4 пайыздық автонесие қаншалықты тиімді?

Осы тұрғыда белгілі экономист Мақсат Халық: "Мен негізі 4 пайыздық жеңілдетілген автонесие беру үрдісін қатты қолдамаймын. Өйткені бұл қаражат банктердің шығындарын өтеу үшін, екінші деңгейлі банктерді қолдау үшін жұмылдырылады. Шын мәнінде, нарықтағы жағдай бойынша сыйақы мөлшері 14 пайызды құрайды. Демек оның үстіндегі шығынды мемлекет көтереді деген сөз. Мемлекет көтерсе, мемлекеттік бюджеттен төленеді ғой. Осы мәселеге қарсы екенімді айтқым келеді",– дей келе, сарапшы бұл бағдарламаның оңды тұсы бар екенін жоққа шығармады. Азаматтардың төмен пайызбен несие алуға мүмкіндігі болады, бірақ оның өзі шектеулі болатындығын, 4 пайыздық автонесиені алған күннің өзінде жасалатын келісімшартқа тереңірек үңілу қажеттігін атап айтты.
Аталған бағдарлама арқылы автокөлік алғыңыз келсе, жеңілдетілген автонесие рәсімдеу үшін сіздің жасыңыз 21 жастан жоғары және тұрақты айлық табысыңыз болуы міндетті саналады. Сонымен бірге әрбір екінші деңгейлі банк өз тұтынушысының несие тарихын, табыс көзі және тағы да басқа шарттарды жеке қарайды. Осы міндетті шарттардан кейін, бірден жеңілдетілген несие алуға өтініш жазуыңыз қажет. Бұл тез бітетін шаруа емес, аталған банк сіздің төлем қабілетіңіз бен несие тарихыңызды, ай сайынғы табысыңызды зерттейді. Барлық кедергілерден өткеннің өзінде, бағдарламаның қаншалықты тиімді екеніне әбден көз жеткізуіңіз керек. Белгілі болғандай аталған бағдарламаға 4 банк: «Халық банк», «Банк ЦентрКредит», «Форте банк» және «Еуразиялық банк» қатысады. 16 мамырдан бері Банк ЦентрКредит 1000 пен Еуразиялық банк 1200 азаматтардан өтінім қабылдады.
Сондай-ақ 4 пайыздық автонесиенің сақтандыру шығыны көлік алушының есебінен төленеді. «Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционерлік қоғамы өкілдерінің айтуынша, Үкіметтің қаулысымен 4 пайыздық сыйақы белгіленген. Бұл сыйақы өспейді, дегенмен оның қасында банктің көрсеткен қызметтері бойынша қосымша төлемдер, сақтандыру шығындары да бар. Банк өз тәуекелін сақтандырмай сіздерге несие бермейді. Сондықтан оның шығыны несие алуға ниетті азаматтың есебінен жүргізіледі. Сонымен қатар 4 пайыздық сыйақы мөлшерлемесінің үстіне қосылатын пайыздық үстемелер әр банкте әртүрлі болуы мүмкін. Жеңілдетілген автонесие бойынша ғана емес, бүкіл несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесінен бөлек, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі бар. Несиенің пайызы осы тұрғыдан өседі. Ал Үкімет белгілеген 4 пайыз сыйақы мөлшерлемесі өспейді. Сыйақы Үкімет қаулысы бойынша жеке төленеді. Сондықтан несие қымбаттап отыр. Ал сақтандырусыз несие ала алмайсыз.
"Толқын" ақпарат