Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » МӘМС қоры балаларды оңалту орталығына жыл сайын 200 млн. теңгеден астам қаражат бөледі

МӘМС қоры балаларды оңалту орталығына жыл сайын 200 млн. теңгеден астам қаражат бөледі

UMC балаларды оңалту орталығының пациенттерін емдеуге Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жыл сайын 200 млн. теңгеден астам қаражат бөледі

«University Medical Center» (UMC) корпоративтік қорының Қызылорда облыстық филиалында жыл сайын он шақты «балалар церебралды сал ауруы» диагнозы қойылған бала алғашқы қадамдарын жасайды. Орталықта тұсау кесер рәсімі өткізіледі.

Сегіз жасар Шерхан алғашқы қадамдарын екі жыл бұрын оңалту орталығында жасады. Бұған бүкіл ұжымның қажірлі еңбегі мен жүйелі оңалту емі ықпал етті, деп анасы Самал орталық мамандарына алғысын білдіреді.

«Диагнозы: церебралды сал ауруы, спастикалық диплегия. Бұрын Шерхан өз бетімен жүрмейтін, агрессивті, тұйық болатын. Қазір баламыз жүргіншімен журеді, құрдастарымен араласады, күлімсірейді, сөздік қоры артты. Ерекше балаларға даму үшін осындай көмек жасалғанына өте қуаныштымын. Алайда, осы орталықта оңалту еміне сұраныс көп болғандықтан, кезегімізді ұзақ күтеміз», - дейді Самал.
Тоғыз жасар Айкоркемде церебралды сал ауруының ең ауыр түрі: қос гемиплегия, яғни барлық аяқ-қолында бұзылулар бар. Оңалтудан өткеннен кейін жақсару байқалады, дейді анасы Ғалымкүл. Сондай-ақ, Айкоркемнің ата-анасы оңалту емінен жиі өту үшін орталық кеңейтілсе деп үміттенеді.

«Орталықта мықты мамандар. Айкоркем осында отыруды үйренді, қолдаумен ақырындап алғашқы қадамдарын жасап жатыр. Осы орталықта емделу кезегімізді бір жарым-екі жыл күтеміз, ал балаларымызға жылына 2 рет оңалту қажет», - деп атап өтті Ғалымкүл.

Бөлімше меңгерушісі Амандық Әскербековтің айтуынша, орталық әр айналымда 60 баланы қабылдайды, сонда жылына 800 шақты бала ем алады. Дегенмен, кезектілік әлі де жоғары. Сондықтан балаларды оңалту орталықтарын кеңейту қажет.
«UMC» корпоративтік қорының оңалту орталығында церебралды сал ауруы, Даун синдромы, сөйлеу дамуының кешігуі, туа біткен жүйке жүйесінің ақаулары, энурез және медициналық оңалтуды қажет ететін басқа да аурулары бар бір жастан 18 жасқа дейінгі балалар оңалту емін алады. Пациенттерге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде тегін медициналық, әлеуметтік, педагогикалық оңалту көмегі көрсетіледі. Курс - 24 күн.

2022 жылы «UMC» орталығының 798 пациентін оңалтуға Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан 253,5 млн.теңге бөлінді.

Айгүл Аханова

13 маусым 2023 ж. 363 0