Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Өмір сүру салты жүрекке қалай әсер етеді?

Өмір сүру салты жүрекке қалай әсер етеді?

Өмір сүру салтыңыз ағзаңыздың жағдайына қаншалықты әсер ететіні жайлы ойланып көрдіңіз бе? Адамдардың көптеген әдеттері жүрек-қан тамырлар ауруларының дамуына әкеледі. Жүрекке зиян келтірмес үшін қандай факторларды ескеру керек?

1. Темекі тарту
Темекі тарту — жүрек пен қан тамырлар ауруларының пайда болуының және дамуының негізгі себептерінің бірі. Темекі тарту қан тамырларға жағымсыз әсер ететін атеросклероздық түйіншектердің түзілуіне және олардың созылмалы қабынуына ықпал ететіні дәлелденген. Сондықтан да темекі тартатындардың жартысында инфаркт пен инсульт болады. Көпшілік үшін темекіден мүлдем бас тарту қиынға соғады. Бірақ бұл қадам салауатты өмір салтын қалыптастыруда өте маңызды. Ол миокард инфарктының даму қаупін азайтуға және өмір ұзақтығын 3-5 жылға арттыруға мүмкіндік береді.

Никотиннен бас тарту процесін жеңілдету үшін ауыстырмалы терапияны қолдануға болады: сағыз, спрей, таблеткалар, жапсырмалар. Психологиялық қолдау да өте маңызды, сондықтан темекі тастаушы адаммен оның туғандары мен жақындары көбірек әңгімелесуі керек: темекіден бас тартудың артықшылықтары жиі айтылуы тиіс.

2. Алкоголь
Ішімдікке салыну — аптасына 100 грамнан артық таза спирт ішу. Ол зат алмасудың бұзылуына әкеледі. Оның бір бөлігі жүрек пен қан тамырларға жағымсыз әсер етеді. Алкогольден қант мөлшері мен қандағы «жаман» холестерин артады: ол қан тамырлардың атеросклероздық зақымдалуын ынталандырады, ағзада сұйықтықтың тұрып қалуына ықпал етеді және артериялық қысымды арттырады. Алкогольді шектеу немесе одан мүлдем бас тарту жүрек-қан тамырлар ауруларының алдын алу үшін қажет.

3. Тамақтану
Егер мәзіріңізде трансмайларға (пальма майы, маргарин) және жылдам көмірсуларға (кондитерлік тағамдар) бай өнімдер басым болса, ол ағзадағы зат алмасудың бұзылуына әкеледі. Осылайша, қандағы атерогенді липидтер артады: ол қан тамырлар атеросклерозы дамуының бір себебі болып келеді.

Келесі маңызды аспект — тұзы көп тағам жеу артериялық гипертонияның дамуына ықпал етеді. Адам ағзаға тұз келуінің шамамен 80%-ын байқамайды, себебі дүкеннен сатып алынатын барлық дерлік өнімнің құрамында тұз болады. Сондықтан көбірек жемістер, көкөністер, жаңғақтар, бұршақтылар, балық, тұтас дәнді тамақтану өнімдерін жеу ұсынылады. Ал қызыл етті, өңделген ет өнімдерін (шұжықтар), құрамында тазартылған қанты көп өнімдерді (қант, ұнды өнім, тәтті газдалған сусындар) азайту керек.

4. Диета
Жүрек-қан тамырлар ауруларының алдын алу үшін және оның даму қаупін азайту үшін Жерорта теңіздік және DASH диетасы пайдалы.

5. Кофе
Артериялық гипертониясы (жоғары қан қысымы) бар адамдарға кофе ішпеу керек деген пікір бар. Шынымен де, кофеин әлсіз тамыр тарылтқыш қасиетке ие, бірақ ол өте қысқа мерзімді және аса білінбейді. Яғни, оның әсерін аса жағымсыз деп айтуға да келмейді.

Егер артериялық қысыммен проблемаңыз болмаса немесе қысымыңыз дәрілермен бақылауға болатын болса, бір-екі кесе кофе ішкеннен денсаулығыңызға зиян келе қоймайды. Керісінше, кей тәжірибелер мөлшермен ішілген кофе жүрек-қан тамырлар жағдайына жағымды әсер ететінін дәлелдеген.

6. Спорт
Отырыңқы өмір сүру салты және физикалық белсенділіктің жетіспеушілігі артық салмақтың пайда болуына, қандағы холестерин мен үшглицеридтердің көбеюіне, оксидативті күйзелістің артуына ықпал етеді. Басқаша айтсақ, күніне 10 сағаттан артық отыру жүрек-қан тамырлар ауруларының даму қаупін арттырады.

Адам қаншалықты физикалық белсенді болса, оның ұзақ өмір сүру мүмкіндігі де жоғары болады. Себебі бұл кезде жүрек-қан тамырлар ауруларының және 2-ші типті қант диабетінің даму қаупі азаяды. Бірақ белсенділік түрін саналы таңдау қажет: оның қарқындылығы мен ұзақтығын таңдарда сіздің денсаулығыңыздың жағдайы ескерілу керек. Жүктемені арттырар алдында дәрігермен немесе тәжірибелі жаттықтырушымен кеңесу қажет. Спортпен айналысу денсаулыққа пайдалы болу үшін онымен жүйелі түрде шұғылдану керек.

massaget.kz
11 мамыр 2022 ж. 552 0