Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бала қауіпсіздігін қамтамасыз етейік

Бала қауіпсіздігін қамтамасыз етейік

Бүгінде қай-қайсымыз да әлеуметтік желіге тәуелдіміз. Мұндайда үлкендерден бұрын оң-солын танып үлгермеген жасөспірімдер үшін алаңдайтынымыз рас. Кейбір жеткіншектерді суицидке дейін жеткізетін буллинг пен кибербуллингтің кесірі екені белгілі. Елімізде бүгіндері 11-15 жастағы жасөспірімдердің 12 пайызға жуығы осы дерттен жапа шеккендер санатында. Бұл мәселені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та назардан тыс қал¬дырған емес. Президент халыққа арнаған Жолдауында: «Қазір – ғаламтор дәуірі. Ондағы бей-берекет ақпарат тасқыны ұрпақтың санасын улап жатыр. Бір сәттік танымалдылықты көксейтін тамырсыз идеялар жаппай белең алуда. Бұл – аса қатерлі үрдіс» деген еді.
Алдымен буллинг пен кибербуллинг дегеніміз не, оның алдын алуға бола ма? Осы жөнінде тоқталып өтсек. Буллинг (bullying) сөзі ағылшын тілінен аударғанда қорлау, қудалау, мазалау, кемсіту, қорқыту дегенді білдіреді екен. Бүгінде әлеуметтік желілерде оны кибербуллинг деп те атайтын болды. Кибербуллинг – әлеуметтік желілерде қорлау немесе қудалау дегенді білдіреді. Жасыратыны жоқ, балаларымызды заманнан, қатарынан қалмасын деген оймен гаджеттер мен телефонға үйірсек қылып алдық. Сарапшы мамандардың пайымдауынша, ата-аналар балаларына алғаш үш жасында-ақ смартфонды қолына ұстататын көрінеді. Ал төрт-алты жастағы балалардың 54 пайызында жеке телефоны болса, ол бала 14-ке келгенде бұл көрсеткіш 97 пайызға жетеді екен.
Сарапшылардың сөзінше, кибербуллинг қазір бүкіл әлемдегі өте өзекті проблемаға айналған. Бір тәулік ішінде әлеуметтік желілердегі контентті бұғаттауды талап ететін заң Германия, Франция, Жаңа Зелландия, АҚШ секілді бірқатар дамыған елде қабылданған. Мәселен, АҚШ-тың 40-тан астам штатында кибербуллингке қолданылатын қылмыстық жаза өте қатаң. Сингапур, Оңтүстік Корея, Ресей мен Түркия мемлекеттері де осы әлеу¬меттік желі жөніндегі заңдарын қайта қарастырып, кибербуллингке қатысты жазаны күшейтуде.
Баланың заманға сай болғаны дұрыс қой. Бірақ таяқтың екі ұшы болатыны тәрізді, жаңа технологиялардың пайдасынан гө¬рі зия¬ны да бар екенін ұмытпауымыз керек. Жасөспірімдердің ата-анасы біле бермейтін түрлі қосымшаны жүктеп алып, ғаламтор кеңістігін шарлайтыны көңілге күмән ұялатады. Олардың әлеуметтік желіден түр-түсінен, жасынан бейхабар «жаңа достар» табатынын қайтерсіз. Олардың бірі ермек үшін әңгіме-дүкен құрса, енді бірі жымысқы оймен баланың сеніміне кіргісі келеді. Біз әңгімеге арқау еткелі отырған мәселе сондай арам ойлы жандар туралы болмақ. Олар түрлі ойындар арқылы баланы қызықтырып, содан соң бала туралы анық-қанығын біліп алып, кейін қорқыту, бопсалауға тырысады. Ақырында ешнәрседен бейхабар аңғал бала желідегі жалған аккаунт иесінің айтқанына көнетіндей жағдайға жетеді. Осындай «жаңа достықтың» соңы бала¬ны суицидке алып келген оқиғалар да болып жатыр. Қоғамда бұл мәселе жиі көтеріліп келеді. Осы тұрғыда:
– Мектепте ұзақ жыл жұмыс істедім. Ұстаздық еткен кезімде балалармен тығыз қарым-қатынаста болғандықтан, кейде жеткіншектер арасында түсінбестік жағдайлар болып жататынын білетінбіз. Ұстаз ретінде мұндай мәсе¬лелерде балаларға қол ұшын созуға тырысатын едік. Алайда ол кезде буллинг дегенді білмейтінбіз. Бүгіндері технологияның қарыштап дамуы мен интернет желісінің қолжетімділігі адамдардың «маған барлығы рұқсат етілген» деген пайымын одан сайын нықтай түскендей. Олар жалған аккаунт арқылы балалармен танысып, олар¬дың сеніміне кіретінді шығарды. Сеніміне кіріп алған соң қорқыту, бопсалау, оғаш қылық жасауға итермелеу сынды заң бұзушылықтарға баратын болыпты. Осының кесірінен адами құндылықтардың құрдымға кетіп бара жатқандығына менің де көңілім алаңдаулы,– дейді қала тұрғыны О.Мақсат.
Осы күні ғаламторда баланың өз-өзіне, жақындарына, туыстарына қол жұмсауына итермелейтін ойындар да аз емес. Бұдан бірнеше жыл бұрын кибербуллингтердің жемісі саналатын «Көк кит», «Тыныш үй», «Мені сағат 04:20-да оят», «Қызыл жапалақ», «Киттер мұхиты», «Құс жолы», «NaN», «F57» сынды ойындар дүние жүзін дүрліктіргені белгілі.
Елімізде әр бесінші бала осы кибербуллингтің қатысушысы немесе зиян шегушісі екені анықталды. Мұндай әрекетке барғандар келешекте психикалық ауытқушылыққа шалдығады екен. Еліміздегі әрбір бала немен айналысып жатыр, әлеуметтік желіде кіммен дос? Буллинг пен кибербуллингтің құрбанына айналып жүрген жоқ па деген сұрақтар әрбір ата-ананы алаңдатуы тиіс. Сондықтан да интернеттегі бала тәрбиесін, бала құқығын біз басты назарда ұстауымыз керек, дейді психолог мамандар.
Түйін.Жасыратыны жоқ, қазір атауы қазақ қоғамына жат болға-нымен, қатері бүкіл елді шарпып үлгерген бұл кесел қазір өршіп тұрғаны белгілі. Ендеше, желідегі жүгенсіздік пен жауапсыздыққа, желікке заң жүзінде жауап берер уақыт келді. Бала тәрбиесін әлеуметтік желіге табыстаудың зардабы ең алдымен ата-анаға әсер етеді. Жаңа технологияның мүмкіндігі қарыштап дамыған заманда бұл мәселеге мән беретін кез жетті. Балаларымыз жамандыққа кезікпесін, қиын жағдайға тап болмасын десек алдымен өзіміз, ата-аналар үлгі болуымыз қажет-ақ.
К. МАХСҰТ
22 шілде 2023 ж. 386 0