Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау

Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау

Арал ауданында 3082 мың ерекше қажеттіліктері бар адам тұрады. Мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру және әлеуметтік қолдау мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі болып табылады.
Бүгінгі таңда ауданда тұратын 2149 мүгедектігі бар адамның 935-і еңбекке қабілетті жаста (43,5%), 722-сі зейнеткерлік жаста (33,6%) және 492-сі 18 жасқа дейінгі балалар (22,9%).
Мүгедектігі бар адамдар көрсетілімдері мен қарсы көрсетілімдерін ескере отырып, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен протездік-ортопедиялық көмекпен, сурдо-тифлотехникалық құралдармен, кресло-арбалармен, санаторлық-курорттық емдеумен, міндетті гигиеналық құралдармен, жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының қызметтерімен қамтамасыз етіледі.
Мемлекет мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қамсыздандыруды жетілдіру жөнінде тұрақты негізде шаралар қабылдауда.
Азаматтарға ыңғайлы болу үшін 2020 жылы мүгедектігі бар адамдарға техникалық құралдар (бұдан әрі – ОТҚ) өндірушісі мен жеткізушісін және оңалту қызметтерін өз бетінше таңдауға мүмкіндік беретін Әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылды. Порталды енгізу оңалтудың жеке бағдарламаларының орындалуын 90%-ға дейін жеткізуге, сондай-ақ тұрғылықты жеріне қарамастан қызметтер мен техникалық құралдарға қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Осы жылдың басынан бастап портал арқылы 628 мүгедектігі бар адам ОТҚ, 33 адам ымдау тілі, 257 адам жеке көмекші қызметтерін алды.
Мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді және кедергісіз орта құру бойынша жұмыс жүргізілуде. Объектілерді бейімдеу және мүгедектігі бар адамдарға осы ақпараттың қолжетімділігі жөніндегі шараларды мониторингтеу үшін «Қолжетімділіктің интерактивті картасы» порталы жұмыс істейді.
2023 жылға бейімделуге аудан бойынша 32 нысанның тізімі бекітілген. Ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған инфрақұрылым нысандарын талапқа сай бейімдеу жұмыстарын 1 шілдеге дейін аяқтауға тиісті тапсырмалар берілді.
2022 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның 76 заңнамалық актіге өзгерістер енгізуді көздейтіні ерекше маңызға ие.
– Денсаулық сақтау ұйымдарында мүгедектігі бар адамдарға бірінші кезекте қызмет көрсету құқығын айқындау;
– мүгедектігі бар баланы санаторлық-курорттық емдеуге алып жүретін заңды өкілдердің біріне санаторийде болу құнын санаторлық-курорттық емдеу құнын өтеу ретінде берілетін кепілдік берілген соманың 70% мөлшерінде өтеу түріндегі өзгеріс;
– «абилитация» ұғымын енгізу (мүгедектігі бар адамдардың тұрмыстық, қоғамдық және кәсіби қызметке қабілеттерін қалыптастыруға және дамытуға бағытталған шаралар кешені);
Сонымен қатар аудандық мәслихаттың 2022 жылғы 23 қарашадағы №314 шешімімен санаторий-курорттық емделу қызметіне бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдармен ілесіп жүретін адамдарға жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай, өтініш негізінде 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әлеуметтік көмек көрсетіледі.
Бүгінгі күні туындаған әлеуметтік проблемаларды еңсеру және мүгедектігі бар адамдардың қоғам өміріне қатысу мүмкіндіктерін қалыптастыру мақсатында стационар, жартылай стационар және үйде күтім жасау жағдайларында арнаулы әлеуметтік қызметтер (бұдан әрі – АӘҚ) көрсетіледі. Қажеттілікке байланысты арнаулы әлеуметтік қызметтер 8 бағыт бойынша ұсынылады: әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық.
Үйден әлеуметтік қызмет көрсету бойынша аудан бойынша 112 мүгедектігі бар балаларға 32 әлеуметтік қызметкер, 91 жалғызілікті қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға 18 әлеуметтік қызметкер қызмет көрсетеді.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыспен «Арал ауданы мүгедектер ұйымы қоғамдық бірлестігі» 18 жасқа дейінгі 25 мүгедектігі бар балаларға күндіз болу бөлімшесі бойынша жартылай стационар жағдайында қызмет көрсетуде. 2023 жылдың 4 айында Қызылорда қаласында орналасқан «Талсуат-мүгедектерді оңалту орталығына» ем алуға 19 мүгедектігі бар адам, 1 қарт жолданды. Жеке оңалту бағдарламасына Қызылорда қаласында орналасқан №2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына мүгедектігі бар 6 адам, №1 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына 1 жалғызбасты қарт жолданды.
Аудандағы мүгедектігі бар адамдардың назарына, егерде Сіздерге абилитациялау және оңалтудың жеке бағдарламасы әзірленген болса, электронды цифрлық қолтаңбаларыңызбен бөлімге келіп, мамандардың көмегімен қызметтерді алуларыңызға болады.
Н. БАЙНАЗАРОВА,
аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің ұйымдастыру, кадр, ардагерлермен, мүгедектермен жұмыс және әлеуметтік төлемдер секторының меңгерушісі
21 мамыр 2023 ж. 356 0