Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қателіктен сабақ алған жөн

Қателіктен сабақ алған жөн

tolqyn.kz Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамаға сәйкес, әкiмшiлiк жаза, әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасағаны үшiн қолданылатын мемлекеттiк мәжбүрлеу шарасы болып табылады және мұндай құқық бұзушылық жасаған тұлғаны құқықтары мен бостандықтарынан осы заңнамада көзделгендей айыруды немесе олардың шектелуін қамтиды.
Әкiмшiлiк жаза құқық бұзушылықты жасаған тұлғаны заңнама талаптарын сақтау және құқық тәртiбiн құрметтеу рухында тәрбиелеу, сондай-ақ құқық бұзушының өзiнiң де, басқа тұлғалардың да жаңа құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу мақсатында қолданылатыны белгілі.
Десе де, одан қорытынды шығармай, сот қаулысымен белгіленген шектеулерді орындамай, заң талаптарына немқұрайлықпен қарайтындар да бар. Олай деуіміздің өзіндік себебі де жоқ емес.
Мәселен, Арал аудандық сотында көлік басқару құқығынан  айырылса да, заң талаптарын елемей, көлік тізгіндеген азаматтарға қатысты Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 612-бабының 3 және 4-1-бөліктерімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер жиі қаралады. Аталмыш баптың бұл бөліктері көлiк құралын басқару құқығынан айрылған жүргiзушiнiң көлiк құралын басқарғаны үшін, сондай-ақ осындай әрекеті үшін әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер үшін жауаптылық белгілейді.
Мысалы, азамат К. 2020 жылы сот қаулысымен ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 7 жылға көлік құралдарын басқару құқығынан айырыла тұра, көлік құралын басқару әрекетін әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасаған.

Сот отырысында оның құқық бұзушылық әрекеті, өзінің кінәсін мойындаған жауабымен, сондай-ақ сотта зерттелген іс құжаттарымен толық дәлелденген.

Сот қаулысымен бұл азамат Қазақстан  Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 612-бабының 4-1 бөлігімен кінәлі деп танылып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы қолданылған.
Жыл басынан бері аудандық сотта жүргізу құқығынан айырыла тұра, көлік тізгіндеген тұлғаларға қатысты 12 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралып,  әкімшілік жауаптылық түрлері белгіленген.
Қорыта айтқанда, әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамада көзделген әрбір құқық бұзушылық үшiн әкiмшiлiк жауаптылық туындайтынын естен шығармағанымыз абзал.
Т.Тлеубаева
Арал аудандық сотының
бас маманы 
23 қараша 2022 ж. 360 0