Қазақстанда барлық зейнеткер жинаған ақшасын баспанаға жұмсай алады – заң талаптары
Биыл 1 шілдеден бастап Қазақстанда Әлеуметтік кодекс заңды күшіне енеді. Осы құжатқа сәйкес, еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы алатын қазақстандықтар жинаған ақшасын баспана сатып алуға немесе емделуге жұмсай алады
Бұған дейін зейнектерлік жасқа келген азаматтарға да тура сондай мүмкіндік берілген болатын. Бірақ біршама өзгешелік бар. sputnik.kz зейнеткерлер үшін жинақтарды пайдалану тәртібін ұсынады.
Барлық соманы алуға мүмкіндік бар
Сонымен келесі айдан бастап еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетке шыққандарға тағы бір жеңілдік беріледі. Олар қорға жинаған барлық ақшасын баспана алуға немесе емдеу шараларына пайдалана алады. Қазақстанда еңбек сіңірген жылдары үшін зейнеткерлікке күш құрылымдарының қызметкерлері шығады. Олар:
әскери қызметшілер;
арнаулы, мемлекеттік және құқық қорғау органдары;
мемлекеттік фельдъегерлік қызмет;
Заң бойынша еңбек сіңірген жылдары үшін 45 жаста зейнетке шығуға болады. Алайда жалпы еңбек өтілі кем дегенде 25 жыл болуы шарт. Әскери қызметшілер үшін тағы бір талап бар. Олар 25 жылдың ішінде 12 жыл 6 айды үздіксіз атқарып шығуға міндетті.
Қалған зейнеткерлер не істейді?
Қазақстан азаматтарының басым бөлігі жасына байланысты зейнеткерлікке шығады. Ер адамдар - 63 жаста, ал әйелдер - 61 жаста. Осы санаттағы зейнеткерлер де жинаған ақшасын баспанаға немесе емделуге жұмсай алады. Бірақ барлық жинақты емес. Оларға 50 процентін ғана пайдалануға мүмкіндік беріліп отыр. Ондай норма 2021 жылдан бері бар.
Заңға сәйкес, зейнетақысы бұрын алған жалақысының кемінде 40 процентін құрайтын зейнеткерлерге БЖЗҚ-да қалған зейнетақы жинақтарының 50%-ін пайдалануға рұқсат етіледі.
Мәселен, зейнет жасқа дейін жалақының көлемі 150 мың теңге болды. Ал қазіргі зейнетақыны мөлшері 70-80 теңгені құрап отыр. Демек, оның көлемі бұрынғы жалақының 40 процентінен көм. Олай болса, зейнетақы жинақтарының жартысын пайдалануға болады.
Зейнеткердің өзі ақшаны пайдаланбаймын десе, балаларына және туыстарына жібере алады.
Зейнетақы аннуитетін рәсімдегендер де ілікті
Зейнетақы аннуитетін рәсімдеген азаматтар да өз жинақтарын пайдалана алады. Ол үшін есепшотта ақша қалуы керек.
Зейнетақы аннуитеті ерлер мен әйелдерге зейнетке 8 жылға ерте шығуға мүмкіндік береді. Яғни ерлер – 55 жаста, ал әйелдер 2023-2028 жылдар аралығында – 53 жаста.
2023 жылы зейнетақы аннуитетін бекіту үшін ер адамдарда 8 млн теңге, ал әйелдерде 10,5 млн теңге болуы шарт.
Сондай-ақ "кейінге қалдырылған" зейнетақы аннуитеті де бар. Ерлер мен әйелдер оны 45 жасқа толғанда сатып алуға құқылы. Ол үшін ер адамдардың шотында кем дегенде 7,2 млн теңге, әйелдерде 9,1 млн теңге болуы керек. Атауы айтып тұрғандай, зейнетақы төлемдері он жылдан кейін бір-ақ, 55 жастан бастап қана төленеді.
Зейнетке шықпағандар артық ақшаны ғана алады
Зейнетке шықпаған азаматтар үшін ештеңе өзгерген жоқ. Олар үшін тек жеткіліктілік шегі ғана жыл сайын өзгеріп отырады. Одан асқан ақшаны пайдалануға рұқсат бар.
2023 жылда жеткіліктілік шегі 20 жастағы азаматтар үшін 3 миллион 260 мың теңгеден басталады. Ал 60-62 жаста артылған ақшаны алу үшін зейнетақы есепшотында 9 миллион 890 мың теңге болуы керек.
Ақшаны қалай шығару керек
Зейнетақы есепшотындағы ақшаны аудару туралы өтініш www.enpf-otbasy.kz интернет-платформасы арқылы жіберіледі. Отбасы банкіне немесе екінші деңгейлі банктерге де жүгінуге болады.
Ал емделу мақсатында біржолғы зейнетақы төлемдерін алу үшін www.enpf-otbasy.kz арқылы Отбасы банкіне өтініш беру қажет.
Айта кетері, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап қазақстандықтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін баспана алуға, ипотеканы өтеуге және емделуге жұмсай алады.