Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сапарбаев қайырымдылық қорларын күш біріктіруге шақырды

Сапарбаев қайырымдылық қорларын күш біріктіруге шақырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде қайырымдылық іс-шараларын дамыту мәселелері бойынша кеңес өтті.Кеңес жұмысына ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Сәуле Айтпаева, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Жұлдыз Омарбекова, 23 қайырымдылық қорының басшылары, сондай-ақ еліміздің барлық өңірлерінің өкілдері қатысты.
Кездесуді ашқан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев қайырымдылық қорларының басшыларына алғыс айтты.
«Тәуелсіздік алған алғашқы күннен бастап Тұңғыш Президент – Елбасы мұқтаж азаматтар мен халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға ерекше көңіл бөледі. Сіздердің қайырымдылық істеріңіз әлеуметтік мәселелерді шешуге, ана мен баланы, жетім балаларды, мүмкіндігі шектеулі адамдарды, көп балалы және мұқтаж отбасыларды қолдауға елеулі үлес қосады.Сіздердің қызметтеріңіз әлеуметтік жауапкершілік пен елдегі азаматтық қоғамды дамытудың үлгісі болып табылады», - деді Сапарбаев.
Кеңеске қатысушылар тәжірибе алмасып, қайырымдылықты дамытудың, азаматтардың әлеуметтік осал санаттарын қолдаудың, мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылының өзекті мәселелерін талқылады.
Атап айтқанда, «Сәби» қорының президенті Әсел Тасмағамбетова әкімдіктерге «Инватакси»қызметін дамытуға ерекше көңіл бөлуді сұрады. «Мүгедектерге – лайықты өмір» жобасы аясында Қор 40 мыңнан астам мүгедекке «Инватакси» қызметінің тегін қызметін көрсетеді.
«Мүмкіндігі шектеулі мыңдаған адам жұмыс істейтін азаматтардың қатарын толықтыра отырып, толыққанды еңбек ете алады. Біз Алматыда 2009 жылы «Инватакси» іске қосылғанда қаланы білмеген мүгедектер болды, себебі жыл бойы пәтерде отырып, шығуға мүмкіндігі болмаған», - деді ол.
«Қасиетті жол» қоры 2011 жылы құрылды. Ең алдымен, біз тоғыз сәбилер үйінде оңалту бөлімшелерін аштық, себебі дәл сол жерде түрлі диагнозы бар балалар көп. Биыл елордада 50 бала оңалтудан өтті, олардың 15-інасырап алды, қалғандары аяқтарына тұрды. Біз үшін бұл үлкен жеңіс. 2014 жылдан бастап біз Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалаларында екі оңалту орталығын аштық. Бүгінде 1677 бала ең үздік әлемдік әдістемелер бойынша осындай көмек алады", - деді Қордың құрылтайшысы Динара Закиева.
BI Group холдингінің 3500 қызметкері мен 60 бөгде донорды біріктіретін "BI-Жұлдызай" корпоративтік қайырымдылық қорының қызметі туралы қор директорының орынбасары Алмагүл Сәлімбаева айтты. Мәселен, өткен жылы Қор Алматы, Атырау қалаларында медициналық оңалту орталықтарын, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласында ерте оңалту кабинетін ашты. Жалпы алғанда, 5 жыл ішінде 4-тен 13 жасқа дейінгі 69 бала өздерінің алғашқы қадамдарын жасады. 479 операция, 6527 консультация беру және қазақстандық дәрігерлерді оқыту жүргізілді. «Менторлық» бағдарламасы бойынша еліміздің түрлі өңірлерінен келген 288 хирург үшін 70 мастер-класс өткізілді және 8 мыңнан астам бала оңалту іс-шараларының кешенінен өтті.
Сенатор С.Айтпаева қайырымдылық қорларының басшыларына алғысын білдіріп, осы жұмыстың одан әрі дамуына назар аударды.
«Қазақстанда жыл сайын қайырымдылықтың жақсы үлгілері артып келеді, осы ретте жекелеген қорлардың ерекше рөлін атап өткен жөн. Сіздерде азаматтарға әлеуметтік қызмет көрсетудің үлкен тәжірибесі бар. Министрліктің диалог алаңында біз қайырымдылық қорлары қызметіндегі проблемалық мәселелерді талқылай аламыз деп санаймын. Өз кезегінде, Министрлік жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. Біз мемлекет пен қоғам өз күш - жігерін біріктірген кезде ғана оң нәтижелерге қол жеткізе аламыз», - деді Бердібек Сапарбаев.

06 маусым 2019 ж. 778 0