Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанда жеңілдетілген автонесие алу үшін өтініш қабылдау тоқтатылды

Қазақстанда жеңілдетілген автонесие алу үшін өтініш қабылдау тоқтатылды

Жеңілдетілген автонесие беретін банктердің үшеуі де - Еуразиялық банк, Халық банкі және Банк ЦентрКредит өтініш қабылдауды тоқтатты. Бұған мемлекет тарапынан бөлінетін қаражаттың тоқтап қалуы себеп болған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.

"Қазіргі күнге дейін 9 мыңға жуық өтініш қабылданған. Қаржыландырудың бірінші траншы аяқталды. Өтініштерді қабылдау 20 мамырдан бастап тоқтатылған. Өтінімдерді қабылдау қашан басталатыны яғни мемлекеттен қаражаттың екінші траншының түсетін уақыты әлі белгісіз", - дейді Еуразиялық банктің баспасөз қызметі.

Банк менеджерлері өтініштер шегінің соңына жеткенін айтады. Тіпті өзінің қалауындағы көлікке өткен жылдан бері кезекке тұрғандардың өзі көлікке қол жеткізе алмаған. Жеңілдетілген несие алуға рұқсатты өтініш беріп үлгерген қазақстандықтар алады. Бірақ көлік алу үшін несие алуды енді ойға алған адамдар біраз уақытқа дейін кезекке тұра алмайды.

Нұр-Сұлтан қаласы, Тұран даңғылында орналасқан Kia Allur автосалонында көліктер жеткілікті, бірақ соңғы кездері банктер арқылы несиелеуге қаржы бөлінбей қойғанын айтады. Әзірге тек ForteBank ғана өтінімдерді қабылдауды жалғастыруда. Жалпы автосалондарда кезекте тұрғандардың саны 13 мың адамды құрайды.

"Банктерде ақша аз қалды, енді кезекке тұрғандар көлік ала алмайды": Елімізде жеңілдетілген автонесие тұралап, көлік тапшылығы ушығып барады

Қазақстанда 4%-пен кредитке берілетін көліктер қанша тұрады

Автонесие кімдерге берілмейді? Банк өкілдері жауап берді
Kia Allur автосалонының мәліметінше, механикалық қораптағы отандық көліктің ең төменгі құны 7,8 миллион теңгені құрайды. Қалған көліктердің бағасы 8 миллион теңгеден және одан да жоғары. Отандық өндірістің кең таралған брендтері - Chevrolet, JAC, Kia, Hyundai көліктері.

Ал ranking.kz сайтының мәліметінше, маусым айының басында 24,19 мың өтініш қабылданып, 72,7 млрд теңге сомасында 9,84 мың өтініш мақұлданған. Бағдарлама аясында қазақстандықтарға барлығы 1618 автокөлік берілген.

Бағдарламаның шарттары барлық банктерде бірдей: сыйақы мөлшерлемесі 4%, несие сомасы 10 миллион теңгеге дейін, қаржыландыру мерзімі 7 жылға дейін, бастапқы жарна 0 пайыздан бастап, көліктің бағасы 15 миллион теңгеден аспауы шарт.
03 маусым 2022 ж. 492 0