Еңбектің наны тәтті

Айталық биыл облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес бақша дақылдарын егу үшін өңірде 3342 гектар жер арнайы дайындалды.Оның 3282 гектарына, атап айтқанда, 1021 гектарына картоп, 866 гектарына көкөніс, 1395 гектарына бақша дақылдары егілді.Тұрғындар қосымша жер дайындауды сұрап, егін егуге ынтасын білдіруде. Бұл бақшалық жер дайындаудың шаруаға қолайлы, тұрмыс сапасын арттыруға оң әсер еткенін көрсетеді.Осы ретте облыс әкімі қала, аудан әкімдері мен жауапты басқарма басшыларына алдағы уақытта бақшалық жерді жергілікті халықтың сұранысына сәйкес жоспарлап дайындауды тапсырған болатын.
Сондай-ақ, дақылдардың нақты су тұтыну нормасына сәйкес су беру кестесін шаруалармен келісіп жасау керек. Тиісті басшыларға егінге су беруді үйлестіріп, жиын-терімге дейін барлық жұмыстарға тұрақты бақылау жасау жүктелді. Сәйкесіне бұл жұмыс жалғасын тауып, 1500 гектарға егіс егу жоспарланып, тиісті жұмыстар жүргізілуінің нәтижесінде қазірдің өзінде жерден түйнек көтерген шаруалар алған өнімдерінен пайда көріп, уақытында бақша дақылдарынан таршылық көрмеуде.
Жалпы қай нәрсе уақытында өзекті болса, сол сала жайында сөз сабақтау артық етпейтінін білеміз. Дала жұмыстарының жандана түсетін уақыты осы кез десек, диқаншы қауым егін егіп, соқаның ұшымен тіршілікке сән беріп, адамзатқа нәр беріп жатыр. Бүгінде бау-бақша егуді тіршілік көзіне айналдырған Арал ауданына қарасты ауылдарда да қарбалас жұмыс жүріп, өнім жинастырып, алтын күздің айтулы науқанына аз да болса үлес қосып жатыр.
Ал бақша дақылдарын егу бойынша да аудан азаматтарының әуесқой тіршілігі қызу қайнап, сала бойынша бейнетінің зейнетін көріп жатқан жандар жетіп артылады. Көктем ауылының тұрғыны Дарханбек Молжігітов те бүгінде өз ауласына егін егіп, балаларын жазғы демалыста осы кәсіпке біршама баулыды. «Бастысы егін егіп, еңбектенсең қара жердің де құр қалдырмасын балаларыма ұғындыру» дейді кейіпкеріміз. Расында мол өнім алып, балаларын еңбекке баулуды көздеген азаматтың балалары осы кәсіпте болашақта береке тапса үміттің ақталғаны емес пе?
–Негізі бақша егудің әдіс-тәсілін Ақбай елді мекенінен үйренген болатынмын.Бұл салада тәжірибелі маманмын дей алмаймын. Алайда азды-көпті тәжірибем балаларыма үлглі көрсетуге жараса болды. Негізі аулама дән егіп, егін суаруды бұрыннан қолға алып келемін. Сатылымға шығармасақ-та уақытында балаларымыздың осы өнімдерді өз бақшамыздан жегені олжа. Осындай мақсатпен биыл тағы да егін егуді қолға алған болатынмын. Биыл егістік көлемін ұлғайтып, тамшылатып суару әдісін қолға алдым. Нәтиже жаман емес.«Не ексең соны орасың» демекші биылғы бақша өзімізге жетерлік жақсы өнім берді. Балаларым Алланың берген несібесін жеп жатыр. Қазіргі таңда Көктем елді мекенінде де 5-6 үй жер асты суы құдықты пайдаланып бау-бақша егуде. Барынша қолымнан келгенше ауылдағы бақшаларға көмектесіп қоямын. Бұл менің өзім қалаған іс болғандықтан бақшаның бабын жасауда миым тынығып, сергіп қалатыным бар, – дейді Көктем ауылының тұрғыны Д.Молжігітов.
Егіншілік кәсіпте еңбегі еленген азаматтардың біз әңгімеге арқау еткен еңбегі лайықты бағалануға тиіс. Себебі халық қажетіне жарайтын жергілікті өнім өсіріп шығаруда олардың еңбегі майдан қыл суырғандай. Қаншама төзім мен ыждақаттылықты қажет ететін мұндай жұмыста диқаншы қауым мақталуы тиіс. Біз бүгін сол диқаншы қауымның бір парасының еңбегін елге жеткізгіміз келді.
А. БИСЕНОВ