Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қант диабетінің алдын алу үшін не істеу керек?

Қант диабетінің алдын алу үшін не істеу керек?

Қант диабеті – қандағы қанттың созылмалы жоғарылауымен (гипергликемия) сипатталатын ауру, ол инсулиннің жеткіліксіз өндірілуі (секрециясы) немесе дене жасушаларының инсулинге сезімталдығының төмендеуі нәтижесінде дамиды. Қант диабетімен ауыратын адамдар саны жылдан-жылға артып жатыр. BAQ.KZ қант диабетінің алдын алу үшін жасалатын шараларды назарға ұсынады.

Қант диабетінің даму қаупінің факторлары:

Отбасында қант диабетімен ауыратын адамның болуы;

Жасы 45-тен асқан адамдар;

Төмен физикалық белсенділік;

Артық салмақ және семіздік;

Артериялық гипертония (жоғары қан қысымы).

Қант диабетінің түрлері

Диабеттің бірінші және екінші типі жиі кездеседі. Қант диабетінің бірінші типі (инсулинге тәуелді) инсулин бөлетін ұйқы безі қызметінің проблемаларымен байланысты. Бұл аутоиммунды ауру: ұйқы безінің біраз жасушасы бұзылады, соның салдарынан қандағы инсулин мөлшері азаяды, көмірсулар сіңуі нашарлайды, глюкоза қанға жинала бастайды, ал бұлшықеттер оны дұрыс алмайды. Диабеттің бұл түрі жиі 30-35 жастағы адамдарда кездеседі.

Қант диабетінің екінші типі (инсулинге тәуелсіз) ұзақ уақытқа дейін еш белгісіз өтеді. Бұл кезде инсулин ағзада жеткілікті, бірақ ол қажет түрде жұмыс істемейді. Екінші типті қант диабеті көбіне жасы 35-тен асқан науқастарда пайда болады.

Бірінші типті қант диабетінің алдын алу жолдары

Бірінші типті қант диабетінің алдын алу мүмкін емес, алайда кей ұсыныстар аурудың даму қаупін тоқтата алады. Әсіресе, қауіп тобында тұрған адамдар оның алдын алу жолдарын сақтау керек. Бірінші типті қант диабетінің алдын алу үшін мына ұсыныстарды орындаңыз:

Дұрыс тамақтану. Тамаққа қосылатын жасанды қосымшалар мөлшерін бақылаңыз, консервіленген, майлы өнімдерді және көмірсуларды азайтыңыз. Рацион әртүрлі және үйлесімді болуы керек. Сондай-ақ жемістер мен көкөністерді көбірек жеңіз.

Инфекциялық және вирустық аурулардың алдын алу. Себебі олар қант диабеті дамуының бір себебі.

Алкогольден және темекіден бас тарту.

Екінші типті қант диабетінің алдын алу жолдары

2-типті қант диабетінің қауіп тобына 45 жастан асқан және қант диабетімен ауыратын туысы бар адамдар жатады. Бұл жағдайда міндетті түрде жарты жылда бір рет глюкоза деңгейін тексеріп тұру керек. Глюкоза деңгейін уақытылы тексеру ауруды ерте стадиясында анықтауға және ем бастап кетуге мүмкіндік береді.

Қант диабеті асқынып кетсе, мынадай салдарларға әкелуі мүмкін:

Көрудің нашарлауы;

Жүрек-қан тамырлар жүйесінің зақымдалуы;

Бүйрек жұмысының нашарлауы.

Қант диабетінің даму себебінің бірі – семіздік болғандықтан, оның алдын алу үшін тамақтануды реттеуден бастаған жөн. Алайда өзіңізді қатаң диеталармен қинауға, аштық жариялауға болмайды. Күніне бірнеше рет, бірақ аз-аздан жеген дұрыс. Қарныңыз ашпаса, тамақ жемеңіз. Мәзірді түрлендіріңіз, оған көкөністер, жемістер қосыңыз. Қуырылған тамақты қайнаған және бұқтырылған тамаққа ауыстырыңыз.

Күнделікті физикалық жүктемелер. Күніне 30 минут болсын физикалық жаттығуларға уақыт бөліңіз. Физикалық жаттығулар зат алмасу процестеріне жағымды әсер етеді. Қант диабетінің алдын алу үшін жаяу жүру, велосипед тебу, билеу, жүзу, футбол ойнау және т.б спорт түрлерімен айналысуға болады.

Жан тыныштығын сақтау. Қант диабетінің алдын алу үшін күйзеліске түспей, эмоциялық жағдайға мән беру керек. Күйзелістер тікелей қан қысымымен байланысты. Оны бақылаңыз. Жоғары артериялық қысым көмірсу алмасу процестерін бұзады.

Жүйелі түрде медициналық тексерістерден өтіңіз. "Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде" демекші кез келген аурудың алдын алудың негізгі әдісі – уақытылы тексерістерден өтіп тұру.

24 тамыз 2023 ж. 172 0