп, тіпті, жеделдік артқан ақпарат дәуірінде SMS хабарламалардың көмегімен хабардар бола тұра келмей, сот отырысының уақытында өтуіне кедергі жасау сотты сыйламау болып табылады.Мұндай немқұрайлық танытқан азаматтардың Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 653-бабына сәйкес жазаланатындарын білгені жөн. Кодекстің бұл бабында процеске қатысушылардың және өзге де адамдардың шақыру қағазы, хабарлау, хабардар ету немесе шақыру бойынша сотқа дәлелді себептерсіз келмеуінен, сот отырысында төрағалық етушiнiң өкiмдерiне бағынбаудан, сотта белгіленген қағидаларды бұзудан көрiнген сотты құрметтемеушiлiк, сондай-ақ сотты және (немесе) судьяны құрметтемеушiлiк туралы анық көрінетін өзге де әрекеттер (әрекетсiздiк) сотты құрметтемеу болып саналатыны тайға таңба басқандай жазылған. Заңды бұзған азаматтарға әрекеттеріне қарай ескерту жасау не жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. Ал, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген қайталап жасалған әрекеттер (әрекетсiздiк) бойынша отыз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не он тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу әкімшілік жазалары көзделген.
Арал аудандық сотында 2017 жылы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 653-бабымен барлығы 8 адамға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық ісі қаралып, 4 тұлғаға ескерту берілсе, 4 тұлғаға қатысты әкімшілік қамаққа алу жазасы қолданылған. Ал, үстіміздегі жылдың 5 айында 5 адамға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық іс қаралып, оның ішінде 4 тұлғаға ескерту жасалса, 1 тұлға әкімшілік қамаққа алу жазасына тартылған.
А.Б.Болатбеков
Арал аудандық сотының бас маман-аға сот приставы,
Заңгерлер одағының мүшесі 
17 мамыр 2018 ж. 1 106 0