Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Су – тіршілік бастауы

Су – тіршілік бастауы

Адамзаттың тіршілігі үшін ауадан кейінгі қажеттілік су екендігін бәріміз білеміз. Сусыз барлық шаруа тоқтап, тіршіліктің жойылуы да мүмкін. Осы мөлдір сұйықтыққа бар тіршілік тәуелді. Сондықтан барлық жанды су көзімен қамтамасыз ету еліміздің баста мәселелерінің бірі.
Бүгінде Қызылорда, Арал, Қазалы, Байқоңыр қаласы орталықтандырылған ауызсу жүйесіне 100 процент қосылған. Ал облысқа қарасты 230 елді мекеннің 98,1%-ы тіршілік нәрін толықтай тұтына алады. Бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу мақсатында биыл «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары бойынша 23 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Осы жобалардың нәтижесінде жыл соңына дейін ауыл тұрғындарының 98,4% таза ауызсумен қамтылмақ.
Қазіргі таңда қаламыздағы әрбір отбасы орталықтандырылған ауызсу жүйесімен қамтамасыз етілген. Ал елді мекендердің қамтылу деңгейі 82% құрайды. Жыл соңына дейін осы бағытта үлкен 3 жоба жүзеге асырылып, индикаторлық көрсеткіш деңгейін 87%-ға дейін өсіру көзделуде.
Соның бірі «Арал-Сарыбұлақ топтық су құбырының Қосаман-Ақбасты су тармағын салу және Қызылорда облысы, Арал ауданы, Ақбасты елді мекенін сумен жабдықтау» жобасының құрылыс жұмыстары 2021 жылы басталып, таяуда пайдалануға берілу жоспарлануда. Онда 117 шақырым магистральды ауызсу құбыры орнатылып, елді мекен ішіне 8,3 шақырым құбыр жүргізіледі.
Сонымен қатар Көктем елді мекеніндегі ауызсу жүйесінің құрылысына облыстық бюджеттен 311,2 млн теңге бөлініп, «Сапа-Көктем» бағытында магистральды су құбыры тартылып, елді мекендегі су айдау стансасының ішкі құрылғыларын орнату жұмыстары жүргізілуде.
Ағымдағы жылы демеушілік есебінен Мойнақ елді мекеніне жаңадан шахталық құдық қазу жоспарланса, 2023-2024 жылдарда Тастүбек және Құланды елді мекендеріне кешенді блок-модульдер (суды тұшыту аппараты) орнату жоспарланып отыр. Биыл Құланды елді мекеніне блок-модульдер орнатуға мемлекеттік сатып алу жарияланған болатын. Ал Ерімбетжаға елді мекенін орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосу және Сазды, Жіңішкеқұм елді мекендеріне локальді су желілерін жүргізу жұмыстары 2024-2025 жылдарға жоспарланып отыр.
Сондай-ақ Тоқабай, Абай елді мекендерін сумен жабдықтау, Арал-Сарыбұлақ топтық су құбырының Арал-Тоқабай-Абай топтық су құбырымен сумен жабдықтау желісін салу жобасы да биыл өз бастауын алды.
Г. ӘЛНИЯЗИНА

Фото: egemen.kz
10 қыркүйек 2023 ж. 545 0