Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Шайды көп ішу ағзаға қалай әсер етеді?

Шайды көп ішу ағзаға қалай әсер етеді?

Біздің елде шай - негізгі сусын. Көпшілік шай ішкенді жақсы көреді. Шай сергітеді, бас ауруын кетіреді және шөлді қандырады. Алайда оны жиі және көп ішу ағзаға жағымсыз әсер етуі мүмкін. Ендеше, шайды көп ішудің қандай зияны бар және оны қалай дұрыс ішу керек?

Қою шай тістерге зиян

Қою етіп қайнатылған шай тістерді бұзады және сүйектер сынғыштығына әкеледі. Бұл тек қара шайға қатысты емес. Кей шөптік шайлардың pH (қышқылдық) деңгейі төмен болғандықтан, олар эмальді зақымдап, негізгі қорғаныш қабатын бұзады. Егер арықтауға немесе ағзаны тазалауға арналған шөптік қайнатпаларды көп ішетін болсаңыз, pH деңгейі жоғары шайларды таңдаңыз.

Шайды ұзақ тұндыру немесе қайнату зиян

Шайды ұзақ уақыт демдеген сайын ол уытты бола түседі. Шай қайнатудың қауіпсіз уақыты - 4-5 минут. Әйтпесе, жапырақтардан ауыр металдар шыға бастайды. Бірақ бұл уақыт шай түріне қарай өзгеруі мүмкін. 

Көк шайды көп ішу бауырға зиян

Көк шайды әдетте ағзаны тазалау үшін ішеді. Бірақ оны көп ішу бауырға зиян келтіруі мүмкін. Себебі көк шайдың құрамында бауырға салмақ түсіретін полифенолдар бар.

Шайды көп ішу дәрумендер жетіспеушілігіне әкеледі

Шайды көп ішу ағзадағы артық сұйықтық пен токсиндерді шығарумен қатар ондағы пайдалы дәрумендер мен микроэлементтерді шайып жібереді. Теміртапшылықты анемия шаш пен тері жағдайының нашарлауына әкеледі, ал оған кінәлі - кофеин. Сондықтан шайды ұзақ қайнатпау ұсынылады, сол кезде кофеин аз болады.

Алайда бұл шайдан мүлдем бас тарту керек деген сөз емес. Бастысы, оның мөлшерін азайтып, қоюлығы мен температурасын қауіпсіз нормаға келтіру қажет.

Шайды қалай дұрыс демдеу керек?

Шайды қайнаған суға салғаннан кейін біршама бұғып, демделіп тұрғаны жөн. Бірақ демдеу керек екен деп, ұзақ қойып қойған да жөн емес. Ал суып әрі біраз тұрып қалған шайды қайта қайнатып ішу дұрыс емес. Ондай шайдың құрамында зиянды заттар көбейіп кетеді.

Шамалы суытып ішіңіз

Мамандардың айтуынша, қайнаған шайды өте ыстықтай ішуге болмайды. Ыстық шай кеңірдек пен асқазанды күйдіріп, арты қатерлі ісікке әкелуі мүмкін. Сондықтан шайды 60 градусқа дейін суытып барып ішкен жөн.

Күніне 2-3 кесе шай жеткілікті

Күніне 200-300 миллиграмм кофеин, яғни, 2-3 кесе шай ішу ұсынылады. Алайда шайдағы кофеин мөлшері оның түріне және қайнату уақытына қарай әртүрлі болады. Әдетте, қара шайда көк және ақ шайға қарағанда кофеин көп келеді.

Еттен кейін шай ішпеңіз

Мұны қазақ ғалымдары айтып жүр. Ет жеген соң, шай ішуге болмайды. Өйткені шайдың құрамындағы танин атты зат еттің құрамындағы ең пайдалы темір элементін асқазанға түскен кезде «ерітіп жіберетін» көрінеді. Содан еттің түк пайдасы болмай қалады.

«Халқымыз бұрында еттен кейін қымыз ішкен. Ал қымыз – тағамды қорытатын нағыз катализатор. Күрделі тағамды тез ыдыратады. Ал қазір біз шай ішетін болдық. Еттен кейін бірден шай ішуге болмайды. Өйткені шай құрамындағы кофеин мен танин еттің ең пайдалы элементі – темірді ыдыратып жібереді. Шай ішпеу керек деп айтпаймын. Ішу керек. Бірақ ет жеген соң, 40 минут не 1 сағаттан кейін ішкен жөн. Оған дейін тағам сіңіп үлгереді», – деп түсіндіреді тағамтанушы Майгүл Қайнарбаева.

Жалпы тамақ ішкеннен кейін бірден шай ішпеген жөн. Шайды тамақтан кейін аз дегенде 20 минуттан соң ішу ұсынылады.

massaget.kz
Фото: qazaly.kz

08 тамыз 2023 ж. 345 0