Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Басқару құқығынан айырыла тұра, көлікті қайта тізгіндеген азамат әкімшілік қамаққа алынды

Басқару құқығынан айырыла тұра, көлікті қайта тізгіндеген азамат әкімшілік қамаққа алынды

Әкiмшiлiк жаза, әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасағаны үшiн қолданылатын мемлекеттiк мәжбүрлеу шарасы болып табылады және мұндай құқық бұзушылық жасаған тұлғаны құқықтары мен бостандықтарынан Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексте көзделгендей айыруды немесе олардың шектелуін қамтиды.
Ондағы мақсат, құқық бұзушылықты жасаған тұлғаны заңнама талаптарын сақтау және құқық тәртiбiн құрметтеу рухында тәрбиелеу, сондай-ақ құқық бұзушының жаңа құқық бұзушылықтар жасауының алдын алуды көздейді.
Алайда, одан қорытынды шығармай, сот қаулысымен белгіленген шектеулерді орындамай, заң талаптарына немқұрайлықпен қарайтындар да бар.
Мәселен, Арал аудандық сотында көлік басқару құқығынан айырылса да, заң талаптарын елемей, көлік тізгіндеген азаматқа қатысты Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 612-бабының 4-1-бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаға сәйкес, азамат К. 2020 жылы сот қаулысымен ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 7 жылға көлік құралдарын басқару құқығынан айырыла тұра, көлік құралын басқару әрекетін әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасаған.
Сот отырысында оның құқық бұзушылық әрекеті, өзінің кінәсін мойындаған жауабымен, сондай-ақ сотта зерттелген іс құжаттарымен толық дәлелденген.
Сот қаулысымен К. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 612-бабының 4-1 бөлігімен кінәлі деп танылып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы қолданылған.
Айта кету керек, жыл басынан бері аудандық сотта жүргізу құқығынан айырыла тұра, көлік тізгіндеген тұлғаларға қатысты 9 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралып, әкімшілік жауаптылық түрлері белгіленген.

Арал аудандық сотының баспасөз қызметі
03 тамыз 2022 ж. 424 0