Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бренд қалыптастыруға бағытталған бастама

Бренд қалыптастыруға бағытталған бастама

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Кәсіпкерлер палатасы Үкіметтің сенімді серіктесіне айналды және еліміздің орнықты дамуына зор үлес қосып келе жатыр. «Атамекен» ұлттық бизнестің мүддесін тек Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ халықаралық деңгейде де үнемі қорғайды» деген болатын. Бүгінде кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, жаңадан кәсіп аламын деушілерге тиімді бағыт беретін кәсіпкерлер палатасының жұмысы шындығында көңіл көншітеді. Ел экономикасының дамуына ерекше серпін беретін кәсіпкерлік саласының қарышты дамуына, толағай табысына негізделген жүйелі жұмыстарды ұйымдастыруда аудандық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының да еңбегі орасан.
Осы аптада «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиал директоры, аудандағы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Нұрсәуле Ембергенованың ұйымдастыруымен өткен осындай ауқымды жұмыстардың тағы біріне куә болдық. «Бір ауыл – бір өнім» жобасын аудандағы кәсіпкер әйелдерге түсіндіру аясында семинар өтті.
Шара түрлі бағытта өз кәсібін дөңгелетіп отырған өнім өндірушілердің көрмесімен басталды. Арнайы келген Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Пирмұхаммед Сыздықов, облыстық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Наталья Мишукова, Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы Әсел Алушаева көрмені тамашалап, кәсіпкер қыз-келіншектердің еңбектеріне тәнті болды. Алдағы уақытта осы жұмыстарды одан әрі дамытуға өздерінің ойларын айтып, ұсыныстарын білдірді.
Одан әрі аудан қонақтары кәсіпкерлермен еркін форматта жиын өткізді. Жиынды жүргізген аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ренат Жанаев аудан көлеміндегі жұмыстарды ақпараттандырды. Өз ісін бастауға ниетті кәсіпкерлердің қарасы өте көп екенін тілге тиек ете келе, бірқатар жаңадан қолға алынып жатқан ауқымды жобаларды да атап айтты.
Одан кейін Пирмұхаммед Сыздықов ауданға келген сапарларының басты мақсатын айта келе, «Мен кәсіпкер» жобасының бағыттарын түсіндіріп, осы бағытта қандай шаралар қолға алынатынын, кәсіпкерлерге қаншалықты қолдау болатынына нақты тоқталды.
Сондай-ақ Наталья Мишукова, Әсел Алушаева өздері тарапынан кәсіпкер қыз-келіншектерге қандай көмек болатынын айта келе, өзіндік тәжірибелерін де бөлісті. Өз қызметін ұстаздықтан бастап, бүгінгі таңда 700 оқушыға білім берумен айналысып келе жатқан жеке мектептің құрылтайшысына айналған Наталья Мишукова бастысы алға мақсат қойып, сол мақсатқа жетуге деген сенімнің болуы қажеттігін жете түсіндірді. Және «Бір ауыл – бір өнім» жобасы қолға алынған кезде шығынсыз табысқа қалай жетуге болатындығын кеңінен айтып өтті. Мәселен, осыдан 10 жыл бұрын көршілес Қырғызстанда басталған осы жобаның арқасында жергілікті жерде өсетін өсімдіктің өзін әлемдік брендке айналдырып, жаһанға танылған кәсіпкер әйелдің тәжірибесімен бөлісті.
Расында шығынсыз табысқа жету кәсіпкердің табандылығын, іскерлігі мен кәсіпке икемділігін анық көрсетеді. Осы тәжірибені аралдықтар да жүзеге асыруға мүмкіндік мол. Оған мемлекет тарапынан қолдау да бар. Тек тынымсыз еңбек қажет. Мәселен, жантақтың пайдасын жарнамалай отырып, одан түрлі емдік препараттар жасауға, ақ алтынның отанына айналған жақсықылыштықтар тұздың қалдығынан бүгінде әлем халқы тұтынып жүрген заттарды жасауға, тіпті түйенің жүні мен шудасын, шұбатын да жаһандық аренада аралдық брендке айналдырудың жолын нұсқады. Бірақ бұл бағытта жұмыс жасау тек бір ғана кәсіпкердің жұмыс жасауына қиындық тудыруы мүмкін екеніне тоқталған олар, жергілікті жерде бірнеше кәсіпкер болып осындай үлкен жобаны жолға қоюға болатындығын да түсіндірді.
Жиын барысында жергілікті кәсіпкер әйелдер де өз сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды.
О.ЖОЛДАСОВ

22 сәуір 2023 ж. 249 0