Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Кәсіпкерлер арасында жастардың көбейгені қуантады

Кәсіпкерлер арасында жастардың көбейгені қуантады

Өткен жылы кәсіпкерлік саласында айтарлықтай жоғары көрсеткіш бар. Жыл басынан бері аудандағы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 4 мыңнан асып түсті. Әсіресе жастардың жеке кәсіп ашуға деген ынтасы жоғары. Оларға мемлекет тарапынан қолдау жасалуда. Жұмыссыз жартарға 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қайтарымсыз гранттар беріліп, кәсібін бастауға жәрдем көрсетілуде.
Ауданда «Kásipkerligińdi ózińnen BASTA» тақырыбында еркін форматтағы кездесу өткізілді. Сексеуіл кентінде бастау алған шара Арал қаласында жалғасын тапты. Бұған дейін кәсіпкерлерге арналған бағдарламалар мен жобаларды түсіндіру үшін ауданнан құрылған арнайы жұмысшы топ кент және ауылдық округтегі кәсіпкерлермен кездесулер өткізген болатын. Кездесу барысында мемлекеттік бағдарламалардың тиімді тұстары түсіндіріліп, ауылдан жаңа кәсіп түрлерін қолға алуға болатындығы туралы мәліметтер берілді. Қазіргі күні ауыл жастары да бағдарламаның игілігін көріп, ауылдықтардың қажетін өтеумен қоса, өздері де табысқа кенеліп отырған жайы бар.
Ауданға арнайы жұмыс сапарымен келген Қызылорда облысы кәсіпкерлік және туризм басқармасының маманы Әлібек Асылхан, аудан әкімінің орынбасары Ербол Талекенов, сондай-ақ аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Рахметжан Бисембаев, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Арал ауданы бойынша бөлімшесінің директоры Нұрсәуле Ембергенова алдымен Сексеуіл кентінде болып, мұндағы жас кәсіпкерлермен кездесті. Мемлекеттік бағдарлама арқылы гранттық қаражатқа қол жеткізіп, кәсібін дөңгелетіп отырған жандардың жұмысымен танысты.
Мұнан әрі шара Арал аудандық мәдениет үйінде жас кәсіпкерлердің тың идеяларын дамыту мен кәсіпкерлікке деген ынталарын арттыру мақсатында ұйымдастырылған «Kásipkerligińdi ózińnen BASTA» тақырыбында еркін форматтағы кездесуге жалғасты.
Шараға көршілес Қазалы және Қармақшы аудандарының жас кәсіпкерлері де қатысты. Кездесу алдымен үш аудан кәсіпкерлерінің өнімдері қойылған көрмеден бастау алды.
Жиын барысында облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының маманы Әлібек Асылхан кәсібін жаңадан бастаған кәсіпкерлерді қолдау мақсатындағы бірқатар мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылу барысын кеңінен түсіндіріп өтті.
Одан соң кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, сүйемелдеу және құқықтарын қорғау мақсатында ауданда көрсетіліп жатқан қызметтер туралы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Арал ауданындағы филиал директоры Нұрсәуле Ембергенова кеңінен тоқталды.
Шара барысында жиынға қатысушы кәсіпкерлер де сөз алып, мамандарға өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Кездесу соңында тың идеяларын жүзеге асырып, кәсіп ашып, аудандағы кәсіпкерлік саласының дамуына үлес қосқан белсенді кәсіпкерлерге аудан әкімінің Алғыс хаты табысталды.
Н. МАРАТ
02 сәуір 2021 ж. 658 0