Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » МӘМС жүйесіне артық немесе қате төленген жарналарды қалай қайтаруға болады?

МӘМС жүйесіне артық немесе қате төленген жарналарды қалай қайтаруға болады?

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына МӘМС жүйесіне артық немесе қате төленген жарналарды қалай қайтаруға болады деген сұрақпен турғындар жиі жүгінеді. Бұл сауалға Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалының бас сарапшысы Айгүл Аханова жауап берді.

Қор маманы түсіндіргендей, егер БЖТ төлеу кезінде артық төлем жасалса немесе деректерді енгізу кезінде қате болса, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына өтініш жазып, төлемді растайтын құжаттарды қосу қажет.
Өтінішті қарау 15 жұмыс күнінен аспайды. Төлем қандай түрде жүргізілсе, дәл солай қайтарылады.
Спикер егер дербес төлеуші алдағы 12 айға төлем жасаған кезде абайсызда бір айды БЖТ төлемі ретінде төлеп жіберсе, бұл азамат сақтандыру мәртебесін ала алмайтынын атап өтті. Ол үшін дербес төлеуші ретінде сол айға төлем жасап, қателесіп төлеген ақшаны жоғарыда көрсетілген әдіспен қайтарып алуға болады.
Сонымен қатар БЖТ төлейтін азаматтар жеке кәсіпкер ретінде тіркелген кезде автоматты түрде БЖТ төлеушілер тізімінен шығады да, кейін бұл төлем түрін төлей алмайды. Әрі қарай бұл азаматтар жарналар мен аударымдарды жеке кәсіпкер ретінде жасай беруі керек.
Естеріңізге сала кетейік, дербес төлеушілер үшін 2023 жылы жарна сомасы 3 500 теңгені құрайды (1 ЕТЖ-дан 5%). Республикалық, облыстық маңызы бар қалалар мен Астана үшін БЖТ сомасы - 1 АЕК (3 450 теңге), ал басқа елді мекендердің тұрғындары үшін - 0,5 АЕК (1 725 теңге).

МӘМС жарналарды қайтару мәселелері бойынша мына мекенжайлар бойынша хабарласуға болады: Қызылорда қ., № 1 орталық ХҚКО, Ғ. Мұратбаев к-сі, 2 Е, №2 каб, байланыс телефондар: 8 (7242) 55 10 30, 55 10 35; №2 қалалық зейнетақымен қамсыздандыру бөлімшесі (Облсобес ғимараты), А. Бекзатхан к-сі, 47, № 2 каб.
24 мамыр 2023 ж. 337 0