Жүрек ауруларының алдын алатын 5 қарапайым қадам
Жүрек - адам денесінің "моторы". Адамдар арасында жүрек-қан тамырлар аурулары жиі кездеседі. Олардың алдын алу үшін қарапайым әдеттерді сақтау жеткілікті.
1. Ұйқыны қандыру
Ұйқы - адам ағзасына өте қажет процесс. Десе де, әдетте қала тұрғындары ұйқының бұзылуына жиі шалдығады. Оған себеп - қарбалас өмір ырғағы мен бітпейтін күйзелістік жағдайлар. Ұйықтау мен ояу жүру режимі артериялық қысым циклімен тікелей байланысты: жүрекке демалуға мүмкіндік беру үшін артериялық қысым түнде төмендеуі керек. Ұйқысыздықпен қиналатын адамдарда бұл режим бұзылады: қысым түнде жоғары деңгейде сақталып, жүрек түнде де күндізгі секілді режимде жұмыс істейді. Ал ол жағымсыз салдарларға әкеледі. Оған қоса, ұйқының жетіспеуі күйзеліс гормоны - кортизолды арттырады. Ол да жүрек-қан тамырлар жүйесіне өз әсерін береді.
Түнде 7-8 сағат ұйықтауға тырысыңыз және күнде бір уақытта жатуды әдетке айналдырыңыз. Ұйықтар алдында белсенді жаттығулар жасамаған дұрыс. Сондай-ақ бұл кезде компьютерлік ойындар ойнамаңыз және қорқынышты немесе триллер жанрындағы фильмдер көрмеңіз.
2. Көбірек қозғалу
Көпшілік көп уақытын компьютер алдында немесе смартфонмен өткізеді. Отырыңқы өмір салты бас ауруының, шаршаңқылықтың, омыртқа проблемасының себебі болып қана қоймай, жүрек-қан тамырлар аурулары қаупін арттырады. Жүрек - бұлшықеттік орган, ал бұлшықеттер жаттығусыз "семіп" қалады.
Кез келген белсенділік пайдалы: таңғы жеңіл жаттығу, велосипед тебу, жаяу жүріс, би, жүзу, балалармен жүгіріп ойнау, баспалдақпен жүру, бақшадағы жұмыс, үйді тазалау. Бастысы, физикалық жүктеме жүйелі түрде болуы керек және ол шамаңызға қарай таңдалуы тиіс.
3. Темекі тартпау
Никотин адам өмірін қысқартады. Темекі тартатын адамдардың инфаркт алу қаупі жоғары. Оған қоса, темекі түтінінің ұсақ бөліктері ағзаға түскен кезде көптеген ауруларды ынталандырады. Мысалы: остеопороз, анемия, бедеулік, онкология.
4. Салмақты бақылау
Семіздік жүректің ишемиялық ауруының, гипертонияның, атеросклероздың пайда болу қаупін 4 есе арттырады. Тамақтану рационыңызды қайта қарастырыңыз. Майлы, қуырылған және ұннан жасалған тағамдарды азайтыңыз. Мәзірге жасұныққа бай өнімдерді қосыңыз. Себебі ол қан тамырларды тазартады және қандағы "жаман" холестерин деңгейін азайтады.
5. Күйзеліспен күресу
Созылмалы күйзеліс жүйке жүйесін шаршатады және денсаулықты бұзады. Ұзақ уақыт бойы күйзелісте жүрген адамдарда инфаркт және инсульт қаупі артады.
Жағымсыз эмоциялардан уақытында арылыңыз. Йогамен және медитациямен айналысыңыз.