Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тамыз – берекелі ай

Тамыз – берекелі ай

Тамыз айы – ай санауымыздағы алтыншы ай. Этнографтар бұл айдың аты ежелгі еврейдің «туммуз» деген сөзінен шыққандығын айтады. Ал бұл сөз қазақ тілінде «сары» деген мағынаға ие. Тәржімалағанда «күйдіру» деген мағынаны білдіреді. Тамыздың сөзі де осы мағынадан туындаған. Тамыз айында аптап ыстықтан шөптің басы сарғайып, қурай бастайды. Піскен егін орылады. Осы құбылыстарға байланысты бұл айды кейде «сарша тамыз» деп қосарлап айтады. Яғни «сарша» сөзінің арғы тегі – «сары шақ», ежелгі түркі сөзі. Тамыз айының ортасында ауа райы салқындай бастайды. Алашқы күз нышаны білінеді. Халықта осыған байланысты «Сүмбіле туса, су суыр» деген сөз қалған. Бұл кезде, яғни қыркүйектің басында Сүмбіленің жаңбыры жауады. Бұл жаңбыр жауып өткен жердің көдесінің түбі көк, мал жаюға қолайлы болғандықтан жылқыны қыста сол жерге тебіндеткен. Тамыздағы ауа райы қатты ыстықтан кейінгі саршада үркер туады. Мал-жанға жайлы жаңбыр жауады. Бұл «үркердің толғағы» деп аталады. Сары сарша – сарғаю, жердің құрғап, өсімдіктердің сарғаятын кезі. Есекқырған жұлдызының түсі – сары, халық оны «Сарыжұлдыз», кейде «Жарықжұлдыз» деп те атайды. Ал есекқырғанды тамыз айында аспанның оңтүстігінен көруге болады. Халық болжамдары бойынша тамыздың алғашқы күні ылғалды болса ай жаңбырлы, ал жаймашуақ болса құрғақшылық болады. Күн сәулесінен тұман тез тараса, қолайлы ауа райы біразға дейін созылады. Ағаш жапырақтары сарғая бастаса, күз ерте түседі, көкжиек алыстан көрінсе, ауа райы жаймашуақ болады. Бұл айдағы ауа райының жақсы белгілері: көкжиектен таңның алтын шапақтанып атуы. Күннің тұманды жарып шығуы, малдың суды аз ішуі, кемпірқосақтың көлбей төмен тартылуы – ауа райының құбылып, бұзылу нышандары.
Тамыз – егіннің пісіп, қамбаға түсетін шағы. Сондықтан молшылық айы десек те болады. Сонымен бірге абыр-сабыр нағыз қарбалас кезең. Балалардың мектепке дайындығы да осы ай еншісіндегі елеулі жағдай.
Ал тамыз айында дүниеге келген адамдар әсершіл, бірбеткей, қуатты болады. Еңбегі жемісті, бірақ кейде аңғалдығы да бар. Әйелдер өзіне-өзі сенімді, қайратты, бірақ уайымшыл, кек сақтамайды. Үй шаруасына пысық. Бұл айда өмірге келген еркектер өте сезімтал. Айналасындағылардан мақтау күтетіндіктен, өзін сынағанды жек көреді. Өздері онша тұрақты болмаса да, әйелдерін қатты қызғанады екен.
Сонымен тамыз айын жылдың ең бе¬ре¬келi, мерекелi мезгiлi дейміз. Шындығында, Құдайдың әр күнi құтты, әр айы мерекелi, берекелi емес пе? «Айдан аман, жылдан есен» дейді екен бұрынғылар, өткен ай өкінішсіз, келер ай керемет болғай деп тілейік.
К. МАХСҰТ
29 шілде 2023 ж. 268 0