Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанда әйелдерге арналған төмен пайызды ипотека жарты күн болмай аяқталды

Қазақстанда әйелдерге арналған төмен пайызды ипотека жарты күн болмай аяқталды

Елдегі әйелдерге арналған төмен пайызды ипотекалық бағдарлама жарты күн болмай жатып аяқталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

10 мамыр күні “Отбасы банк” елімізде әйелдерге арналған “Ұмай” ипотекалық бағдарламасы бойынша өтініш қабылдау басталатынын хабарлаған. Бірақ белгіленген лимит жарты күнге жетпей толды. Қаржы институты осыған байланысты өтініш беруді жабуға мәжбүр болғанын хабарлады.

“Әйелдер ипотекасының тартымды шарттары барлық сату арналарында үлкен сұранысқа ие болды! Біз несие беру лимитіне күннің бірінші жартысында қол жеткізіледі деп күткен жоқпыз және өкінішке орай бүкіл Қазақстан бойынша өтінімдерді қабылдауды жабуға мәжбүр болдық. Күннің бірінші жартысында өтініш берген бақытты жандарды құттықтаймыз және өз баспанаңыз туралы арманыңызды жүзеге асыруда сәттілік тілейміз”, – делінген банк хабарламасында.

Айта кетейік “Ұмай” әйелдер ипотекасы елімізде 3 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Яғни “Отбасы банк” “Азия даму” банкімен бірлесе жалпы сомасы 38 миллиард теңгеге әйелдерді несиелендіру туралы келісім жасаған. Аталмыш бағдарлама бойынша 2021 жылы 8,4 миллиард теңге көлеміндегі бірінші транш игеріліп, 954 несие берілген болатын. 2022 жылы 14 миллиард теңге көлемінде екінші транш қабылданып, 1120 қыз-келіншек қоныс тойын тойлады. Биыл бағдарламаға 15,6 миллиард теңге бөлінген.

Бағдарламаның ерекшелігі - 30 миллионға дейінгі баспананы 25 жылға несиеге рәсімдей аласыз. Несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі 14,4 пайыздан бастап пәтер құнының 50 пайызы жинақталғанда 3,5 пайызға төмендету мүмкіндігі бар.
10 мамыр 2023 ж. 217 0