Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңақорған шаруалары америкалық қарбыз екті

Жаңақорған шаруалары америкалық қарбыз екті

Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы кей шаруашылық күріштің орнына америкалық қарбыз егіп табысқа кенеліп отыр, деп хабарлады Хабар 24.

Бұл шаруашылық негізінен күріш егумен айналысады. Бірақ соңғы уақытта су тапшылығына байланысты егінді әртараптандыруға көшкен. Осылайша 20 гектар жерге қарбыздың американдық сортын екті. 55 күнде пісетін дақылдың шығымы көңілден шығады. Әр гектарынан 25-30 тонна өнім береді.
"Биыл бастапқыда су аз болды. Соңына қарай көбейіп, осы жинаған, өсірген дақылдарымызды жинап алып, экспорттап отырмыз. Ресей және Қазақстанның шет жақтарына – Батыс Қазақстанға, Шығыс Қазақстанға жіберіп отырмыз. 100 тоннадан аса жібердік", - дейді шаруа қожалығының өкілі Ерқұтты Байбосын.
Жаңақорғанның Бірлік, Жайылма ауылдары тау беткейіндегі су қоймасына жауыннан жиналатын тіршілік нәрін егінге пайдаланады. Десе де диқан қауым жер астынан су алудың көне әдістерін ара-тұра қолданады. Қазір осы елді мекендер маңында бұрын ата-бабаларымыз пайдаланған тереңдігі 15 метрге жететін 6 кәріз дайын тұр. Бірақ табиғи жолмен жиналатын су қорының деңгейі әзірге жеткілікті деп отыр мамандар.
"600 гектарға жуық көкөнісіміз бар, 2 мың гектар бақшамыз бар. 500 гектар картоп егіп жатырмыз", - деп атап өтті Жаңақорған аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Дәурен Әбибуллаев.
Биыл облыс бойынша 19 мың 600 гектар жерге көкөніс, бақша дақылдары егілді. Бұған қоса соя дақылының көлемі 74 гектарға, қант құмайы 221 гектарға артып отыр.

sputnik.kz
11 шілде 2023 ж. 318 0