Қызылордада ем кезегін күткен ДЦП диагнозды бала көп

Төрт жастағы Айзере Асылбекқызының да тұсауы осы орталықта кесілді. Дәрігерлер оған бір жасында ауыр дәрежелі атонико-астатикалық ДЦП диагнозын қойған еді.
Айзерені «батыр қыз» десем де болады. Кішкентайынан дертті жеңуге тырысып келеді. Мұны қабылдау біз үшін әуелгіде өте қиын тигені рас. Бірақ қанша қиын болса да одан қашып құтыла алмайтынымызды, қайғыра бермей қам жасау керек екенін түсіндік, – деді Айзеренің анасы Ақмарал Төребай.Ақмарал қызының жүру тұрмақ, отыра да, еңбектей де алмайтын кезін күрсініп еске алды. Қолына зат ұстауды да бертін келе үйренді.
Қызым енді жүгіріп жүр. Бізге ұстатпайды. Дәрігерлерге алғыстан басқа айтарым жоқ, – деді ол күліп.Орталықта биылдыққа Айзере сияқты 5 баланың тұсауы кесілді.Мамандар дерттің дендеу себептері ретінде ата-анасының денсаулығын, экологиялық жағдайды, тұқымқуалаушылық, анасының жүктілік кезіндегі күтімі мен жүктілік ағымын, бала дүниеге келгеннен кейінгі қосымша патологияларды атап отыр.
Бізге келушілердің көптігінен науқастар жылдап кезек күтуге мәжбүр. Негізі психо-моторлы бұзылыс анықталған бойда баланы тұрақты түрде оңалту шараларымен қамту керек. Орталықта қосымша коррекциялық кабинеттер, бассейн ашуға мүмкіндік жоқ. Сондықтан облыста оңалту орындарын көбейту қажет, – деді филиалдың бөлім меңгерушісі Амандық Әскербеков.Орталық мамандары одан басқа сөйлеу және тіл дамуындағы ақауды, невроз, тұтығу, энурез, соматоформды бұзылыс, Даун синдромы секілді ауру түрлерін емдеумен айналысады. Былтыр 798 пациентиі оңалтуға әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан 253,5 млн теңге бөлінді.


syrboyi.kz