Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралдан шыққан алғашқы әйел полковник

Аралдан шыққан алғашқы әйел полковник

Бүгінде нәзік жандыларды полиция қызметінде көру таңсық емес. Нардың жүгін арқалаған ару қыздарды қазірде ішкі істер саласындағы барлық бөліністерде кездестіруге болады. Полицияға біреулер жүрек қалауымен, енді бірі тағдырдың жазуымен келіп жатады. Ал, біздің бүгінгі кейіпкеріміз болса, бала кезінен өз таңдауын жасап қойған «қайткенде де құқық қорғау саласында қызмет етемін, қылмыстың ашылуына өз септігімді тигіземін» – деп арман қуып келген. Ол – Айгүл Байоразова.
ҚР-ның Ішкі істер органдары қатарында үзіліссіз ширек ғасыр еңбек етіп келе жатқан Айгүл Темірханқызы қызметтік уақытының 18 жылын тергеу саласына арнаған. Арал ауданының Полиция бөлімі бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары 1973 жылы 10 шілдеде Арал ауданы, Қарақұм ауылында дүниеге келген. 1990 жылы мектепті «күміс» медальмен бітірген. 1990-1992 жылдары аралығында Талдықорған заң техникумының «құқықтану» факультетінде оқып, «заңгер» мамандығын «үздік» дипломмен бітірген ол 1998-2003 жылдары Қазақ Мемлекеттік заң институтының «құқықтану» факультетінің сырттай бөлімінде оқып, жоғарғы білімді «заңгер» мамандығын алған. 1992-1994 жылдары Арал қаласындағы №13 Жылжымалы механикаландырылған колоннаның кадр бөлімінің бастығы, 1994-1998 жылдары Арал аудандық ішкі істер бөлімінің төлқұжаттандыру және виза беру бөлімшесінің аға паспортисткасы, 1998-2001 жылы бөлімнің анықтау бөлімшесінің анықтаушысы, 2001-2006 жж аралығында бөлімінің тергеу бөлімшесінің тергеушісі, аға тергеушісі, 2006-2013 жылдары бөлімнің тергеу бөлімшесінің бастығы болса, 2013 жылдың маусым айынан бастап 2015 жылдың қыркүйек айына дейінгі аралықта бөлім бастығының кадр жұмысы жөніндегі орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. 2015 жылдың қыркүйек айынан 2016 жылдың наурыз айына дейінгі аралықта бөлімнің тергеу бөлімшесінің бастығы болған Айгүл Байоразова 2016 жылдың наурыз айынан бастап бөлім бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары лауазымын адал атқарып келеді.
Еңбегі еленіп ҚР ІІМ-нің І,ІІ,ІІІ-ші дәрежелі «Ішкі істер органдарындағы Мінсіз қызметі үшін» медальдармен, ҚР ІІМ-нің «ІІО-ның үздігі» төс белгісімен, «Қазақстан Полициясына 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталып, өзге де көптеген жетістікке қол жеткізсе, биыл кәсіби мерекесі қарсаңында тағы бір сүйінші жаңалықтың жаршысына айналды. Нақтырақ айтар болсақ Қазақстан республикасы Ішкі істер министрлігінің биыл 16 маусымдағы №323 бұйғырымен Айгүл Темірханқызы полиция полковнигі шеніне ие болды. Осылайша ауданнан шыққан алғашқы нәзік жанды полковник атанып отыр.
Қызығы мен қиындығы, қауіптілігі қатар жүретін осындай қызметте абырой төрінен көрінген Айгүл Темірханқызына алдағы уақытта да табысты еңбек пен отбасы бақытын тілейміз.
"Толқын" ақпарат
26 маусым 2023 ж. 1 024 0