Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстандық бала қатерлі ісік ауруын жеңіп, джиу-джитсудан әлем чемпионы атанды

Қазақстандық бала қатерлі ісік ауруын жеңіп, джиу-джитсудан әлем чемпионы атанды

"Батырлар арамызда" атты арнайы жоба жарялағанын жазған болатынбыз. Аталған жоба аясында бүгін біз сәби кезінен қатерлі ісік ауруымен шалдығып, оны жеңіп, спортшы болған 10 жасар алматылық бала туралы айтатын боламыз. Бұл батырдың аты-жөні - Ратмир Жангурбаев. Биыл ол джиу-джитсудан әлем чемпионы атанды. Абу-Дабиде өткен сайыста барлық категориялар бойынша оған тең келетін қарсылас табылған жоқ."Абу-Дабиде чемпион атандым. Шаршы алаңға 6 рет шықтым. 4 бразилиялық және 2 ресейлікті жеңдім", - дейді Ратмир мақтанышпен. Бірақ жеңіске дейінгі жол ауыр болған. Ратмир мен ата-анасы ауыр сынақты бастан өткере отырып бүгінгідей жетістікке жеткенін көздеріне жас ала отырып айтып берді.
"Алғашында ол аяғы ауыратын айтып жылайтын. Кейін денесінде көгерген дақтар пайда болып, мұрнынан қан кете бастады. Дәрігерлер "жедел лимфобластикалық лейкемия" диагнозын қойды. Яғни қанның қатерлі ісігі. Ұлымыздың қанындағы рак клеткалары 95 пайыз болған", - дейді баланың анасы Кристина Жангурбаева. Осылай ұлымен бірге Кристина емханаға жатқызылған. Ұзақ айға жалғасқан емдеу кезеңі басталған. Кристинаның айтуынша, емдеу кезінде ұлы кішкентай болса да қиындыққа шыдаған, тіпті басқа балалар сияқты қырсығып жыламаған да. Ата-анасы оның сенімі зор болғандықтан ауруды жеңіп шықты деп есептейді. "Таңданарлығы оның есінде емханада не болғаны толықтай қалған. Ол сөйлеуді де сол емханада үйренді. Үйге қайтқысы келетін. Мен оған күшті екенін, бәрін жеңіп шығатынын айтатынмын. Бір күні біз емделіп жатқан емханада бір сәби қайтыс болды. Ратмир оны көрді. Кейін тілі шыққанда қойған алғашқы сұрағы: "Мама, мен сауығып кетемін бе?" болды", - деп есіне алады Ратмирдің анасы. "Ратмирдің емдеген дәрігер оның сауығып кетуіне мүмкіндік бар екенін айтты. Мен егер бұл жерде жазылмаса, шет елде емтетеміз деп ойладым. Бірақ химиятерапияның 2 курсынан соң Ратмирдің беті бері қарай бастады", - дейді Кристина.
Ратмирдің емі 9 айға созылған. Соңында ол толықтай айыққан. Бірақ соңғы тексеру кезінде Ратмирден гепатит С анықталған. Кристинаның айтуынша, ол гепатитті қан құю кезінде жұқтырған екен. Ратмир тағы да 1 жыл емделген. "Мен кішкентай болсам да талай қиындықты бастан өткердім. Мені үнемі ата-анам, атам мен әжем, достарым қолдап отырды. Ата-анамның сенімі, дәрігерлердің емдеуінің арқасында қатерлі ісікті жеңіп шықтым. Жақындарың жаныңда болғанда ештеңе қорқынышты емес", - дейді 10 жастағы спортшы.
Барлық сырқатты жеңген Ратмир спортқа келіп ол жерде де жеңіс тұғынан көріне бастады. Ол 6 жасқа толғанда ата-анасы тәуекел етіп джиу-джитсуға қатыстырады. "Дәрігерлер баланы спортпен айналысуын мақұлдамады. Олар мұндай балалар үйде отыруы керек деп есептеді. Тіпті бізге "балаңызды мектепке де бермеңіз, біраз уақытқа дейін үйде оқытыңыз" деп кеңес берді. Біз бірақ Ратмирдің кісікиік болып өскенін қаламадық. Қатарластарымен ойнап ержеткенін қаладық. Басында біз қатты қорықтық, бірақ тәуекел деп оны осы спорт түріне қатыстырдық. Спортпен айналысуды Ратмирдің өзі де қатты қалады. Алғашқы кездерде мен қасына еріп барып, қас-қабағына қарап жүрдім. Кейін ол маған: "Мама, уайымдамаңыз менде бәрі жақсы деді", - деп еске алады Ратмирдің анасы.
Ратмир жаттығуларға көп уақыты мен маңдай терін жұмсайды. Ол тек қана сенім мен жігердің арқасында ғана барлық қиындықтарды жеңіп, спортта да жеңіске жетуге болатынын айтады. "Мен ауырған және емханада жатқан барлық балалардың сауығып кеткенін қалаймын. Олар осы ауруды жеңіп шығатына сенуі керек. Артқа қарамай тек алға жүруі керек. Мен Нағима Жұмашқызы ("Салауатты Азия" қорының негізін қалаушы) мен оның ұжымына науқас балаларды емдеп жатқыны үшін алғыс білдіремін", - дейді Ратмир Жангурбаев. Міне, бірнеше жыл өтті. Ратмир жыл сайын қан сараптамасын тапсырып тұрады. Болашаққа зор жоспар құрып қойған. Спортта да биік белестерді бағындырғысы келеді. Бастысы, қарындасы Диананың да осы ауруды жеңіп шығатынына сеніммен қарайды.
"Мен Дианаға жүкті кезімде, Ратмирмен бірге емханада жаттым. Қызым да радияцияның белгілі бір мөлшерін қабылдады. Бұдан бөлек, күйзеліс, уайым қосылды. Дәрігерлер қызымның бір жыл да өмір сүрмейтінін айтты. Бірақ, жеті жыл өтті, Диана жетіге толды. Біз мұны да жеңдік", - дейді Кристина Жангурбаева. Айта кетейік, Tengrinews.kz "Батырлар біздің арамызда" жобасын бастады. Жобада батылдық танытқан, адамдарды қауіпті жағдайдан алып шыққан, өлімге араша болған, қиналып жатқандарға көмекке барғандар, сондай-ақ оларды аяққа тұрғызғандар жайлы мақала жарияланады. Сіздер, оқырмандар осы айдардың авторы бола аласыздар. Ерлік жасаған қарапайым адамдар жайлы оқиғаларды мына электронды поштаға жолдай аласыздар: geroi@tn.kz.
https://kaz.tengrinews.kz
04 маусым 2019 ж. 645 0