Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » МӘМС мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру тобы Арал ауданының тұрғындарымен кездесті

МӘМС мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру тобы Арал ауданының тұрғындарымен кездесті

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалы халықпен есептік кездесулерін жалғастыруда. Жұмыс тобы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығымен бірлесіп, Арал ауданының тұрғындарымен кездесті.

Облыстың ең солтүстік ауданында 73 мыңға жуық адам тұрады, олардың 10,5 мыңы МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Бақыт Исмаханбетовтың айтуынша, сақтандырылмаған азаматтардың ең көп саны белсенді емес халыққа тиесілі.
«Арал ауданның 6 мыңнан астам тұрғынының соңғы 12 айда төлемдері жоқ. Сондай-ақ МӘМС жүйесінен тыс 2,5 мыңнан астам жумысшы, 529 жеке кәсіпкер, жеке практикамен айналысатын адамдар және жеке тұлғалар, АҚС шарттары бойынша табыс алатын 573 адам бар. Яғни, бұл азаматтардың барлығы МӘМС жүйесінде медициналық қызметтерге толық қол жеткізе алмай отыр», - деді Бақыт Исмаханбетов.
Бұдан әрі филиал директоры МӘМС-ке төлем жасау тәсілдері, бір жыл бұрын төлеу мүмкіндігі, бірыңғай жиынтық төлемнің ерекшеліктері туралы хабардар етті.
Аудан әкімінің орынбасары Кете-Төлеби Бержановтың төрағалығымен өткен кездесу барысында бірқатар сұрақтар мен ұсыныстар айтылды.
Мәселен, «Аралтұз» компаниясында МӘМС-те сақтандырылмаған қызметкерлер бар. Осыған байланысты кәсіпорындар мен ұйымдарда ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту ұсынылды.
Сонымен қатар, жеке кәсіпкерлер келесі сұрақпен жүгінді: бір мезгілде жалдамалы қызметкер болып табылатын жеке кәсіпкер медициналық сақтандыруға жарна төлей ме? ӘМСҚ облыстық филиалы директорының айтуынша, «МӘМС туралы» Заңның 28-бабының 3 және 5-тармақтарына сәйкес төлеуші өзінің жалақысының 2%-ын жалдамалы қызметкер ретінде және ЕТЖ-нің 1,4 еселенген мөлшерінің 5% - ын жеке кәсіпкер ретінде 4 900 теңге төлейді. Жеке кәсіпкер қызметі тоқтатылған жағдайда, ҚР Салық заңнамасына сәйкес, МӘМС жарналарын кәсіпкер ретінде төлемеуі тиіс.
Қосаман ауылының тұрғыны шағымданған. Анасы артериялық гипертензиямен ауырады, диспансерлік есепте. 74 жастағы әйел инсультпен түсті, бірақ ол ауруханаға жатқызылмаған. Өтінішті облыстық денсаулық сақтау басқармасы бақылауға алды. Басшының орынбасары Жангелді Шаймбетовтың айтуынша, шұғыл жағдайда науқасты ауруханаға жатқызу қажет, тиісті тексеру жүргізіледі.
Кездесуді қорытындылай келе, Бақыт Исмаханбетов Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры ең алдымен пациенттердің құқықтарын қорғауға бағытталғанын атап өтті. Бұзушылықтар анықталған жағдайда келесі байланыс арналары арқылы хабарласу қажет: 1414 бірыңғай байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және Telegramдағы SaqtandyryBot. Осы құралдар сақтандыру мәртебесін тексеруге мүмкіндік береді.
30 мамыр 2023 ж. 471 0